Балқаш көлінің жағдайы сын көтермейтін деңгейге жетті. Ол болашақта Арал теңізінің кебін киюі мүмкін. Кеше Алматыда өткен баспасөз мәслихатында «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов осындай пікір айтты.
Оның келтірген мәліметтері бойынша, соңғы екі жылда Балқаш көлінің суы екі жарым метрге тартылып кеткен. Яғни көл тереңдігі жылына бір метрге азайып отыр. Оған негізгі себеп – Іле өзенінің Қытай бөлігінде су қоймаларының көптеп салынуы. Ал Балқаш көлі судың 80 пайызын осы өзеннен алатыны белгілі. Шығыс көршіміз бүгінде бұл су қоймаларға су толтырып, оны ауылшаруашылық саласында тиімді пайдаланып жатыр. Жарты ғасыр бұрын Іле өзеніне Қапшағай су қоймасы салынды. Содан кейін бұл өзеннің суы екі жарым метрге азайып, осы күнге дейін сол деңгейін сақтап келген. М.Елеусізовтің пайымдауынша, енді Балқаш көлінің суы одан бетер тартыла түсіп, Арал теңізінің жағдайын қайталауы мүмкін.
Қазір жер шары жылынып, ауа температурасы жарты градусқа көтерілді. Арал теңізінің тұздары екі жарым мың шақырымнан солтүстік мұздықтарға ұшып жатыр. Егер болашақта Арал теңізімен қоса, Балқаш көлінің тұзы солтүстік мұздықтарға ұшатын болса, біз босқындардың күйін кешуіміз ғажап емес. Осы мәселеге елдің, халықаралық қауымдастықтың назарын аудару үшін «Табиғат» экологиялық одағы мамырдың 1-інен 30-ы аралығында Іле-Балқаш регата шарасын қолға алуды жоспарлап отыр. «Бұл регата біздің дәстүрлі шарамызға айналды. Биыл оған көрші Ресейден де командалар келіп қатысады. Ресейлік әріптестеріміздің ұсынысын қабылдап, Балқаш көлінде «Балқашты ұрпақ үшін сақтайық!» желкенді жарысын ұйымдастырмақпыз», – дейді М.Елеусізов.
Балқаш көлі Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін
Последние статьи автора