Сексенді еңсеріп, тоқсанға аяқ басқан қарттың еңбектен қол үзбей келе жатқанын көргенде, еріксіз таңғалады екенсің.
– Еңсебей аға, біздің білуімізше, жасыңыз 83-ке келсе де сіз әлі еңбек етіп келесіз. Еңбекке араласқаныңызға қанша жыл болды?
– Менің еңбек етіп келе жатқаныма жетпіс жылдай болыпты. Біздің еңбекке араласуымыз сонау соғыс жылдарынан бастау алған. Сол кезде еңбекке жарамды қарттар, әйелдер, жас балалар түгелдей дерлік жұмысқа тартылды. Солардың бірі болып 13 жастағы мен де Балқаш қаласындағы оқ-дәрі шығаратын зауытта жұмыс істедім. 1950 жылы әскер қатарына алынып, одан соң әскери оқу бітіріп, әскери қызмет атқардым. Сол қызметтен зейнеткерлікке шықтым. Бірақ зейнетке шықтым деп, жұмыстан бір сәтке де қол үзген емеспін. Осы еңбектің арқасында ауру-сырқау дегеннің не екенін білмей келем. Ауыруға уақыт жоқ.
Қазіргі уақытта кооператив төрағасы болып жұмыс атқарамын. Жер басына барып, адамдарға жерлерін өлшеп, бөліп беремін. Баз біреулер «қартайған шағыңызда демалып жатпайсыз ба» дейді. Мен жеке басым үшін істеп жүргем жоқ. Маған мал-мүлік те, байлық та қажет емес. Мен елдің бір қажетіне жарасам деймін. Сол үшін еңбек етемін. Егер менің елге қандай да бір пайдам тиетін болса, мен неге үйде жатуым керек?!
Мен — әскери адаммын. Отан алдындағы борышымды өтеп, КСРО-ның 60-қа жуық қаласында қызмет еттім. Бұйрық алған соң межелі қалаға аттанатынбыз. Қай жерге барсақ, пәтер дайын тұратын. Ал бүгінгі күні жатаққанада тұрып, зейнетке шығып жатқан, пәтер жалдап, қызмет етіп жүрген әскерилерді көргенде қынжыламын. Әскер – Отан қорғаушысы. Бетін аулақ қылсын, соғыс жағдайы бола қалса, ең бірінші болып, алдыңғы қатарда шеп түзеп, Отан қорғайтын да солар. Олай болса, мемлекеттің әскерилерге деген мұндай көзқарасын түсіне алмаймын.
– Ата жолын қуып, әскери қызметті таңдаған балаларыңыз бар ма?
– Екі ұлым бар. Екеуі де жоғары әскери оқу орындарын бітірген. Біреуі әскери қызметін тамамдап, зейнеткерлікке шықты, ал екіншісі әлі де қызметін жалғастырып келеді. Тек бір өкініштісі: өз елімізде емес, Ресей Қарулы күштерінде.
– 80-нен ассаңыз да әлі күш-қуатыңыз бойыңызда. Жалпы, денсаулығыңыздың мықты болып, қуатыңыз сарқылмай, еңбектен қол үзбей келе жатқандығыңыздың сыры неде?
– Біріншіден, тынбай еңбек етудің нәтижесі деп білемін. Өйткені мен аяқты көсілтіп, теледидарға телміріп жатқан емеспін. Қолым босай қалса, үй шаруасымен айналысамын, болмаса, кітап оқимын, ойға түйгенді қағазға түсіремін. Әйтеуір бір іспен шұғылданамын. Бос отыруды жаным сүймейді. Үйдегі немерелеріме де «оқы,оқы және оқы» дегенді қайталап отырамын.
Екіншіден, салауатты өмір салтын сақтау керек. Мен арақ ішіп, темекі тартқан жан емеспін. Таңертең дене қимылын жасауды еш ұмытпаймын. Тамақты да мезгіл-мезгілімен ішемін. Артық тамақ ішпеймін. Меніңше, осының бәрі ұзақ жасауға, бойдағы күш-қуаттың сақталуына әсер ететін басты факторлар болса керек.
– Аға, білгеніңіз де, түйгеніңіз де, көргеніңіз де көп қариясыз. Жастарға қандай өсиет айтасыз?
– Әрине, «заманына қарай — адамы» дейді. Иә, заманға қарай талап та өзгереді. Өзгермейтін бір қағида бар. Ол – еңбек ету. Қай заман болмасын, адам тіршілік ету үшін еңбек етуі керек. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөз текке айтылмаған. Ал мына заманда екі-үш есе артық еңбектену керек. Жақсы өмір кешу үшін тынбай еңбек етіп, жоғары табыс табу керек. Ал ол үшін білімді де білікті маман болу шарт. Сондықтан көп оқып, көп іздену қажет. Өкінішке қарай, қазіргі кейбір жастар көңіл көтеруге, жеңіл жолмен ақша табуға құмар. Енді бірі оқу бітіре сала, әлі маман болмай тұрып, ақшасы мол жылы орынға ұмтылады. Әскери тілмен айтқанда, қатардағы жауынгерден бірден генерал болғысы келеді. Ол мүмкін емес. Мүмкін болған жағдайда одан қандай генерал шығады? Міне, сондықтан қызметті төменнен бастап, саты-сатымен көтерілу керек. Тіптен бір мезгіл қолға кетпен, күрек ұстау да артық болмас еді. Келешекте өзі үшін емес, елге қызмет етемін деген жас маман жұмыс жолын ауылдан бастағаны дұрыс. Одан ұтпаса, ұтылмайды. Қарапайым халықтың жағдайымен етене танысады. Халыққа жақын болады. Ал ондай адамның халқы үшін қызмет ететініне менің шүбәм жоқ.