Елімізде мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау бойынша заңнамаға өзгерістер енгізілмек
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау бойынша заңнамаға кезекті түзетулер қабылдау жоспарлануда. Бұл туралы ҚазАқпарат Еңбек министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, мүгедектігі бар адамдарға қатысты кемсітушілікті жоюға бағытталған «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасына қатысты жұмыс жүргізуде. Бұл құжат Қазақстан 2015 жылғы 20 ақпанда ратификациялаған БҰҰ Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына (бұдан әрі – Конвенция) қосымша келісім болып табылады. Конвенцияға сәйкес, оны ратификациялаған мемлекеттер мүгедектігі бар адамдардың жеткілікті өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету және оларды әлеуметтік қорғау үшін барлық шараларды, оның ішінде заңнамалық шараларды қабылдауы тиіс. Қазіргі уақытта заң жобасы мемлекеттік органдарда келісу рәсімінен өтуде. «Факультативтік хаттаманы ратификациялау Қазақстан Республикасының азаматтарына өздерінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарын халықаралық қорғауға құқық береді. Хаттама Конвенцияда бекітілген осы құқықтар бұзылған жағдайда жеке шағымдарды қарау тетігін белгілейді. Осыған ұқсас тетіктер Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде, Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы конвенцияда және Нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы конвенцияда көзделген», – деп атап өтті ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов. Факультативтік хаттаманы ратификациялау кезінде тараптар БҰҰ жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары жөніндегі комитеттің Конвенция бойынша өз құқықтарының бұзылғанын мәлімдейтін жекелеген адамдардың немесе топтардың шағымдарын қарау құзыретін тануға келіседі. Комитет қатысушы мемлекеттен ақпарат сұрата алады және оған ұсынымдар бере алады. Бұдан басқа, тараптар Комитетке Конвенцияда бекітілген құқықтардың «елеулі немесе жүйелі бұзылуын» тексеруге, олар туралы хабарлауға және ұсынымдар беруге рұқсат етуі мүмкін. Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді. Еске сала кетсек, 2006 жылғы 13 желтоқсанда, барлық мүгедектердің барлық адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын толық және тең жүзеге асыруын көтермелеу, қорғау және қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға тән қадір-қасиетті құрметтеуді көтермелеу мақсатында Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны және Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы БҰҰ Бас Ассамблеясықабылдаған болатын. Қазіргі уақытта 97 мемлекет Конвенцияға қатысушы болып табылады, олардың ішінде таяу шет елдер – Әзірбайжан, Армения, Моңғолия және Украина.
ҚазАқпарат