Жаратушы Иеміз әр пенденің маңдайына өлшеулі ғұмырын жазып береді дейді. Рас, әрбір адам баласы оған қарсы тұра алмасы анық. Мына жалғаннан тататын дәм-тұзы таусылса, пәни дүниені тәрк етіп, бақилық өмірдің кемесіне мініп жүре береді. Десе де, кейбір жұмыр басты пендеге ғасырдан астам уақыт ғұмыр кешу маңдайына жазылып жатады. Әрине, оны он сегіз мың ғаламның иесі – Алла тағаланың құдіреті демеске шек жоқ. Қазекем қашанда деннің саулығын басты байлық деп бағалаған.
Ендеше, әрдайым оның қадірін жете түсініп, денсаулықты күтсек, ұзақ өмір сүрудің кілтін таба алар едік. Расын айту керек, кезінде біздің халықта 100-ден асқан және оған жетеқабыл жасқа жететін қарияларымыз аз болған жоқ. Тіпті күні кешеге дейін ата-бабаларымыз ең болмағанда 90 жасқа таяп, немере мен шөберенің қолынан май жеп, баянды ғұмырды бұйыртқанына разылық танытатын еді.
Қазіргі таңда солардың қатары сиреп бара жатқаны көзге анық байқалып тұр. Ақсақал дегенде 70-тің жотасынан енді асқан немесе 60-ты алқымдаған азаматтарды айтатын болдық. Бұрын төрде асқар таудай болып 80 мен 90-ның төріне шыққан қазыналы қарттарымыз отыратын. Осының өзінен бүгінгі күні ұзақ жасау екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ па деп қаласың.
Бабаларымыз қанша өмір сүрді?
Қазақ ұзақ өмір сүретін ұлттар қатарына жата ма? Өткенімізге үңілсек, бұған дәйек боларлық деректер аз кездеспейді. Әйгілі қаламгер Лев Толстоймен етене жақын болған танымал ғалым, Харьков университетінің профессоры, биолог Аркадий Якоби біздің халқымыз туралы қызықты дәйектерді жазып кеткен. Қазақтар жайында жазған еңбегінде ол: «Көшпелі өмір мен дәмді тамақ, таза ауа оларды түрлі дерттерден аман алып қалады. Осының арқасында қазақтар 100 жылдан астам өмір сүреді. 70 жасқа келіп, ауырып, ажал тырнағына ілінетіні некен-саяқ» деген екен. Осының өзі біздің бұрынғы кезеңде ұзақ жасаушы ұлттар қатарында болғанымызды айғақтай түседі. Бұл сөздің растығына көзіміз талай жетті. Өйткені 70-тен асқан қариялар қара жұмысты да белі ауырмастан жасағанын көріп өстік. Өкінішке қарай, қазір бұл жасқа келген адамдардың көбі түрлі дерттерге шалдығып жататыны жасырын емес. Рас, кезінде барлығы қолмен жасалды, бүгінгідей техника жоқтың қасы еді. Таң атқаннан күн батқанға дейін бейнеттен бел шешпеген қазақ азаматтары сол еңбек жасауы арқылы өмір жасын ұзарта білді. Ал қазір жұмыстың барлығы дерлік түрлі техникамен жасалады. Адамдардың қимыл-қозғалысы азайып барады. Бұл түрлі дерттердің меңдеуіне алып келетін жағдай екені тағы да белгілі. Арыдан іздемей-ақ қоялық, қазақ халқының ұлық тұтқан үш биінің бірі – Қазыбек би ғасырлық ғұмыр сүрген. Абыздық қасиетімен Алаш жұртын ұйыта білген Жамбыл атамыз да 99 жастан асқанда пәни дүниеден өтті. Сондай-ақ Шалкиіз жырау – 95, күйші Дина Нұрпейісова – 94, Төле би – 93, Кенен Әзірбайұлы 92 жасында бақиға көшті. Осының өзі біздің халқымыздың ертеден ұзақ өмір сүретін ұлттар қатарында болғанын дәлелдей түседі.
Бауыржан Бекбанов, Қызылорда қаласындағы №1 емхананың дәрігері:
– Жалпы алғанда, ұзақ жасау әлеуметтік және биологиялық құбылыс саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы келтірген мәліметке сүйенсек, адам өмірінің ұзақтығы мен денсаулығының 50-60 пайыздан астамы тікелей өзіне қатысты болады. Ата-бабаларымыздың ұзақ өмір сүру себебін іздесек, кезінде олар ас-ауқатқа маңыз беріп қарады. Бүгінгідей емес, тамақтың табиғи түрлерін дастарқанға қойды. Әсіресе қымыз бен қымыран, жылқы етін пайдаланды. Қазіргі таңда әлемдегі дәрігерлер жылқы етінің адам денсаулығына жұғымдылығы жөнінде оң пікірлер білдіріп келеді. Сонымен қатар көнекөз қариялар күнұзақ қара жұмыс жасап, тұла бойын сергек ұстады.
70-ке жетпей жатқандар көп...
Бүгінгі күні әлемде ұзақ жасаушылар жөнінен Жапония мемлекеті алдыңғы орында келеді. Осы күндері бұл елде жасы жүзден асқан 40 мыңнан астам қария бар екен. Ал Еуропаның озық елдері саналатын Голландия, Швеция, Швейцария, Германияда орташа өмір сүру ұзақтығы 75-85 жасты маңайлап тұр. Ал Қазақстанда ол 70 жастан аспай тұр. Жалпы, ұзақтығы 70-тен асқан жандар егде адамдар қатарына жатқызылады. Мамандардың айтуынша, ол алдағы жылдарда тағы да 2-3 жасқа көтеріледі. Дегенмен бұл орайда бізде арнайы бағдарлама жоқтығы байқалып тұр. Тіпті жасы 100-ден асқан қариялардың өмір сүру қабілетін зерттеп жүрген кім бар? Қазақстандағы 2009 жылғы ұлттық санақ бойынша ғасырлық ғұмыр кешкен қариялар саны 700-ден асқан екен. Ғалымдар осыдан жарты ғасырдай бұрынғы санақтарда аталмыш көрсеткіш бұдан 2-3 есеге дейін көп болғанын айтады.
Зерттеуге қашан зер саламыз?
Соңғы санақ бойынша ұзақ өмір сүргендер қатары еліміздің таулы аймақтарында басым болғаны аңғарылды. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарында көбірек көрініс берген. Бәлкім, таудың саф ауасы адам өмірін ұзартуға әсер ететін шығар. Дегенмен сол санақ кезінде Сыр өңірінде 22 адамның жасы 100-ден асқаны тіркелген. Бір қызығы, олардың 12-сі Арал, Қазалы аудандарында тұрады екен. Өкініштісі, бұл тақырыпты тереңнен зерттеп жүрген ғалымдар некен-саяқ. Сол зерттеуді көпшілік арасына кеңірек насихаттай алсақ, біздің еліміз де ұзақ жасайтын мемлекеттер қатарынан орнын ойып алады деуге толық негіз бар.
Ғасырлық ғұмыр жасаған қарияларға қандай қамқорлық көрсетіп жүрміз? Бұл орайда да ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже жоқ. Тіпті оған қалыпты жағдай есебінде қарайтын әдетіміз тағы бар. Олар 100 жасқа толғанында билік басындағы кейбір азаматтар хал-жағдайын сұраудың өзіне немқұрайды қарайды. Қысқаша айтқанда, бізде көп жасаған қариялар мәселесі ұмыт қалып тұрған жайы бар.
Ғасыр жасаған қарияларымызды қадірлей алып отырмыз ба?
Последние статьи автора