9 шілде – Қазақстан су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Еліміздегі және әлемдегі су ресурстары, оның сапасы мен қоры туралы мәселелер күннен күнге өзектілігін арттырып келеді. Осыған орай, Аzattyq ruhy Экология, геолгия және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың маңызды сала туралы сұхбатын ұсынады.
ҚАЗАҚСТАН ТҰТЫНАТЫН СУДЫҢ 46% СЫРТТАН КЕЛЕДІ
- Мағзұм Маратұлы, біздің мемлекетте су ресурстарының қоры қанша?
- Орташа есеппен алғанда, Қазақстандағы жерүсті су ресурстарының көлемі 101 текше шақырымды құрайды. Оның 54% елдің ішінде өндірілсе, қалғаны шекаралас мемлекеттерден келеді.
Еліміздің ішіндегі үлестірілген судың көлемі біркелкі деп айта алмаймын. Десе де, еліміздің шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтары су ресурстарымен көбірек қамтылған болып саналады. Ал, орталық және батыс аймақтарда керісінше су тапшы.
Республикамыздың су шаруашылығы кешенінің басты мақсаты - тек халық пен экономиканың барлық салаларын сапалы сумен қамту және қолайлы жағдай жасау ғана емес. Бастысы - су қорын сақтай отыра, қоршаған ортаны қорғау.
Осыған орай, жаңағы 101 текше шақырым судың 65 шаршы шақырымы қоршаған орта мен экожүйенің тұрақтылығын сақтап қалуға жұмсалады. Сәйкесінше, жерүсті су қоры шамамен 36 текше шақырымды құрайды. Бұл аса көп көлем емес. Қазіргі сәтте әлемде су тек тіршілік нәрі ғана емес, ол маңызды табиғи ресурс саналады. Біз оны бағалауымыз керек. Ол үшін су үнемдейтін заманауи технологияларды қолдану керек. Суарылатын жерлерде де озық тәсілдерді пайдалаған жөн. Суды тазарту жұмыстарының сапасын жоғарылату қажет.
СУДЫҢ 65% АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНА ЖҰМСАЛАДЫ
- Таза суды үнемдемей отырған отандастарымыз бен кәсіпорындар жайлы не айтар едіңіз?
- Жалпы елімізде экономиканың барлық секторлары бойынша жыл сайын 24 текше шақырым су тұтынылады. Оның 85% жер үсті сулары. Тұтынылатын судың 65% ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Алайда, дәл осы ауыл шаруашылығы саласында тұтынылатын тіршілік нәрінің 50% тиімсіз игеріледі.
Мұндағы басты проблема - су тасымалдайтын ирригациялық жүйенің тозуы. Яғни, суды құбыр арқылы жеткізгенде, оның тең жартысы жоғалып кетеді. Сәйкесінше, ол үшін барлық каналдарды жөндеуден өткізіп, су ресурстарын автоматтандырылған жүйемен басқару керек.
Фото: Мағзұм Мырзағалиев, Экология, геолгия және табиғи ресурстар министрі
Бұл үшін біз 2030 жылға дейін қосымша жер үсті суларын ұлғайтып, су балансын 100 текше шақырым деңгейінде сақтап тұруымыз керек. Суармалы жерлердің көлемін 1,4-тен 3,0 млн га дейін жеткізуіміз қажет. Су инфрақұрылымдарын қайтадан жөндеуден өткізуіміз керек. Жаңа су қоймаларын салып, су саласын цифрландыруымыз керек.
Қазақстандықтар су ресурстарын бағалау керек екендігін ерекше айтқым келеді. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, бүкіл жер шарындағы таза ауыз судың көлемі бар болғаны 3% құрайды. Оның техникалық пайдалануға жарамдысы тек 0,3. Сондықтан, суды бейсауат қолданбай, оны үнемдеуді үйрену керек. Демек, суды тек қажетті мақсатта тұтыну керек.
ЗИЯНДЫ ҚАЛДЫҚТАРДЫҢ 70% ҮШ ОБЛЫСҚА ТИЕСЛІ
- Қазақстандағы өзендердің ластануына тоқталсаңыз?
- Бір жыл сайын бас-аяғы 60 түрлі көрсеткіш бойынша Қазақстандағы жер үсті суларының сапасын тексеріп отырамыз. Тек өткен жылдың өзінде 61 су нысанында 661 рет жоғары дәрежедегі ластану және 19 рет экстрималды жоғары дәрежедегі ластану дерегі тіркелді. Бүгінгі таңда Ақтөбе облысындағы Елек, Қарағанды облысындағы Қара-Кеңгір, Қостанай облысындағы Тобыл, Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарындағы Жайық, Нұра, Сырдария, Шығыс Қазақстанда Ертіс өзеніне құятын бөлігі, Шу, Нұр-Сұлтан қаласына келетін Есіл, Сарыбұлақ пен Ақбұлақ өзендері ластанған өзендерге жатады.
Бұл өзендер аммоний, сульфаттар, хлоридтер, фенолдар, фторидтер мен ауыр металдармен ластанған. Суы да қатты лайланған.
Өзендердің ластануына ағып келетін су мөлшерінің кемуі де әсер етуде. Сондай-ақ, өзенге құйылатын өзге сулар да қажетті деңгейде тазартылмайды. Бұдан бөлек, ауылды жерлердегі қоқыс араласқан сулар да өзендерді ластауда.
Мәселен, Шу өзені шекаралас елдерден келетін лай сулармен ластанады.
Ал, Елек өзенінің ластануына жергілікті кәсіпорындардан шығатын хромның жер асты суларына төгілуі әсер етуде. («Ақтөбе хром қоспалары зауыты», «Қазхром»)
Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы Жайық (Орал) өзенінің сапасы 13 бақылау жақтауы арқылы 52 көрсеткіш бойынша қадағаланады. Онда су сапасының бұзылуына миниралдану үрдісі әсер етеді. Ол өзенге ағып келетін сулардың соңғы жылдары азаюымен байланысты болуы мүмкін. Соңғы жылда сульфат, темір, нитридті азот, фенол, алтывалентті хром көлемінің артқандығы тіркелуде.
Соңғы 3 жылда зиянды қалдықтарды тастау деңгейі 1 104-тен 984 дейін, яғни, 11% азайды. Ал, зиянды қалдықтардың 70% Қарағанды, Алматы және Қостанай облыстарының аумақтарына тиесілі.
- Қазақстанда ағынды суларды тиімді қолдану үшін «жасыл технологиялар» қашаннан бастап енгізіледі?
- Еліміздегі кейбір кәсіпорындарда ағынды суларды үнемдеу үшін пайдаланған таза суларды қайта қолдану, ластанған суларды қайта қолдану әдісі іске қосылып келеді. Міне, осылардың барлығын «жасыл технологияларға» жатқызуға болады.
Әр кәсіпорында өндіріс процесінің әралуандылығына байланысты, суларды екінші қайтара пайдалану әдісі де әркелкі қолданылады. Суды тазарту технологиялары да әртүрлі.
Әрине, көптеген өндіріс ошақтарында ағынды суды пайдалану деңгейін төмендету үшін жаңа технологиялар енгізілген. Ал, 2025 жылдан бастап өндіріс орындарындағы ластану үдерістерін тоқтату үшін қолға алынып отырған қолжетімді үздік технологияларға өтуге өндіріс орындарының өздері де ниетті болмақ. Ол қоршаған ортаны қорғауға, адам денсаулығын сақтауға септігін тигізеді. Сәйкесінше, өндіріс орындарында ағынды суларды тазартуда шығындарды азайтып, шикізат пен энергияны үнемдеуге әкеледі.
СЫР СУЫ ҚАЗАҚСТАН АУМАҒЫНДА САПАСЫН ЖОҒАЛТАДЫ
- Трансшекаралық сулардың ластану мәселесі үнемі айтылып келеді. Мәселен, жауапты органда Сырдария өзені көрші елдің кесірінен ластанып жатқанын мәлімдеді. Министрлік бұл бағытта қандай жұмыстар атқарып жатыр?
- Өздеріңіз білетіндей, Сырдария өзені тұтастай өңірге экологиялық ықпал етеді. Оның үстіне өзеннің суын халық ауыз су ретінде тұтынады. Сондықтан, оның сапасы өте үлкен маңызға ие.
Сол себепті, Қазақстан мен Өзбекстан тұтастай өзеннің ұзындығы бойынша Аралға құятын аумаққа дейін тоқсан сайын су сапасына байланысты ақпарат алмасып отырады. Қазіргі таңда судың сапасы 3-4 санатқа жатқызылуда. Демек, суаруға жарамды деп танылып отыр.
Негізінен судың ластануына тоқталар болсақ, сульфаттар бойынша 4-6 есе, нитридті азот бойынша 2-4 есе, меди 1-5 есе, магний1,1-1,5 есе, фенол-2-4 есе, мұнай өнімдері – 1,1-3,5 есе. Ал, Сырдария өзенінің минералдану үдерісі Қазақстанның аумағында орын алады. Ол суармалы аумақтардағы коллекторлы-кәріздік ауыртпашылықтармен байланысты.
Шекара маңындағы аумақта жер үсті судың ластануы анықталған жағдайда «Қазгидромет» РМК көрші елдерге дереу хабар жібереді. Сондай-ақ, біздің министрлік еліміздің аумағында Сырдария суы қалай пайдаланатынына мейлінше бақылау жүргізеді.
Қазақстан су мәселесі бойынша Ресей, Қытай, Қырғызстан, ал Каспий теңізі бойынша - Каспий маңындағы төрт елмен байланыс орнатқан. Осы мәселелерге қатысты ортақ шешім қабылдауда бақылау нәтижелері, дәлірек айтқанда судың сапасы туралы бастапқы деректер маңызды.
ҚЫТАЙДАН БАСҚА ЕЛДЕРМЕН СУ РЕСУРСТАРЫНЫҢ ҮЛЕСІ АНЫҚТАЛҒАН
- Сіз осыған дейін еліміздегі су тапшылығының басты себебі көрші мемлекеттерден келетін су мөлшерінің аздығымен түсіндірген едіңіз. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?
Трансшекаралық суларға қатысты барлық мәселелер, атап айтқанда, суды қолдану мен оны күзету және бөлу тетіктері қолданыстағы келісімдердің аясында реттеледі. Келісімдердің нормаларын жүзеге асыруды біріккен үкіметаралық комиссия қадағалайды. Өкініштісі сол, барлық мемлекетаралық каналдарда су беру кестесі толық сақталмайды. Бұл суармалы жерлерді тіршілік нәрімен қамтамасыз етуде қиындық туғызады.
Айта кетейік, Қытайдан өзге барлық мемлекеттермен трансшекаралық аймақтардағы су ресурстарының үлесі анықталған. Ал, Қытайға қатысты жеке тоқталатын болсақ, су бөлісу келісімінің жобасы әзірленуде. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, Қорғас өзенінде Қытаймен бірлескен «Достық» су торабы салынды. Бұл суды теңдей бөліп пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Сүмбе өзенінде су бөлу құрылғысы күрделі жөндеуден өтті. Оны екі мемлекеттің су шаруашылығы ұйымдары бірлесіп қолдануда.
Жалпы, Қазақстан трансшекаралық аймақтардағы бассейндерде су шаруашылығы нысандарын бірлесіп пайдалануға мүдделі. Бұл екі ел үшін де тиімді.
- Көрші Қырғызстан және Өзбекстанмен су бөлісу мәселесі қалай шешіліп жатыр?
- Биыл Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде трансшекаралық аймақтардан судың аз келуіне байланысты тіршілік нәрінің тапшылығы байқалуда. Биылғы жылдың басында суармалы жерлерде суға деген сұраныстың артуына байланысты бірқатар мәселелермен бетпе-бет келгеніміз рас. Өйткені, біздегі бірқатар каналдың суы Өзбекстан мен Қырғызстаннан келеді.
Алайда, көршілес елдердің су шаруашылығына жауапты органдарымен жүргізген келіссөздердің арқасында бұл мәселелер шешімін тапты. Гидрологиялық ахуалды ескере отырып, су қоймаларының жұмыс режимі келісілді және су беру кестесі бекітілді.
Жалпылай алғанда, егін-терім кезеңі жақсы өтуде. Біздің елдің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің суға деген сұранысы толық орындалуда.
Мен өткен аптада Ташкентке барып, Өзбекстанның Су шаруашылығы министрімен жолықтым. Кездесу барысында су шаруашылығына байланысты өзекті мәселелер талқыланып, су қатынастары саласы бойынша жол картасы бекітілді.
Жол картасының бір бағыты егін-терім науқанында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге қажетті су мөлшерін бөліп тұруға арналған. Сондай-ақ, Өзбекстан өзге елдерден келетін суларды біздің елге кедергісіз өткізуге кепілдік берді.
10 ЖЫЛДА 8 ОБЛЫСТА ЖАҢА СУ ҚОЙМАСЫ САЛЫНАДЫ
- Сіз өзіңіздің сапарыңыз барысында Түркістан облысында суармалы канал салынып, ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеген едіңіз. Ол оңтүстіктегі су тапшылығы мәселесін қаншалықты шешеді?
- Қазір оңтүстікте Дүниежүзілік банкпен бірлескен ПУИД-2 халықаралық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл102 мың га аумақта суармалы каналдарды қайта қалпына келтіруге және реконструкциялауға мүмкіндік береді. Оның 62 мың га аумағы Түркістан облысына тиесілі. Жоба келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда. Бәрі ойдағыдай болса, жыл сайын жоғалатын 200 млн текше су сақталып қалады. Бұл суармалы жерлерде еңбектенетін біздің шаруаларға үлкен көмек болады.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы суармалы жерлердің аумағын 1,5 млн гектардан 3,0 млн гектарға жеткізуді міндеттеген болатын. Бұл мақсатта министрлік 610 мың га аумақтағы суармалы жүйелерді қалыпқа келтіріп, 1,0 млн га жаңа инфрақұрылымдар тұрғызбақ.
Бірінші кезеңде 128,0 мың га аумақтағы суармалы жерлердегі инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін Ислам банкі және Еуропалық даму және қайта құру банкі қаржылық ұйымдарының қаражаттары тартылмақ.
Еуропалық даму және қайта құру банкімен бірлесіп, 92,7 мың га аумақты сумен қамту және жердің миллерациялық жағдайын жақсарту жобасы қолға алынды. Оған Түркістан, Жамбыл және Ақтөбе облыстарының жерлері кіреді.
Ал, Ислам даму банкісінің қаражатына Түркістан және Алматы облыстарының ирригация және кәріз жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асырылмақ.
Қазірдің өзінде-ақ 66 мың га аумақта су шаруашылығына қажетті инфрақұрылымдар жөнделді. Сондай-ақ, өзге 5 облыстағы 492 мың га суармалы жерлерде осындай жобалар жүзеге асырылады. Демек, біз алдағы 3 жылда 6,7 мың шақырым канал, 4 су қоймасы, 4 су торабы, 239 ұңғыманы іске қосамыз.
Бұл 88 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берсе, құрылыс кезінде 11 мың адам еңбекке тартылады. Ерекше айтатын жайт, суармалы жерлерді қалпына келтіру шаралары ауылды жерлердегі 77 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Демек, бұл сауда, өнімді қайта өңдеу және мал шаруашылығының дамуына оң әсер етеді.
Сондай-ақ, біз алдағы 10 жылда Қазақстанның 8 облысында 38 жаңа су қоймасын салмақпыз. Бұл 3,6 текше шақырым су қорын жинауға мүмкіндік беріп, 386 мың га суармалы жерлерді сумен қамтымақ. Сондай-ақ, бұл су қоймалары топан судан қорғануға де септігін тигізеді.
- Мағзұм Маратұлы, су шаруашылығы қызметкерлерінің мерекесі Қазақстанда осымен екінші жыл қатарынан атап өтілуде. Бұл саланың мемлекеттік маңыздылығының артуын аңғартады ма?
- Иә, дұрыс айтасыз. Біз алдағы уақытта да бұл салаға үлкен көңіл бөлетін боламыз. Жалпы, елімізде су шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Біз әріптестерімізбен үнемі кездесіп, барлық мәселелерді талқылап отырамыз. Қажетті шешімдер қабылдаймыз. Алда жоспар көп.
Осы сәтті пайдалана отырып, мен өзімнің және министрліктің атынан әріптестерімді кәсіби мереке Қазақстанның су шаруашылығы қызметкерлері күнімен құттықтағым келеді. Бұл салада бүтіндей әулетімен бірігіп жұмыс істеп келе жатқан жандар бар. Өзінің жұмысына деген махаббаты мен тәжірибесін ұрпақтан ұрпаққа беріп келеді. Мен барлық мамандарға қажырлы еңбектері үшін алғыс білдіргім келеді. Денсаулық, отбасылық бақыт пен алдағы жұмыстарына сәттілік тілеймін.
- Сұхбатыңызға рахмет.