Өмірдің өзінен туған өнегелі өсиет пен тоқсан сөздің тобықтай түйіні іспетті философиялық тұжырымдар – мақалдар мен мәтелдер. Ойшыл халқымыз ұрпағына айтпақ ойын мақалдар мен мәтелдер арқылы шебер өрнектеген.
Халық өзінің ұлдары мен қыздарының өз топырағына тән мораль талаптарына сай болып өсуін қалайды. Елдік рухтың әманда жоғары болуын көксеп, ұрпақтарына зор үміт көзімен қарап келеді. Ел үмітін ақтау, ол белгілеген биіктен көріну – сын атаулының ең мәртебелісі. Осы орайда тұлпарға бап керектігін білетін халқымыз өзінің келешегі – жас буынына тәрбие қажеттілігін жоғары кояды.
Халықтық тәрбиенің бірден-бір түзу айнасы – мақалдар мен мәтелдер. Ендеше, халық даналығына ден қою, одан тәлім алу – сол айнадан өзіміздің жүзімізді көрумен бірдей. Әрине, ешкімнің өмірге дайын мінезбен: жақсы, я жаман болып келе қалмайтыны кімге де болса түсінікті жайт. Ал жақсы болу да, жаман болу да тәрбиеден, тәрбие беретін ортадан. «Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілерсің», – дейді халық. Мәнісі, орта – тәрбие бесігі: кіші үлкенге қарап өседі, соған ұқсауға тырысады. Сондықтан да халық жас буынның дұрыс қалыптасуына ерекше мән бере отырып, өмір тезінен өткен сындарлы жолын ұсынады. Бұл жолда төзімділік, табандылық, алғыр ақыл, қиындықты жеңе білетін қайтпас қажырлылық көрсетуді талап етеді. Жеткіншектердің осындай жауапты сапарда сүйенері, сенім артары үлкендер екендігін халық екі сөзінің бірінде дәлелдейді. Үлкендерге маңызды міндет жүктейді. Сондықтан да «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, соңғы дөңгелегі сонда жүретіндігін» қатаң ескертеді. «Ағаға қарап іні өсер» деуінің де түп тамыры осында болса керек.
Үлкендер – алдымен ата-ана. Қай баланың болмасын, бірінші ұстазы –оның ата-анасы, солар ұйытқы болып отырған отбасы. «Мектептер, институттар, пансиондар болғанымен, жақсы әкесіз жақсы тәрбие жоқ», – деп Н.М.Карамзин тегін айтпаған. Бала бойына ізгілік, қарапайымдылық, кішіпейілділік, ұқыптылық, отаншылдық сияқты игі қасиеттер алдымен оның әкесі мен шешесінен ауысады. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дегенде халық әке-шешенің жеке бастарының сапасына мән беріп отыр. Мұнан туатын қорытынды – бала алдында әке мен шеше мейлінше сыпайы қатынаста болып, сыйластықтың, қамқорлықтың, кішіпейілділіктің, кешірімділіктің, білімге, өнерге құштарлықтың үлгісін көрсетулері шарт. Үлгі көрсетудің жөні осылай екен деп жасанды қылықтарға ұрынудан зияннан басқа пайда жоқ екенін де есте ұстаған абзал. Айналаңа ғибрат боларлық өнегелі қасиеттерді бірте-бірте бойға сіңіріп, етене етуге, оған бой үйретуге дағдыланудың жақсы нәтиже берері хақ. Амал не, өкінішке қарай, арамызда халықтық мұрадан тәлім алып, жағымды қасиеттерді бойға жинау былай тұрсын, маңын жиренішті мінез-құлықтармен ығыр ететін ата-аналардың ұшырасатындығы шындық. Баланың көзінше жанжал шығару, құлаққа түрпідей тиетін былапыт сөздеріге ерік беру, тарс-тұрс қимыл, отбасында бірін-бірі сыйламау – жақсылыққа бастар жол емес екендігі баршаға аян нәрсе. Мұндайда «Баланың тентек болатыны – үйінен, ердің тентек болатыны – биінен» немесе «Ұлдың шалдуары – әкесінен, қыздың сөзқұмары – шешесінен» деген аталы кесімге еріксіз жүгінуге тура келеді. Шынында да, «Халық айтса, қалт айтпайды», «Не ексек, соны орамыз».
Кей жап-жас ата-ананың тілі енді шыға бастаған бейкүнә сәбиге көлденең жұртты тілдеттіріп, балағат сөздерді үйретуі – кешірімсіз қылық. Мұның өзі ата-ана білігінің төмен жатқанын танытады. Ондай тұрпайы сөздердің орнына ұғымы жеңіл, тәрбиелік мәні бар сөздерді үйретуге болмай ма? Халықта сәби ұғымына сай небір ғажайып ертегілер мен жұмбақ, тақпақ, жаңылтпаштардың қоры бар. Мұндай әрі мазмұнды, әрі тәрбиелік мәні жоғары халықтық мұраларды бала өсіріп отырған әр ата-ананың жетік білуі қажет емес пе екен деген ой келеді.
Бала болмысына атүсті қарап, «Әйтеуір, қарны тоқ, киімі жоқ жалаңаш болмаса болды» деушілермен халық философиясы сыйыспайды. Халық ұрпағынан жан-жақты болуды талап етеді және соған үндейді, бағыт-бағдар сілтейтін, игі мақсаттарға баулитын даналық ой қорытындыларын ұсынып отырады. Отан қорғау, ерлікті дәріптеу салты болған халқымыз үлгі боларлық аңыз әңгімелерін, теңдесі жоқ батырлық және лиро-эпостық жырларын шығарды. Достықтың, жолдастықтың, ынтымақтықтың күшін тамсана отырып сөз етті. Адам өміріндегі еңбектің орнын жоғары қойды. Ұрпақтарын осындай асыл қасиеттерді үйренуге шақырған ой маржаны –мақал-мәтелдерін жинақтады.
Қорыта келгенде, жас ұрпақты биік мұраттарға жетелеп, оларды бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан Республикасының белсенді де саналы азаматы етіп тәрбиелеуде ата-аналар қауымының тындырар ісінің зор екендігін айтпасқа болмайды. Халық талабына сай боларлық зерделі де зейінді, алғыр да тәрбиелі жас өсіруге күш салу – ең басты парызымыз.
Абдулла ҮМБЕТБАЙ, Алматы облысы Ақсу аудандық сотының судьясы
Баланың тентек болатыны – үйінен
Последние статьи автора