Қазақстандағы отбасылардың шамамен 15 пайызы бала сүюге қабілетсіз. Оның басты себептерінің бірі – ер мен әйелдің бедеулігі. Мамандардың сөзіне қарағанда, соңғы жылдары әсіресе белсіз еркектердің саны артып барады. Сондықтан ер-азаматтардың денсаулығы туралы сөз қозғау маңызды болып табылады.
Жалпы, қоғамда нәзік жандылардың саны ерлерден артық екені белгілі. Қазақстанда әр ер адамға алты-жеті әйел азаматынан келеді деген пікірлер де жоқ емес. Алайда бұл статистикаға қарап, елімізде ұл балалардың туылу көрсеткіші төмен деп санауға болмайды. Ер-азаматтардың қоғамда аз болатын себебі, олар жасы ұлғая келе түрлі кеселге шалдығып немесе теріс қылықтарға бой алдырып, әйелдерге қарағанда ерте көз жұмады. Сөзіміз дәлелді болу үшін статистикалық дерекке назар аударайық. Мәселен, псиоактивті заттарды қолдану бойынша есепте тұрғандардың 88 пайызы, спиртті ішімдік қолданатындардың шамамен 89 пайызы, АҚТҚ инфекциясын жұқтырғандардың мөлшермен 71,9 пайызы, сифилиске шалдыққандардың 51 пайызы ерлер екен. Сондай-ақ жыл сайын республикамызда 152 мыңға жуық адам қайтыс болатын болса, оның 56,8 пайызы ерлердің үлесіне тиеді. Еркектер денсаулығына қатысты екінші бір үлкен проблема – бедеулік ауруының белең алып бара жатқандығы. Мамандардың айтуынша, жуырда Урология ғылыми орталығы ерлердің репродуктивтік жүйесінің жай-күйін шынайы бағалау үшін 24 000-нан астам еркекке тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесінде әрбір екінші еркектің белсіздік ауруына қатысы бар екені, әрбір үшінші еркектің бала ұрықтандыруға қабілетсіз екендігі анықталды.
Тамерлан ҚҰСАЙЫНОВ, Урология ғылыми орталығының андрология бөлімшесінің меңгерушісі:
– Қазір дәрігерлерді ер-азаматтардың денсаулығы алаңдатып отыр. Дегенмен ерлердің барлығын бірдей тексеруден өткізетін бағдарлама әзірлеу мүмкін емес. Қазақстанда 8 миллион еркек болатын болса, олардың бәрін жеке-жеке тексеріп отыру мемлекетке ауыр тиеді. Бұл проблеманы шешу үшін жаңаша технология ойлап табуымыз керек. Алғашқы санаттағы дәрігерлерді дайындауды қолға алу қажет.
Болат ШӘЛЕКЕНОВ, Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институты урология және андрология кафедрасының меңгерушісі:
– Соңғы жылдары елімізде еркектердің денсаулығын түзету мақсатында біраз шара қолға алынды. Мәселен, әрбір учаскелік емханада ерлердің жағдайын тексеретін арнайы дәрігерлер жұмыс істейді. Бала болу үшін олар арнайы анализ жасап, тексеру жүргізеді. Ең бастысы, ер-азаматтарымыз дер кезінде дәрігердің алдынан өтуі тиіс.
Дерек:
ҚР Статистикалық агенттігінің деректеріне қарағанда, 2010 жылдың алғашқы айындағы көрсеткіш бойынша, Қазақстанда 16 036,1 мың адам өмір сүреді екен, оның 8 миллионға жуығы ерлер болса, қалғандары нәзік жандылардың үлесіне тиеді. Пропорционалды түрде айтар болсақ, елімізде 1000 еркекке 1078 әйелден келеді. Сондай-ақ бұл арақатынас жылдар өткен сайын алшақтап барады.