БІР АУЫЛДЫҢ ХИКАЯСЫ немесе Сарыкөл синдромы
Жақында жолымыз түсіп, көршілес Ақтөбе облысының Темір ауданына қарасты Кеңқияқ, Сарыкөл ауылдарында болған едік. Сол сапарымызда өзіміз көрген, көпшіліктен естіген жағдайлардан кейін ауылдағы діни ахуалдың жағдайы адам айтқысыз ушығып кеткенін көріп, жағамызды ұстадық...
Батпандап кірген у
Ауыл жастарының қазақтың сан ғасырлық дәстүрлі исламынан өзгешелеу «дінге» ұрына бастауы 2000 жылдардың басында байқалыпты. «Өзгешелеу» дейтініміз – жастығына қарамай, тақуалық көрсетіп, намазын қаза қылмай, тіпті қауқитып сақал қойған жас «молдалар» ең алдымен кәдімгі үйреншікті қазақы дәстүрлерге қарсы шыға бастапты. Мысалы, дін мен әулиені бір санайтын ауыл қазағы «әулие деген жоқ, оған сыйыну – Аллаға серік қосу» дегенді естігенде, әуелі күлген де қойған еді. «Жастар ғой, қызбалықпен, білместікпен айтады, дінге терең кіріп, білімі артқан соң қояр» деген. Олай болмапты.
Бір ауыл, екі мешіт
«Шамамен 2004 жылдың күзінде Шұбарши (бұрынғы Сарыкөл) ауылында бірден екі мешіт тұрғызылды», – дейді ауыл адамдары. Осы мешіт құрылысының өзі ауылда ұстаным-пікірі бөлек екі топ пайда болғанын көрсетті.
Ол мешіттің бірін өздерінше «таза дін» ұстап жүрген топ тұрғызған. Бұрын ауылда мешіт болмағандықтан, бұлардың бастамасын алғашқыда ауыл халқы түгел қолдаған екен. Игі бастамаға айтары мен қосары бар азаматтар қайта-қайта жиналып, бірнеше күн ақылдасқан. Сол кезде осы ауылда туып-өскен Макар Өтегенов деген ауқатты азамат: «Мешіт құрылысына қандай материал керек, бәріне көмектесейін, тек мешітке әкемнің атын берсеңіз», – деп ұсыныс білдіреді.
– Мешітті тек қана Аллаға құлшылық қылған, ақыретке сенген мұсылмандар ғана салу керек, атақ-дәреже үшін мешіт салуға болмайды, – деп қарсылық білдіреді әлгі топтың жетекшісі Азамат Кәрімбаев.
Бұл, әрине, шағын ауыл ішінде қатты наразылық тудырған. Сөйтіп, ауылдың екінші жағынан Макардың бастауымен екінші мешіттің құрылысы басталыпты.
Вандализм
Кеңқияқ пен Сарыкөл ауылдарының арасында, жол жиегінде жергілікті жұрт ежелден қасиетті санайтын Қыз әулие атты жер бар. Бұрын ол жерде бір түп жиде ағашы жайқалып тұрған. Олай-бұлай өткен жолаушылар сол тұста бет сипап, әулиеге дұға қылса, әлдебір арман-тілегі бар жандар терек бұтақтарына ақтық шүберек байлап, садақа береді.
Сол Қыз әулие зиратының басындағы белгі бір түнде қиратылды. Тіпті жиде ағашын да түбінен кесіп, түбірін өртеп жіберіпті. Дәл осы шамада көршілес Шұбарқұдық ауылында Досжан хазіреттің басындағы түнек үйдің шатыры ұрланып, терезесі сындырылған. Осылайша ұлтымыздың ғасырлық сеніміне шабуыл жасалды.
Вандализм мұнымен де тоқтамаған. Енді жол жиегінде жол апатынан қайтыс болған жандарға арнап қойылған ескерткіш тақталар қиратыла бастады. Жергілікті баспасөзде бұл әрекеттерге қарсылық көрсетіліп, қоғамдық пікір жиі көтерілгенімен, нақты нәтиже болмады. Қылмыс үстінде ұсталған ешкім жоқ.
Мектептегі «той»
Әрине, уақыт өткен сайын «таза дін» ұстаушылардың да қатары көбейген. Бірте-бірте «таза отбасылар» пайда болды. Хиджап киген қыздар сақалды жігіттерге тұрмысқа шықты. Тіпті мектептің 11-сыныбында оқып жүрген 1985 жылы туған қыз бала орта білім туралы аттестаттан бұрын неке куәлігін қолына алғанды жөн көрген.
Сарыкөл ауылындағы Шұбарши орта мектебінде оқушылардың жаппай дінмен әуестенуі де сол тұста басталған. Әсіресе, шәкірттердің сабақтан жұма намазға қашып кетуі, қыздардың хиджап киюі секілді мәселелер бұл жерде де мұғалімдердің бас ауруына айналды. Балаларын өз көзқарасы бойынша тәрбиелеуді қалаған «таза дін» жолындағылар мектеп тәртібін, оқушы киім үлгісін талап еткен мектеп директорымен соттасуға дейін барыпты.
– Қазір біздің мектепте 783 оқушы бар, – дейді мектеп директоры Алма Қуанышалина. – Рас, осыдан біраз бұрын оқушылардың дінге қызығушылығы күшті болды. Бірақ бұл балалық әуестік қой. Қазір басылды. Жалпыға ортақ мектеп формасын сақтауды талап етеміз. Рас, ата-анасы дін жолында жүрген кейбір оқушы қыздар мектеп формасын кигенімен, басына орамал тартады.
Біз жолыққан мектеп директоры Алма Абылайқызы да, оның тәрбие жөніндегі орынбасары Анетта Чукеева да мектептегі дін мәселесі тақырыбына сөз қозғауға өте құлықсыз болды. Біз оларды түсіндік. Себебі көптеген сауалдың жауабы, шешімі жоқ. Шыны керек, бұл еліміздің көптеген мектебінде жабық тақырыпқа айналған бітеу жара болып тұр.
Болмай қалған теракт
2009 жылғы 23 қыркүйекте Ақтөбе облысының Мұғалжар аудандық сотында мұнайлы аймақта лаңкестік актілер жасауға даярланған-мыс деген айып тағылған Қазақстанның алты азаматы сотталды. Судья Шапағат Әлнияз алты ер адамды 12-ден 17 жылға дейін бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Олардың барлығы – Темір және Мұғалжар аудандарының тұрғындары.
Мұғалжар ауданының прокуроры Бағлан Телеу КТК телеарнасына берген түсініктемесінде: «Бұл адамдар «далалық оқу-жаттығуларын өткізіп, алғашқы әскери дайындық бойынша, қарудың құрылысына байланысты кітаптарды оқып зерттеген», – деді. Сот Шұбарши ауылының тұрғыны Азамат Кәрімбаевты «террорлық топтың жетекшісі» деп тапты.
Бұл азамат жоғарыда айтылған «таза» мешіт көтерушілердің басшысы болатын.
Ақсақалдар мешітке бармайды
– Ол ауылдағы діни ахуалды біз ерекше бақылап отырмыз, – дейді Шұбарши кенттік округі әкімдігінің бас маманы Азамат Өсербаев. – Бірақ ауылдағы мешітке имам тұрақтамай тұр. ҚМДБ-ның жолдамасымен дәстүрге сай көзқарасы бар имамды жібереміз, бірақ тұрақты жалақысы жоқ, үйі-күйі жоқ имам көп ұзамай кетіп қалады.
Сол жолы Кеңқияқ ардагерлер кеңесінің төрағасы Аймырза Есенғұлов ағамызбен де жолыққанбыз. «Бұрынғының жолын көрген ақсақалсыз, білместікпен адасып жүрген жастарға ақсақалдар жөн көрсетпей ме?» деген сауалымызға ардагер өзінің дін жораларына шорқақтығын айтып ақталды. «Біз, жалпы қарапайым халық, олармен сөйлеспейміз, олардың мешітіне бармаймыз. Ал күдікті бір нәрсе байқасақ, полицияға айта қоямыз», – дейді Аймырза ағай.
P.S. Алыстағы Ақтөбеде дегенмен, осы мақалада келтірілген деректердің біразы Қазақстанның әр өңірінде болғаны, болып жатқаны жасырын емес. Мектеп оқушылары арасындағы дін проблемасы қазір барлық мектепке тән десек, қателеспейміз. Тұрмыстық салт-жоралғыларды (үйлену, мәйіт жерлеу т.б.) орындау кезінде де діни астары бар келіспеушілік көбейіп келеді. Ендеше, қазақтың бірлігіне құрт болып түсіп отырған теріс діни ағымдардың әрекетін көп болып әшкерелеп, бұл қиындықты жеңудің жолын жария талқылау керек!