Алматыдағы «Спутник» кинотеатрында «Ғашық жүрек» атты жаңа телетоптаманың бірінші сериясының көрсетілімі болып өтті. Бұл телехикая көпшілікке белгілі «Ғашық жүрек» және «Ғашық жүрек-2» фильмдерінің желісі бойынша түсірілген. Аталмыш екі картина 2010-2011 жылдардың нәтижесі бойынша ең табысты фильм болып есептеледі. Сол тұста кинопрокатта қос фильм рекорд жасаған. «Енді соңғы түсірілген «Ғашық жүрек» те көпшілік көрермендердің көңілінен шығып, ыстық ықыласына бөленеді деп ойлаймыз», – дейді жобаны жасаушылар.
Телехикаяда балалар үйінде тәрбиеленген кішкентай талантты қыздың өмірі суреттеледі. Жоғарыда айтылған қос фильмді көрген дарынды қыз балалар үйінің тәрбиеленушісі бола тұра, үлкен сахнаға шығуға болатынын түсінеді. Кішкентайынан өмірдің көлеңке тұстарын көп көрген жетім балдырған үшін нағыз күрес басталады. Ол табиғатында талантты екенін жақсы біледі. Сондықтан да кинодағы кейіпкердің тағдырын қайталағысы келеді. Бұл қарапайым сериал емес, бұл – әлеуметтік жүгі бар, айтар ойымен қоғамға қозғау салатын бағыты бар сериал.
Сонымен қатар, телехикаяда белгілі тележүргізуші Баян Есентаеваның өмірбаяндық желісі қарастырылған. Оның продюсерлікке қалай келгені, сахнаның сыртындағы өмірде болатын сатқындық пен алауыздық, әділдік пен әділетсіздік жайында көрерменге шынайы мәліметтер беріледі.
Басты кейіпкерлермен қатар, қаншама адамның тағдыры, бірнеше кезеңнің бет бейнесі суреттеледі. Тағы бір айта кететін жайт, бұл телехикаяда кейіпкерлердің кішкентай кезінен бастап, ересек шағына дейін көрсетіледі. Демек, актерлердің сырт келбетіндегі ұқсастық, ішкі үйлесімділік мәселесі басты назарда болған. Телесериал әдемі әуенге бай. Халық әндерінен бастап, 80-90-жылдардың хит әндері, сонымен қатар, осы сериалға арнайы жазылған музыкалық шығармалар қолданылады.
«Ғашық жүректің» алғашқы көрсетілімінде шығармашылық топ көрермендермен бұл жобаның ерекшеліктерімен, ал актерлер өз пікірлерімен бөлісті.
–Біз тек қана сапалы өнімді ұсынып отырған жоқпыз, біздің ең басты мақсат – жетімдер үйіндегі балалар, олардың ауыр тағдыры мен шыңдалған мінездерін көрсетіп, жұртшылықтың назарын осы бір өзекті мәселеге аударғымыз келді,– дейді «Ел арна» телеарнасының директоры Айгүл МҮКЕЙ.
Шығармашылық топ жетім қыздың оқиғасын негізге ала отырып, әлеуметтік мәселелерді көтеріп, кейбір тәрбиешілердің зорлық-зомбылықтары, жалпы, өмірдің қуанышы мен қайғысын, суығы мен ыстығын көрсетумен ерекшеленеді. Телехикая мазмұны, сюжеті – қазақтікі, фильм қазақ тілінде. Алайда ара-арасында орысша диалогтерді де кездестіруге болады.
Баян ЕСЕНТАЕВА, «Ғашық жүрек» фильмінің продюсері:
–Топтаманың түсірілімі біз үшін қарым-қатынас мектебі болды. Біз балалар үйінде тұрдық, олармен бірге түні бойы ұйықтамай, олар қуанса – қуандық, қиналса – қиналдық. Қалай десек те, біз сапалы топтаманы түсіруге болатынын дәлелдедік. Бұл фильм – музыкалық жоба. Топтаманың ресми саундтрегінің өзі кез келген адамды елжіретпей қоймайды. Халық әндері, өлеңдер, авторлық туындылар – жүректі әлі бірнеше рет сыздатады.
Әсел ІЗБАСАРОВА, «Дара» қайырымдылық қорының президенті:
–Бұл топтама біз күнделікті жұмыс істейтін балалар жайында болып отыр. Өкінішке қарай, балалар үйінің тәрбиеленушілері мектеп-интернатынан тыс өмірге бейімделмеген. Сондықтан біздің қоғам оларға әрдайым көмектесіп, қолдау көрсетуі керек.
Бізде отандық телесериалдар жоқ емес, бар. Алайда олардың барлығы дерлік корейдің не түріктің сериалдары секілді көпшілікті жаппай баурап алады деп айта алмаймыз. Енді шетелдің сериалдарынан жалыққан көпшілік көрерменнің назары өзіміздің «Ғашық жүрек» атты телетуындымызға жаппай ауады деген сенім бар.
Айта кетейік, енді бұл топтама «Ел арна» телеарнасынан 15 қазаннан бастап дүйсенбі мен бейсенбі аралығында көрсетілетін болады.
Ғашық жүрек сериалын тамашалар күн жақын
Последние статьи автора