Гүл есімді арулар
Шыр етіп дүние есігін ашқан сәбиіне ат қоюға келгенде, қазақ халқынан асқан шебер халық жоқ. Оның үстіне, балаға қандай ат қойылса, оның болашақ тағдыры соған тікелей байланысты деген сенім бар. Осы сенімнің негізінде адам есімдерінің сырын зерттейтін антропонимика ғылымы да пайда болған. Бір ғажабы, кейбір елдерде «тағдыр» деген сөздің өзі ат қою деген мағынаны білдіреді екен. Яғни адам тағдыры оның есімін қойған сәттен бастап қалыптасады деседі. Осы орайда әйелдер мен қыз-келіншектерге сыйланатын сыйлықтың төресі – гүл. Оның үстіне, қазақ халқы қыздарының басым бөлігінің аты «гүл» деген сөзбен тікелей байланысты. Ал әрқайсысы бір-бір гүлдің атын иемденген қыз-келіншектердің есімдерінің болмысына әсері қаншалықты...
Роза РЫМБАЕВА, Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
– Жалпы, роза гүлімен ұқсастығым бар деп ойлаймын. Әдетте гүл адамға көтеріңкі көңіл күй сыйлау үшін жаралған ғой. Ал мен әндеріммен тыңдарманға жақсы әсер, көңіл күй сыйлауға тырысамын. Осы жағынан гүлге ұқсастығым бар деп айта аламын.
Райхан ЖҮСІПОВА, ОҚО, Сайрам ауданы №59 орта мектебі бастауыш сыныптарының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі:
– Ата-ана баласына ат қойғанда армандап, ырымдап, не болмаса «сондай болса екен» деген ізгі тілекпен, үмітпен қояды. Сондықтан есімнің адам тағдырында өзіндік рөлі болатын сияқты. Біздің жақта үлкендер жағы кейде «егіздің өз аты (Батба-Зәуре, Асан-Үсен) қойылмағандықтан», не болмаса сәбиге Азамат, Кемеңгер деген есім бергенде, «балаға ауыр ат қойғандықтан, бала аурушаң болды» деп жатады. Демек, адам тағдырында есімнің өзіндік өрнегі бар-ау деймін. Менің есімім гүл атымен аталған. Ал гүл адамға тек қуаныш сыйлайды. Менің де мінезімде гүлмен ұқсастық бар. Қолымнан келгенше ешкімді ренжітпей, шамам жетсе, айналамдағы туған-туысқа, дос-жаранға көмек қолымды созғым келіп тұрамын. Райхан гүлі – тыста өсетін гүл. Сондықтан ба, әйтеуір, үйден гөрі даланы жақсы көремін. Үй жұмысынан гөрі даланың жұмысын істегенді ұнатамын. Білетіндер: «Райхан гүлі көп күтімді талап етпейді», – деседі. Мен де сол сияқты үптеніп-күптенуге, күтінуге онша жоқпын.