Еуропадағы Қарсыласу қозғалысына қатысқан қазақтар
Еуропа елдерiндегi антифашистік Қарсыласу қозғалысы
Еуропадағы антифашистік Қарсыласу қозғалысы – Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында айрықша орын алатын құбылыс. Қозғалыс фашистер Польшаны басып алған бойда-ақ басталды. 1941 жылдың маусымына дейін бұл қозғалыс Еуропаның Германия басып алған барлық елдерін қамтыды. Антигитлерлік одақтың құрылуы және 1942-1943 жылдардағы кеңес әскерлерінің ірі жеңістері фашистiк Германия басып алған елдерде «жаңа тәртiпке» қарсы қозғалысты күшейте түсті. «Жаңа тәртiп» тәуелсiздiк пен егемендiктi жоюға, демократиялық бостандықты жоюға, елдiң экономикасын соғыс мақсатына пайдалануға және халықтың көп бөлiгiн концлагерьге айдауға негiзделген едi. Бухенвальд, Дахау, Заксенхаузен, Равенсбрюк, Освенцим, Маутхаузен т. б. концлагерьлерде 18 миллион адам қамалып, оның 11 миллионы өлтiрiлдi. Еуропаның және Кеңес Одағының миллиондаған тұрғыны Германияға жұмысқа айдалды. Сондықтан фашистік үстемдікке қарсы күрес Еуропаның барлық елдерін қамтыды. 1943 жылы мамыр айында Коминтерннiң Атқару Комитетiнiң Президиумы Коммунистiк Интернационалды тарату туралы шешiм қабылдады. Бұл барлық антифашистiк күштердiң саяси көзқарасы мен идеялық тұжырымдамасының әртүрлiлiгiне қарамай, бiрiгiп күресуiне себебiн тигiздi. Қарсыласу қозғалысы фашистiк одақтың тылындағы қаhарлы күшке айналды. Күреске алуан түрлi саяси партиялардың мүшелерi, партияда жоқтар, жұмысшылар, шаруалар, зиялылар, жастар, жалпы айтқанда, халықтың барлық әлеуметтік топтарының өкілдері қатысты. Сондықтан Еуропадағы Қарсыласу қозғалысын жаппай халықтық сипат алған тарихи құбылыс деп айтуға болады.
Франциядағы Қарсыласу қозғалысына қатысқан қазақтар: (солдан оңға қарай)
Сарман Жұмашев, Әлиасқар Жұмағұлов, Қандаза Жауымбаев
(Альби қаласы, Франция, 1945 жылдың 15 ақпаны)
Кеңес азаматтарының Еуропадағы Қарсыласу қозғалысына қатысуы
Фашистер басып алған елдердегі және Германияның өз жеріндегі Қарсыласу қозғалысына тұтқыннан қашқан кеңес жауынгерлері мен офицерлері және Германияның жеріне қара жұмысқа пайдалануға зорлықпен әкелінген кеңес азаматтары да қатысты. Неміс мұрағатының құжаттары бойынша, кеңес тұтқындарының арасында лагерьден қашу аса жиі құбылыс болғаны белгілі. Еуропа елдеріндегі Қарсыласу қозғалысының қатарында тұтқыннан қашқан 40 мыңнан астам кеңес жауынгерлері мен офицерлері болды, олардың 18 мыңы – Польшада, 6 мыңы – Югославияда, 5 мыңы – Италияда, 3 мыңы – Чехословакияда, 3 мыңы – Францияда, 800-і Бельгияда шайқасты. Соғыс жылдарында фашистер Кеңес Одағы жерінен жұмыс күші ретінде пайдалану үшін 5 миллионға жуық азаматты зорлықпен алып кеткен болатын, олардың да бір бөлігі қашып, Еуропа елдеріндегі партизандардың қатарын толықтырды.
Кеңес тұтқындары фашистік тажалдың өз ұясында – Германия жеріндегі қарапайым неміс халқының азаттық қозғалысына өзіндік үлесін қосты. Берлин және Нюрнберг аудандарының партизандық топтары қатарында «Соғыс тұтқындарының туысқандық ынтымағы» ұйымы әрекет жасады. Берген-Бельзен және Ральпингбостель астыртын ұйымдарының қатарында кеңес азаматтары болды.
Еуропа елдеріндегі Қарсыласу қозғалысына қатысқан кеңес азаматтары қатарында қазақстандықтар да баршылық еді. Италиядағы «Гуидо Боскальо» партизандық бригадасының қатарында 90 қазақстандық болған. Югославия халық-азаттық әскері қатарындағы кеңестік бригадада 1500 жауынгер болды, оның ішінде 70 қазақ, 25 өзбек, 10 түрікмен, 10 тәжік, 5 қырғыз болғаны туралы мәліметтер бар. Бригаданың қолбасшысы А.Н.Дьяченко болды, ал 2-батальонды қазақ Бейсен Раисов басқарды. Югославия халық-азаттық әскері қатарында Кәкімжан Жәрдемов, Оспан Шілдебаев, Төлеубай Шөкеев, Арық Есентаев, Есімбай Есамберлинов, Бейсен Раисов, Жәнібек Бағытов, Сәбит Куламяров, Рамазан Ерғалиевтер шайқасты. Бельгиядағы партизандық бригада құрамында Өтеген Абдуллин, Сейілхан Ғабдуллин, Польшадағы партизандар қатарында Жұбан Сұранқұлов, Италиядағы «Фри-Юли» партизандық бригадасында Төлтай Шанов, Жәнібек Бағытов, Чехословакиядағы партизан бөлімдерінде Әлихан Көшіков, С.Төлешов, болгар партизандары қатарында Зиямат Хұсанов тағы басқа қазақ жауынгерлері болды. Жалпы алғанда, Еуропа халықтарының Қарсыласу қозғалысына қатысқан қазақтардың көпшілігі француз партизан бөлімдерінің құрамында болғаны байқалады.
Қазақстар Францияны азат етуге атсалысты
Францияда Қарсыласу қозғалысын генерал Шарль де Голль жетекшiлiгiндегi Орталық басқарды. Шарль де Голль «Күресушi Франция» деп аталған қарулы күштер жасақтады. Алғашында мың адамнан құралған бұл қарулы топ кейіннен сан мыңдаған француздарды, тұтқыннан қашқан кеңес адамдарын және Еуропаның бірқатар халқының өкілдерін қамтыған үлкен күшке айналды. Дуайт Эйзенхауердің айтуынша, француз қарсыласу күштері жаудың шамамен 15 дивизияға жететін қарулы күштерін үнемі алаңдатып, олардың антигитлерлік одақтың тұрақты әскерлеріне қарсы пайдаланылуына кедергі жасады. Фашистерге қарсы күресте Францияның оңтүстігіндегі партизандық бөлімдердің рөлі айрықша болды, олар осы жерге ағылшын-американ десантының аман-есен түсуін ғана қамтамасыз етіп қойған жоқ, сонымен қатар одақтастардың көмегін күтпей-ақ бірқатар француз қалаларын азат етті.
Францияда кеңес тұтқындарынан екі партизан полкі құрылған. Оның біреуі – Марсель ауданында, екіншісі Альби ауданында шайқасқан. Қазақтардың басым бөлігі осы Екінші кеңестік партизан полкінің құрамында (бұл алғашында Бірінші полк болған) Альби ауданындағы шайқастарға қатысқан. Екінші кеңес партизандық полкінде 300-ге жуық қазақ болған деген мәлімет бар. Осы Екінші полктің құрамындағы бір партизан отрядының құрамында 70 қазақ болған. Бұл отрядты Зүнан Жаманқұлов басқарған. 1944 жылы Альби қаласында 7 қарашада қазан төңкерісінің 27 жылдығын атап өту митингісі болғанда, Альбиде тұрған партизан полкінің комиссары Әбу Молдағалиевке баяндама жасауды тапсырған. Бұл баяндама келесі күні (8 қараша) Альбидің газетіне Молдағалиевтің суретімен қоса басылып шыққан. Құсайынов Шәміл Хасанұлы тұтқыннан қашқан соң, француз майоры Фокс басқарған партизан отрядына келіп қосылған да, бірқатар ірі шайқастарға қатысқан. Осы шайқастардағы ерлігінің белгісі ретінде Құсайынов Шәміл «Қарсыласу қозғалысына қатысқаны үшін» және «Францияны азат етуші» деп аталған француз ордендерімен наградталған. Жұманиязов Қадымның партизандық күрес кезінде жазған күнделігі болған, ол 1948 жылы қайтыс болды. Баласы Зауыр Жұманиязов 1967 жылы Қазақ политехникалық институтында бірінші курс оқып жүргенінде, әкесі туралы айтқан әңгімесі, күнделіктен үзінділер «Қазақстан пионері» газетінде басылған. Жұманиязов өзінің күнделігінде Бірінші партизан полкі негізінен қазақтар мен грузиндерден құралғандығын жазады. Әуелі рота, одан кейін батальон басқарған Қабыш Омаров 1944 жылдың күзінде Шарль де Голльдің өз қолынан орден алған. Ахмет Бектаев Францияның азат етілуінің 50 жылдығын тойлау мерекесіне қатысуға Францияға барған, сол кезде La Depehe газетінде ол кісі туралы мақала басылған екен. Францияда құрылған кеңес партизандық полкінде Манас Нұғыманов, Әбу Молдағалиев, Ахмет Бектаев, Зұнан Жаманқұлов, Ханзада Жауынбаев, Сарман Жұмашев, Әлиасқар Жұмағұлов, Нығмет Ильясов, Өтеулі Бейсенғалиев және басқа көптеген қазақтар қатысты. Соғыстан кейін Қазақ- станға оралып, отбасымен қауышып, бейбіт еңбекке араласып, бала-шаға, немере сүйген осы партизандардың бірқатарының өмірі, француз жеріндегі ерлік күресі туралы мақалалар баспасөз бетінде жарық көрді. Алайда француз жерін азат етуге қатысқандардың ішінде кезінде аталмай қалған партизандар да бар.
Кеңестік замандағы ресми үгіт-насихаттың нәтижесінде, тұтқынға түсу сатқындықпен парапар деген түсінік қалыптасты. Соғыста қаны мен жанын беріп аямай алысқан, бірақ қапияда қолға түсіп қалған арыстай азаматтардың бетіне шіркеу түсті. Олардың ақ-қарасын айырып, арына түскен таңбадан арылтуға жол берілген жоқ, осылайша қаншама адамның Отанына сіңірген еңбегі ескерілмей қалды. Еңбегін ескермек түгіл, тұтқында болғандығының сылтауымен оларды партия қатарынан шығарып, жұмыстан қуып, әлекке салды, көпшілігін негізсіз жаламен лагерьге айдады.
Осындай жазықсыз жапа шеккендердің ішінде ақтөбелік Қандаза Жауымбаев та бар еді. Ақтөбедегі теміржол техникумын бітірген бойда майданға жіберілген 18 жасар жас жігіт Воронеж түбіндегі шайқаста контузия алып, ес-түссіз қалпында жау қолына түскен. Фашистер кеңес тұтқындарының үлкен тобын аш қалпында, жаяу айдап, Хорол лагеріне әкелді. Бірнеше күннен кейін тұтқындарды тағы да жаяу жорыққа алып шықты, бұл жолы олар Германиядағы Нойхаммер лагеріне дейін айдалды. Воронежден Нойхаммерге дейінгі ауыр да азапты жолдан аман қалған тұтқындар ішінде Жауымбаев та бар еді. Нойхаммерде ұзақ уақыт тұтқынның тозағын басынан өткізіп, тірі қалған Жауымбаевты іріктеліп алынған жас және жұмысқа жарамдылардың қатарына қосып, Солтүстік Италияда, Истрада ораналасқан неміс базасына алып келіп, қираған көпірді, оқ-дәрі қоймаларын қалпына келтіру жұмысына салған. Кеңестік соғыс тұтқындары бұл жерде фашистердің ұрып-соғуынан да, одақтастардың бомбалауынан да қазаға ұшырап жатты.
Кеңес тұтқындары жергілікті партизандарымен байланыс жасап, қашуға дайындалды. Жоспар бойынша тұтқындар барактардан бірнеше топқа бөлініп қашып шығып, орманда жолығуға тиісті болатын. Алайда бір топ қана қашып үлгеріп, басқа топтарды фашистер бөгеп қалды. Осы соңғы топта болған Жауымбаев тағы да фашистік азаптау мен ұрып-соғуды басынан кешірді. Қанша азаптаса да, қашқандардың кіммен байланыс жасағанын және қайда кеткенін біле алмаған фашистер қалған тұтқындарды вагондарға мал сияқты тиеп, Францияға аттандырды. «Тар вагонда 55 адам иін тіресіп тұрдық, отыру мүмкін емес болатын. Болашақта қандай тағдыр күтіп тұрғанын білмейміз», – деп суреттейді бұл күндерін Қандаза аға (ғазиз жан 2007 жылы қайтыс болды). Франция жеріндегі бір стансыда бомбалау басталғанда, француз жұмысшыларының бірі вагондарды ашып жіберген, тұтқындар жапа-тармағай түсіп, жан-жаққа қашқан. «Орманда бір-бірімізді тауып алып, 13 адам бірігіп, орманның ішін кезіп, партизандарды іздедік. Аш болдық, айрықша шаршадық, бір күні бес неміс солдаты отырған арбаны көріп қалдық. Біз жапа-тармағай жүгіріп келгенімізде, немістер қол көтерді. Біз оларды байлап тастадық та, арбадағы азық-түлікті алып, орманның қалың тұсына бет алдық», – деп еске алады ағамыз. Орманды біраз күн кезген кеңестік тұтқындар ақыры Альби маңында француз партизандарына жолығады. Бұл 1944 жылдың жазы болатын. Жауынгер Қандаза Жауымбаев 1-кеңестік партизан полкі қатарында Альбиді, Тулузаны тағы басқа француз жерлерін азат етуге қатысқан. 1-кеңестік партизан полкінің құрамында Жауымбаев Тулузадағы жеңіс шеруіне қатысқан.
Соғыс аяқталған соң француз қарсыласу күштері құрамындағы кеңестік партизан бөлімдеріне генерал-лейтенант Вихров келіп, жай-күйлерімен танысып, «егер туыстарыңа хат жазсаңдар, жеткізіп бере аламыз» деген. Қ.Жауымбаев үш жыл бойы хабарласа алмаған әке-шешесіне хат жазып берген. Бір ғажабы – сол хатты оның әке-шешесі алып, балаларының тірі екендігін білген екен.
1945 жылдың шілдесінде репатриация басталған. Сол жылы қараша айында Жауымбаев та елге қайтқан. КСРО жеріне келген бойда оларды Ішкі істер халық комиссариатының тексеру лагеріне жіберген. Лагерьде жауға қызмет етпеген тұтқындарды анықтап, солардың ішінен жас және денсаулығы дұрыстауларын іріктеп алып, Кемерово облысына ағаш дайындауға алып кеткен. Осы топта болған Жауымбаев еліне 1946 жылдың тамызында қайтқан. Вагон жөндеу депосында бухгалтердің көмекшісі болып жұмыс істеп жүрген Жауымбаев 1948 жылы жаламен ұсталған. Жапқан жаласы – депоның бухгалтері бұрынғы Тухачевскийдің ісімен жер аударылған болып шыққан да, Жауымбаевты сол «халық жауын» бұрыннан біледі деп айыптаған. Тухачевскийдің ісі басталғанда, Жауымбаевтың 13-14 жастағы бала болғанын еске алсақ, бұл айыптың қаншалықты негізсіздігін түсіну қиын емес. Содан Қарағанды лагерінде сегіз жыл отырған Жауымбаев тек 1955 жылы ғана ауылына қайтқан. Алайда оған Францияда Қарсыласу қозғалысына қатысқанын көрсететін құжаттарын қайтармаған. 1993 жылдан бастап, 10 жыл бойы әртүрлі мекемелерге хат жазып жүріп, ағамыз құжаттарын 2003 жылы ғана қайтарып алған.
Қазақстанның Еуропа халықтарының Қарсыласу қозғалысына қатысқан азаматтарын сол елдердің жаңа толқын ұрпағы да қастерлеп еске алады. Мәселен, жақында ғана Италияны фашизмнен азат ету күресіне қатысқан қазақстандықтарға арнап Триесте ескерткіші орнатылды. Осы мақаладағы мәліметтерге қарасаңыз, Еуропадағы партизан қазақстандықтардың ең көп бөлігі Францияда болған шайқастарға қатысқан. Ал біз – қазір егеменді елміз, сондықтан Францияда қазақстандықтарға арналған жеке ескерткіш қойсақ та болар еді.