Есепке іліккен жезөкшелер неге аз?
Бүгінде жеңіл жолмен ақша тауып, нәпақасын арттырғысы келгендер жеңгетайлықты қолай көретіндей. Аңқау қыздарды алдап, торына түсіріп, соның есебінен теңгесін екі еселеуді мұрат тұтатын сықылды. Осындай жеңгетайлардың жолын кеспек ниетпен жуырда Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы адам саудасы жайтын анықтау және еңбек пен жеңсікқұмарлық құлдығына қарсы «Трафикке тосқауыл» атты жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізген болатын.
Жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Шымкент қаласының аумағында орналасқан көңіл көтеретін орындар, қонақ үйлер және сауналарды сүзгіден өткізіп шықты. Жүргізілген профилактикалық іс-шара барысында, полиция қызметкерлері жеңгетайлық бойынша 6 жайтты анықтады. Шымкент қаласында тәртіп сақшылары, жеңіл жүрісті қызды интимдік қызмет көрсетуге шақырғаны үшін, ол қыздан сыйақы ретінде екі мың теңге алды деген күдікпен, мекеменің әкімшісін құрықтады. Аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 309-бабы «Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық» дәйегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған бап ҚР ҚК-сі бойынша жеке мүлкін тәркілеу және бес жыл бас бостандығынан айыру қарастырылуда. Ағымдағы жылдың басынан бері ОҚО ІІД жеңгетайлық және притонды ұйымдастыру дәйегі бойынша 7 жайтқа байланысты қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, «Трафикке тосқауыл» атты жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында, тәртіп сақшылары 30 жеңіл жүрісті қыздарды есепке алған.