Жер шарындағы адамзат санының артуы тағам тапшылығы мен жаппай аштықтың белең алуына әкеп соқтырады деген болжам бар. Осыған сәйкес, гендік модификацияланған өнімдерді тұтыну бүкіл әлем елдерінде тараған деседі. Алайда пайдалы ма, зиянды ма, белгісіз. Себебі ГМО-ның адам денсаулығына әсері әлі толық зерттеліп біткен жоқ.
Гендік модификацияланған өнімдердің қазір кеңінен таралуына біріншіден ғаламдық аштық себеп болып отыр десек, дәл қазір жер бетінде 1 млрд 200 млн адам аштыққа ұшыраған көрінеді. Осыдан бес жыл бұрын шетелдік ғалымдар «ашыққандардың қатары 800 миллионға жетті» деп дабыл қаққан еді, қысқа мерзім ішінде 50%-ға көбейген ашқұрсақтарды аштықтан қорғаудың амалы да осы гендік модификацияланған организмдерді ойлап табуға келіп тірелгенге ұқсайды. Бүгінде әлемдік нарықты гендік инженерияның жемісі – гендік модификацияланған өнімдер жайлаған. Гендік модификацияланған организмдер дегеннің өзі – бір организмнің генін басқа бір өсімдіктің немесе жануардың ДНК-сына енгізіп, трансгенизация жасау арқылы алынатын өнім. Бұл операция организмнің кейбір табиғи қасиеттерін өзгертеді. Мұндай азықты тұтынған адамның ағзасында өзгерістер бола ма, жоқ па ғалымдар нақты айтпайды. Қазір ГМО-ны Қытай, Жапония, Корея, АҚШ сынды елдер өндіреді және мұндай өндіріс жылдан-жылға еселеп өсіп келеді. Бірақ гені өзгерген өнімді тұтынушының ағзасында өзгеріс болмайды деген кепіл жоқ. Шетелдік ғалымдар бірнеше зерттеу жүргізіп, ағзадағы өзгерістен бөлек, бедеуліктің пайда болатынын да анықтаған болатын. Бірақ бұл мәлімдемелер нақты ғылыми-зерттеудің нәтижесі ретінде танылмай отыр. Оның себебі де белгілі. Алпауыт елдердің ГМО-дан тауып отырған пайдасын ескерер болсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының да «тіс жармай» отыруының неден екенін ұғыну қиын емес. Мысалы, дамыған елдердің бірнешеуінде жүргізілген сараптама бойынша, есек пен атты будандастырып алынған жануардан ұрпақ өрбімейтіні анықталды. Гені өзгеріске ұшыраған картопты жеген егеуқұйрық та, жүгеріні жеген тышқанның да көбеймейтіндігі дәлелденді. Бірақ ГМО-ны таратушы негізгі ел АҚШ мойындар емес. Алысқа бармай-ақ қоялық, біздің елде де соңғы жылдары бедеулердің күрт көбеюі білініп отыр. Сарапшылардың айтуынша, оған ГМО-ның да себепші болуы әбден мүмкін.
Игорь Папэ, тәуелсіз сарапшы:
– Қазақстандық әйелдердің 18%-ы құрсақ көтере алмай жүр. Мұндай мәселе әлем елдерінің басымының басында бар. Осыдан-ақ түсінуге болады, АҚШ ГМО-ны белгілі бір саяси сипатта өндіреді. Жер шарындағы адам санын азайту керек, сол үшін. Ғалымдар гені өзгерген өнімдерді жегеннен адам ағзасында өзгерістер болып, ұрпақ жалғастыру тоқталатынын дәлелдеп беріп отырса да, АҚШ-қа бағынышты әлемдік ұйымдар оларды қарсы шықтыңдар деп, көздерін құртып жатыр. Ал жазықсыз, қарапайым халық жапа шегіп жүр.
Айта берсек, ғылыми-зерттеулердің адам шошырлық нәтижелері өте көп. Мысалы: картоп генінің қатарына сарышаян генін қосу нәтижесінде ешқандай жәндік жемейтін картоп түрі, қызанға солтүстік камбаласының генін қосудан аязға төзімді, үсімейтін қызанақ түрі, жалпы аязға төзімді, жәндіктер жемейтін, құрт түспейтін, ұзақ сақталатын, тағысын-тағы қасиеттері бар түрлері алынады. Бүкіл жаратылыс ғасырлар бойы өзі сұрыптап берген, кез келген организмнің өсіп-өнуіне жауапты болып саналатын геномына бөтен генді әкеліп, жасанды жолмен енгізген кезде оның келесі ұрпағы өзгеріске ұшырайды. ГМО-ның дүниежүзіне кең тарап кетуінің кесірінен адамдар мен жануарлар арасында ұрпақсыздықтың дамуы, қатерлі ісік ауруларының көбеюі, тұқым қуалайтын кемтарлықтың ерекше түрлері пайда болуы мүмкін екендігін белгілі ғалымдар дәлелдеген. Тіпті ГМ-жүгері беріп асыраған эксперименттік жануарлардың төлдері 100% өлі туғаны туралы ғылыми нәтиже белгілі бола тұра қорытынды жойылған. Себебі ғалымдардың бұл секілді мәлімдемелерінің жария болуы өндіруші компанияларға тиімсіз. Керек десеңіз, биотехнология саласында зерттеулер жүргізген 500 ғалымның үштен бірі өздерінің анықтаған қорытындысын өзгертуге мәжбүр болғаны туралы мәліметтер де бар екен. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына демеушілік жасаған өндіруші компания өкілдерінің өтінішін орындаған ғалымдардың 17% -ы тапсырыс берушіге ұтымды нәтиже көрсетіп, жалған қорытынды берген, ал 10%-ы қаржылай қыспаққа түсетіндіктен қаймығып, ГМО-ның кері әсерлері жөніндегі ақпаратты жасырған. Бірақ ГМО-ның негізін қалаушы АҚШ-тың Ауыл шаруашылығы министрлігі өз елінде ГМ-күріштің сортын егуге баяғыда-ақ тыйым салған.
Ресейлік ғалымдардың мәліметі
ГМО азықтарын пайдаланудың зияны:
• өте қауіпті аллергиялық реакциялардың пайда болуы. Мысалы: АҚШ-та адамдар ГМО өнімдерін еркін қолданады. Аллергиямен ауыратындар саны 70%-ды құрайды, ал Швецияда – 7% және бұл өнімдерді қолдануға тыйым салынған;
• трансгенді өнімдерді пайдалану асқазанның сілемейлі қабатының құрылымын бұзады. Зат алмасудың бұзылып, иммунитеттің төмендеуіне әкеледі;
• ісік ауруларының көбеюіне себеп болады. Жасушаларды мутацияға ұшыратады.
Қарап отырсақ, ғылыми-зерттеулердің барлығы өзге елдердікі. Бірақ сол өнімді Қазақстан да пайдаланады. Мамандардың айтуынша, біздің елде ГМО-ға тексерістің мүлдем жүргізілмейтінін оны өндірмейтіндігімізбен түсіндіруге болады. Демек біз үшін ГМО-ны өндіруші негізгі ел АҚШ зиянсыз десе, «ГМО зиянсыз» деген сөз.
Төрегелді Шарманов, Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик:
– Шала-шарпы тексеріп, қорытынды жасауға болмайды. Америкада күллі әлемге аты шыққан ғалымдар жетерлік. Олардың саясатпен шаруасы жоқ, өздерінің құнды ғылыми жұмыстарымен бүкіл дүниежүзіне белгілі болды. Әсіресе, бұл елде медицина, физиология, биология саласы қатты дамыған. Мәселен, атақты Нобель сыйлығы пайда болғаннан бері дүниежүзі бойынша 200-ге жуық ғалым алған. Ал оның 100-ге жуығы – американдық ғалымдар. Бұл беделді сыйлық кез келген адамға берілмейді. Трансгенді өнімдерді зиян деп отырған Ресейде екі-ақ адам алған. Міне, осыдан-ақ Америкадағы ғылымның, техниканың жоғары деңгейде дамығанын көруге болады. Осы елдің ғалымдары трансгенді өнімдердің адам денсаулығына қатері жоқ екенін дәлелдеген. Ал енді Ресей ғалымдарының шала-шарпы тексеру жасап, гені модификацияланған өнімдер адамның генін өзгертіп, күрделі ақауларға ұшыратады деп жүргені тіпті күлкілі.
Осылайша еліміздегі бірінші нөмірлі тағамтанушы ғалымымыз гендік модификацияланған өнімдерді жақтап, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Тіпті әлемдік аштық болады десек те, Қазақстанның ұлан-байтақ, кең жеріне астық салып, өнім алсақ, еліміздің 1 млрд адамды қиналмастан асырауға шамасы бар. Бұл да отандық мамандардың мәліметі. Бірақ тағы да сол ашықтан-ашық айтуға қаймығатын қазекем АҚШ-тың «ақ дегенін – алғыс, қара дегенін – қарғыс» деп бас шұлғумен отыр...