Бүгінде кішінің де, үлкеннің де телміретіні теледидар болғандықтан, кейде, жасыратыны жоқ, баланың ата-анадан, ата-анасының баласынан қысылатын кездері жиі болып тұрады. Кей отбасыларда экраннан сүйісу, аймаласу, не одан да зор анайылау көріністер болғанда, баласына «көзіңді жұм, қарамай тұра тұр» деген сынды «тыйымсымақтарды» салып жататыны бар. «Қатаңдау» ата-ана, бәлкім, баласына «басқа бөлмеге бар» дер. Сөйтіп, тәрбиелеген болады. Алайда компьютер мен интернеттің, не DVD-дискілердің қарқын алып тұрған дәуірінде мұндай тыйымдармен баламызды тәрбиелеу жұмыстарын көгерте алмайтын сияқтымыз.
Бүгінде не көп, прокат нүктелері көп, DVD-дискілерді де табу оңай. Құшақ-құшақ бейнефильмдердің сол балалардың қолында жүргеніне шүбә келтірмеңіз. Былыққа толы интернеттің құлағында ойнайтын да – ойын баласы.
Кеңес дәуірінде, тіпті ол кезең құлдырап, ел еңсесін тіктеген жылдары да түнгі бейнесеанстар сәнге айналған-ды. Әдетте түнгі қойылымдарда, жасыратыны жоқ, негізінен, порнофильмдер де көрсетіліп жататын. Алайда «жәдігерге» айналып бара жатқан кассеталы бейнемагнитофондардың орнын бүгінде ДВД-ойнатқыштар басып, шыны керек, анайы фильмдерді «ниеті» бар адам қиналмай-ақ тауып алады. Қаладағы қаптап кеткен ДВД прокат нүктелерінің сенімді клиентіне айналсаңыз, діттеген фильмдеріңізді, жаңадан шығып жатқанымен қоса, еш қиындықсыз көре аласыз.
Ақтөбенің Орталық базары маңында (Алматының «Көк базары» мен «Жетім бұрышында» да сол көрініс – А.А.) қорапқа салып алып, самса сатқандай арзан, сапасыз дискілерді сатып жүргендерді жиі кездестіреміз. Тауары – 300 теңге (ал лицензиялы дискілер – 1000 теңгенің о жақ, бұ жағы) шамасында. Сұрастыра келе, «ерекше» тауарды да табуға болады. Бағасы – қымбаттау, 600-1000 теңгеден. Бұл даладағы сауда делік...
Ал прокат орындарындағы жайтқа келсек, Ақтөбедегі бір бейнепрокат желісінің жетекшісін сөзге тартқан едік.
– Іздеген адам керегін табады. Жалпы, прокат нүктелері жасөспірімдерге, компьютерді еркін меңгергендерге арнайы тапсырыс жасайды. Олар интернеттен қажетті фильмдерді жазып әкеледі. Сондай-ақ Ақтөбеге мұндай дискілер Ресейден, Ташкенттен, Шымкент жақтан әкелінеді. Прокат орындарынан порнографиялық сипаттағы фильмдерді іздеп келетіндер де – негізінен, жоғары сынып оқушылары мен орта жастан асқан азаматтар. Ондай клиенттерді бірден аңғаруға болады. Іште адамдардың азайғанын, не мүлдем болмағанын тосып тұрады. Сөйтіп, оңашада, онда да сыбырлап, сұрайды. Бірақ прокат қызметкерлері де сақ болады. Сондықтан тұрақты, сенімді клиенттермен жұмыс істейді. Тіпті «жаңа фильмдер түсіп жатса, хабар берсін» деп телефон нөмірлерін тастап кететін клиенттер де бар, – дейді әңгімелесушіміз.
Порноөнім тек фильм арқылы емес, газет-журнал арқылы да таралады. Қайсыбір жылы анайы басылымдарды көрінбейтін қалтаға орап, арнайы орындарда сату керектігі кеңінен айтыла бастады. Тіпті ірілі-ұсақты елді мекендерде ол үшін орын қаралады десті. Алайда бүгінде қайсысының анайы, қайсысына рұқсат етілгендігінен жаңыла бастайсың. Газет дүңгіршегінде баяғы тұрған жалаңаш қыздардың суреті бар журналдар сол тұрғаны әлі тұр. Соңғы кезде әйгілі Playboy да сөредегі өзге басылымдарды ығыстыра бастаған сыңайлы. Шымкенттік газеттер де қалысар емес. Сондағы тыйымдар қайда, неге қолданылмай жатыр?
Реті келгенде қалалық әкімдіктің осы тақырыпта кезінде толассыз хат-хабар алып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тиіс қызметкерімен сөйлескен едік. Жасы біршамаға келіп қалған ол арнайы сауда орындарын аралап шыққанын да жасырмайды. Жас ерекшелігіне байланысты біраз жүріп, ақыры айналасында адам жоқ-ау деген сәтті пайдаланып, бірнеше эротикалық мазмұндағы басылымды сатып алғанын айтады. Бағалары да осал емес. 500 теңгеден 700, кейбірі тіпті 1000 теңгеден асады. Әйтеуір алып шығады. Үйге келіп, өзінше сараптама жасамақ болған ол ондағы материалдарда еш анайылықтың белгісін байқамағанын айтады.
– Тек мұқабасында жалаңаш қыздар болмағанда, ішінде – күнделікті тұрмысқа қажетті кеңестер, қызықты материалдар, – дейді ол. Бұл – әкімдік қызметкерінің сөзі. Не күл, не жыла!
Қалай болғанда да, бізде бүгінде мұндай журналды сараптап жатқан орын жоқ секілді.
Бізге барлық бұзақылық Батыстан келді дегеннің өзінде, бірқатар Батыс елдерінде порнографиялық, моральға жат туындыларды таратуға тыйым қарастырылған. Австрия мен Нидерланды елдерінде заң қатал.
Канада Жоғарғы соты порнографиядан әйелдер мен балаларға зиян келеді деп тауыпты, мұндай өнімді таратқандар бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қытайда интернетте виртуалды полицейлер жұмыс істейді. Дүниежүзілік ғаламтордағы порносайттарды әлгі екі сақшы бірден жауып отырады.
Ал көршілес Ресейде порнография мен эротиканы бір-бірінен ажырата алмай әлек. Бізде де осы екі түсінікті көп шатастырады. Рас, заңда екеуіне екі түсінік берілген. Дегенмен қай-қайсысы да – қазақ шаңырағының менталитетіне кереғар ұғымдар.
Қандай да бір түсініктеме алу мақсатында Облыстық ішкі істер департаментіне жолықтық. «Онымен әділет департаменті айналысады», – деп жылы шығарып салды. Ал соңғы аталғандары «кейін, кейін» деуден қолы тимеді. Соңғы бірнеше жылда анайы мазмұнда фильм тәркілеп, шара қолданыпты дегенді, шыны керек, естімеппіз.
Заманының баласы техниканы да игеруде кенде емес. Ғаламторды кезіп жүрген жасөспірімді бақылап отырған ешкім жоқ. KazNet-тің де анайы сайттарды саралап жатқаны шамалы. «Сүзгісі» болмаған соң, нәпсіге ерік беретін жан интернетті кезіп-ақ, порносайттардың түр-түріне кезігеді. Қазақстанда ақпарат соғысымен алысып жатқан құзырлы орындар анайы парақшаларды сүзгілеуді ойға алмаса керек. Бүгінде елдегі барлық дерлік орта мектеп ғаламторға жалғанып жатқанын лауазымды адамдар ескерер ме екен? Өйткені соңғы бес-алты жылдың шамасында интернеттегі «кезбелердің» жас шамаларының «жасарып» жатқанын аңғару қиын емес.