Жалпы, еліміздегі базарларға қатысты айтылар сын өте көп. Қазір республикамыздағы базарлардың денін көшіріп, оның орнына заманауи сауда кешендерін салу біртіндеп қолға алынуда. Алайда бұрыннан келе жатқан орталық базарларды көшіру оңай шаруа емес. Мұны қарапайым жұртшылық қолдағанмен, базар басшылары мен онда сауда жасайтын кәсіпкерлер бұған үзілді-кесілді қарсылық танытуда. Бірақ көшірмеске лаж, жаңасын салмасқа амал қалмағандай. Өйткені базар іші былыққа толы. Ең болмағанда қарапайым санитарлық талаптар мен өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмаған. Базарға жұмыс іздеп келетін заңсыз мигранттар мен онда орын алатын түрлі қылмыстар толастар емес. Базар ішіндегі былықтар жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Сондықтан біз бүгін базар іші жайлы емес, оның сыртындағы, дәлірек айтқанда, базар маңындағы жалға берілетін үйлер төңірегінде сөз етпекпіз. Осы ретте біз әйгілі «Барахолка» базарының маңындағы жалға берілетін үйлердің әлеуметтік және санитарлық жағына назар аударып, арнайы зерттеу жүргізген едік.
Санитарлық нормаға еш сай емес
«Барахолканың» «Болашақ» базарының артында бұрынғы Шоссейная, қазір Головацкий деп аталатын үлкен көше бар. Ол көшенің бойындағы үйлердің барлығы дерлік пәтерлерін жалға береді. Екі қабатты етіп жағалай салынған үйлердің әрбірінде жалға берілетін 20-25 пәтерден бар. Онда ұйғырың да, қырғызың да, дүнгенің де, өзбегің де, «пропискасы» бары да, жоғы да бар – бәрі-бәрі тұрып жатыр. Тәуліктік жалға берілетін пәтерлердің күндік ақысы 1000 мен 1500 теңгенің айналасында. Бір пәтерде шамамен төрт-бес адамнан жатады. Енді бір үйде 20-25 пәтер бар деп есептейтін болсақ, онда ол көшенің бойындағы бір үйде кемінде 100-ге тарта адам тұрады деген сөз.
Ал сол 100 адамға – бір-ақ дәретхана. Жуынатын бөлме, жылы су деген атымен жоқ. Оның үстіне, дәретханаға тек сонда пәтер жалдап тұратындар ғана емес, базарда сауда істейтіндер де 30 теңгесін төлеп, кіріп-шығып жатыр. Кейбіреулер үйлерінің жанындағы «времянкаларын» жалға беріп қойған, онда дүнгендер, ұйғырлар асхана ашып, гуйру, суйру секілді лағмандардың неше түрін, палау, сорпа, кәуап, одан бөлек, самса, бөлішке, гриль, ход-дог, гамбургер, бәліш секілді тез дайындалатын тағамдарды сатып отыр. Сатушылардың жеке гигиенасы мүлде сақталмайды. Еден жуып жүргендердің қолын жумастан ыдыс жуып, тамақ салып, тамақ тасып жүргендерін көз көрді.
Ал бұған Алматы қаласы Алатау ауданы бойынша МСЭҚБ тағам нысандарын қадағалау бөлімінің бас маманы Салтанат БӨПЕЖАНОВА былай дейді:
– Сіздің айтып отырған Шоссейная көшесі Алатау ауданының «Заря-Восток» ықшамауданында орналасқан. Иә, ондағы асханалар өте күрделі жағдайда тұр, санитарлық норма сақталмайды. Қазір онда 30-дан аса қоғамдық тамақтандыру орны бар. Біз оларды тоқсан сайын тексеріп тұрамыз. Ондағы асханалардың басым көбі санитарлық талаптарға сай болмағандықтан, сотқа да арыз бергенбіз. Тіпті сот шешімі «ол асханалар жабылсын» деп шыққанымен, оның орындалуы көңіл көншітпей тұр. Енді біз ондағы асханаларды «пломбалап» жауып тастай алмаймыз, ол біздің құзыретімізге кірмейді. Осы ретте сот орындаушылары өз істеріне ыждағатты болса екен деймін. Әйтпесе онда халықтың тағамнан уланып қалу қаупі жоғары. Оны жасырудың керегі жоқ. Сондықтан мен көпшілікке ол көшенің бойындағы асханалардан тамақ ішпеуге кеңес беремін.
Мемлекет ішінен мемлекет құрып алған тәрізді
Бір қызығы, бұл үйлерді әр ауданнан келген сатушылар тұрғылықты тұратын жері етіп меншіктеп алған. Мәселен, Головодский көшесіндегі №48 үйде тек Ақтөбе, Оралдан келгендер ғана жатса, ал №49 үйде Атырау, Ақтау, Жаңаөзеннен келгендер қоныс тепкен. Зайсандықтардың да, шымкенттіктердің де өздерінің белгіленген үйлері бар. Бірақ ол үйлердің бірінде санитарлық норма сақталмаған. Тіпті кейбір үйлерде тыйым салынған ойын автоматтары, компьютерлік клубтар бар. Оның ішінде жастар лық толы. Жеке куәлігіңіздің бар-жоғын, бірлі-жарымы болмаса, сұрап жатқандар жоқтың қасы. Тек ақысын төлесеңіз болғаны, кім екеніңіз ешкімді қызықтырмайды. Бір күн түнеп шығасыз. Саудагерлер үйлердің қора-қопсыларын да тауар сақтайтын қойма ретінде жалға алған. Осының бәрін өз көзімізбен көру үшін біз аталмыш көшедегі №47 үйге қондық. Онда бір күндік ақы жайлылығына қарай, 500 бен 1 мың теңгенің аралығында екен. Аядай ғана бөлмеде үш адам жаттық. Қасымдағы жігіттердің бірі арбакеш болса, екіншісі бір аяғы жоқ қайыршы кісі болды. Ал көрші бөлмеде шағын арбаға тиеп, «термоспен» шай, бәліш, шемішке, сағыз, құрт, темекі сататын апа саудагер қыздармен қоныстанды.
Мұрат, арбакеш:
– Отбасым – ауылда, мен қаладамын. Ауылға төрт-бес айда бір барып тұрамын. Мұнда арба сүйрегенің үшін осындағы жігіттерге тапқан табысыңның 30 пайызын беріп тұрасың. Әйтпесе жұмыс істетпейді. Жұмыс ауыр. Күн жылы кезде далада арбаның үстіне қона салушы едік, қазір күн суық. Денсаулықты да байқау керек. Мұнда жертөледе, сыз үйде кішкене балаларымен тұрып жатқандар бар. Балалары күрк-күрк жөтеледі. Ауылдан келген көп қазақтың тіршілік көзі – дәл осы базар. Ауылда жұмыс болса, қаңғып, арба сүйреп неміз бар. Осы жұмыстың өзіне талас. Өйткені мұнда өзбек, қырғыздар қаптап жүр.
Онда ауру да, қылмыс та өршіп барады
Арбакеш жігіттің сөзінің жаны бар. «Барахолкада» Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстаннан келіп, заңсыз жұмыс істейтіндердің қарасы көп. Еш жерде тіркелмей, құжатсыз жүрген келімсектер Алматыда қылмыстың артуына, неше түрлі аурудың таралуына себепкер болуда. Олардың полиция көзіне қалай түспейтіні белгісіз. Алматы қаласы Ішкі істер департаменті өкілдерінің айтуынша, қала базарларында криминогендік жағдай күрделене түскен. «Көп жағдайда ол жерде елімізде заңсыз жүрген шетелдік азаматтар жұмыс істейді. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында базарларда 1146 қылмыс жасалынған, оның ішінде тонаушылық, зорлау, бұзақылық және бір кісі өлтіру оқиғасы бар», – дейді ІІД-нің баспасөз қызметі бізге берген ақпаратында.
Оның үстіне саудагерлердің денсаулығын да тексеріп жатқан ешкім жоқ. Олардың арасында неше түрлі жұқпалы аурумен ауыратындар қарасы да көп.
Сейілбек ҚАЛАҚОВ, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, қалалық экология, денсаулық сақтау және ТЖ мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы:
– Қалалық денсаулық сақтау басқармасының «Салауатты қала» акциясы шеңберінде атышулы «Барахолка» жайма базарларына ұйымдастырған жылжымалы медициналық-профилактикалық тексеру шараларының екі күндік нәтижесінде өз еркімен дәрігерлік тексерістен өткен мың адамның жүзге жуығынан туберкулез дертінің вирусы анықталды. Фтизиатр мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш – жедел дабыл қағатын жағдай. Тексеріс кезінде ондағы туберкулезбен ауыратындар түрмедегі жағдаймен бірдей – жеті есеге өскен. Демек, азаматтық қоғамға қарағанда, түрме мен «Барахолкадағы» туберкулез жағдайы жеті есе жоғары тұр. Өкініштісі сол: абақтылардағы азаматтар әйтеуір мәжбүрлікпен болса да емделсе, ал базардағылар өздігінен келіп қаралмайды. Және олар қасымызда жүр. Бұл қауіпті емей немене? «Барахолкада» сифилиспен ауыратындар – 12,5 есе, әйелдер арасында жатыр мойнының қатерлі ісігімен ауыратындар 3,3 есеге көп екені анықталған. Қысқасы, базардағылардың басым көпшілігінің денсаулығы жоқ. Бұл тек ресми дерек қана... Ал өздігімен тексерілмей, емделмей жүргендер қаншама. Сондықтан ондағы халықтың медициналық тексеруден өтуін қадағалау қажет. Мигранттар мәселесі де өзекті. Ондағы заңсыз келімсектер неше түрлі инфекциялық ауруларды таратуы мүмкін. Сол себептен, базардағы саудагерлерді Алматының емханаларына тіркеуге алып, тексеру қажет. Сауда жасайтындардың көпшілігі өздігімен келіп қаралмайды. Сондықтан саудагерлердің емделулері үшін олардың арасында түсіндірме, ынталандыру жұмыстарын жүргізгеніміз жөн.
Қалай десек те, базар ішінде де, оның сыртында да шешілуі тиіс мәселелер шаш етектен. «Барахолканың» артындағы көшелердің барлығы күн бата салысымен тас қараңғы болады. Түнде жүру өте қорқынышты. Алматыдағы бұл ең ірі базардан мемлекетке қаншама салық түсіп отырғаннан кейін, ең болмаса халық көп шоғырланған көшелерге жарық орнатып қоюға болады ғой. Әттең... Ең сорақысы, базарда өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Егер бір өрт бола қалса, оған төтенше жағдайдың көліктері кіре алмайды. Бір сөзбен айтқанда, өрт бола қалған жағдайда басындағы баспанасын банкке кепілдікке қойып, күнкөрістің қамы үшін қыруар қаржыға тауар әкелетін саудагерлердің дүниесін өрттен аман алып қалу қиын. Өрт қауіпсіздігі сақталмайтын Алматы базарларының бір сәтте күлге айналған Шымкенттегі «Бекжан» базарының күйін кешпесіне ешқандай кепілдік жоқ. Сондықтан қандай жағдай болмасын, санитарлық, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін базарларды жөнге келтіріп, базардағы халықтың денсаулығына, жайлы өмір сүруіне жағдай жасау қажет-ақ болып тұр.
Сондай-ақ осыдан біраз бұрын Ішкі істер қызметкерлері мен Салық басқармасы бірлескен тексеру жүргізіп, Алматыдағы тұрғын үйлердің тең жартысы жалға берілетіндігін анықтады. Жалпы есеп бойынша, қалада 7 000 көпқабатты тұрғын үй мен 115 мыңнан астам жеке сектор бар екен. Бірақ соның жартысынан астамы үйін жалға береді. Дегенмен соның 9 200 пәтер иесі ғана жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлейді. Ал қалғандары пәтерлерін астыртын жалға беріп отыр.
«Барахолкада» да жалға берілетін бір үйде 100-ге тарта адам тұратынын ескерсек, оның әрқайсысынан 1 мың теңгеден алғанның өзінде күніне 100 мың теңгеден аса пайда табады екен. Бірақ оның ешқайсысы салық төлемесе, онда неге айыппұл салынбайды, неге санитарлық талаптарды орындауды міндеттемеске? Онымен қоса, құзырлы органдар базар маңындағы жалға берілетін үйлерде кімдер тұрып жатқандарын тексеріп отыруы тиіс. Әйтпесе мұнда да лаңкестік әрекеттердің белең алуы бек мүмкін. Алматыдағы Ақкентте, Бағанашыл мен Таусамалында болған атыс-жарылыстар сол пәтер жалдап тұрғандардың салдарынан орын алғандығын әсте ұмытуға болмайды.