Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ: Жүйенің дұрыс болуы үшін қоғамды түзеу керек!

Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Асқар Жұмаділдаевпен ашық әңгіме.

JetysuNews: Әлемге қанық академик елімізде жасалып жатқан реформалар турасында не ойлайды?

Асқар Жұмаділдаев: Біз реформа жүргіземіз, ауызды толтырып әңгіме айтамыз. Алайда, көп дүниелердің ішіне үңіліп қарамаймыз. Мәселен, өзім оқытушы болғандықтан, университетте дұрыс тақтаның болмауына қынжыламын. Айтпағым, тақталардың бәрі кішкентай етіп жасалған. Оған қарағанда өзіңіз көріп отырған Жәутіков атындағы физика-математика мектебінің тақтасы дұрыстау. Жалпы, тақта қандай болуы керек дейсіз ғой. Мәселен, Еуропада тақталардың ені кем дегенде 5-10 метр және үш қабатты болып келеді. Бірінші жағына жазасың, екінші бөлігіне дәлелдейсің, үшінші жағына мысалмен көрсете аласың. Оның өзі айналып тұрады. Сүртуге де, жазып көрсетуге де өте ыңғайлы ойластырылған. Бір сөзбен айтсақ, осы дүниелерді жасайтындар «робот» секілді бәрін алдын ала қарастырады. Бізге осы «роботтық» қалып жетіспейді. Яғни, артық та, кем де істемей, дәлдікке бойсынуымыз қажет. Бұдан шығар қорытынды, біздерде еңбек ету үрдісі әлі күнге дұрыс қалыптаспай келеді.
Реформа, инновация секілді әдемі сөздерді айтамыз. Бірақ… Мәселен, немістерді алайық. Олардың қазақтардан оза шабуының мәнісі неде? Себебі, оларда ұсақ-түйек деген нәрсенің өзінен бірдеңе жасап шығарады. Қарапайым мысалмен айтсақ, сағат жасауда оған қажетті титімдей тетікше, бөлшекке дейінгінің бәрін ойлап табады, ондайдың мыңдаған түрін жасап шығаруға бейім. Ал бізде тоғыз жүз тоқсан тоғызын табады да, біреуін таппайды. Е, қойшы, ештеңе қылмас деп қоя саламыз. Бұл дегеніңіз, еңбектің зая кеткені ғой. Технология дегеніміз осы. Егер біз дамыған елу елдің қатарына енеміз десек, онда бүкіл параметрмен кіруге тиіспіз.
Бір кезеңдерде Алматыда мақта-мата комбинаты жұмыс істеді. Тәп-тәуір комбинатты түрлі сылтаулармен жауып, оның орнына жиһаз сататын үлкен дүкен салды. Мұндай дүкен дүниеде жоқ десек болады. Алайда, оның ішіне кіріп көрсеңіз, сатылымдағы заттардың 10 пайызы ғана өзімізден, қалған 90 пайызы шеттен, Румыниядан, Италиядан, Молдавадан әкелінген. Осыған таңым бар… Менің білуімше Алматыдағы үйлердің тең жарымын «АДК» салды. Елу жыл болса да олардың сапасы соңғы жылдардағы салынған жаңа үйлермен еш салыстыруға келмейді. Неге десеңіз, бүгінгі үйлердің сапасы сын көтермей отыр. Егер аяқ асты жер сілкінісі орын ала қалса қай үйлер қалуы мүмкін? Әлбетте, жаңа салынған үйлерге күмәнім бар, ал елу жыл бұрын салынған үйлердің сапасы әлі де 50 жыл шыдап бағатындығына сенімдімін.
Қысқасы, реформа жасаймыз деп, түрлі далақтау әдісіне көштік. Яғни, немістерге, ағылшындарға, бір сөзбен айтқанда шетке көбірек еліктедік. Бұл дегеніңіз, олар басына «шляпа» киеді екен, біз де қалыспайық дегенмен пара-пар ғой. Сөйттік те, өзімізде бардың бәрін жауып тындық. Қала емес, даладағы дүниелердің де дәнеңесі қалмады.
Қазақтың жерінен кең жер жоқ дейміз. Алайда, жер жанаты Жетісу өлкесінде мал бағатын жер қалмады дегенге сенесіз бе? Бар жеріміз атқамінерлердің иелігінде кетіп отыр. Бәрі демеймін, алайда бес-алты-ақ адамның өзі-ақ осы жерлерді иемденуі еш ақылға сыймайды. Осы тұста 28 панфиловшылардан Клочковтың: «Велика Россия, за нами Москва.Отступать некуда…» деген сөзін бүгін мен де қайталағым келеді. Тек, Ресейдің орына Қазақстан деп алыңыз…
Жетісудың кең жерінен жер ала алмаудан асқан қасірет бар ма дерсіз. Өз басым Қаскелеңнен жер алуға қаншама ниеттендім. Алайда, жерлердің бәрі жекешеленіп кеткен. Ал оны сатып алу үшін қаншама қыруар ақша қажет. Бір таңқалатыным, бұл жерлердің игерусіз, бос жатқаны.
Реформа керек, дұрыс нәрсе. Бірақ, біздегі реформалар көп жағдайда далақбайлық болып кетті…
Жер жаннаты болып табылатын Жетісуда неге алманы өсіре алмайды, неге аяқ-киім фабрикасы жоқ. Мен осыны түсіне алмай келемін.
Президентіміз айтудай-ақ айтып келеді. Бірақ біздің қоғамдағы кейбір азаматтар Елбасы тапсырмаларын кері бұрып, жоққа шығарып келеді.
JetysuNews: Сіздіңше, Елбасының тапсырмасын жергілікті басшылық тарапы елең қылмай келеді демексіз бе?
Асқар Жұмаділдаев: Көпке топырақ шашпаймын. Алайда, мұның атын «тихий собатаж» дейді. Яғни, жоғарыдан төменге жеткенде өңін айналдырып жіберу.
JetysuNews: «Айтқандарымның бәрі тура бес жылдан кейін орындалып жатады» дейсіз бір сөзіңізде. Сонда біз нәтижеге кешеуілдеп келетін тәріздіміз ба?
Асқар Жұмаділдаев: Неге екенін білмеймін. Бірақ, мен айтқан дүниелердің бәрі кейін қайталап айтыла бастайтыны рас. Мәселен, елімізде экономистер мен заңгерлер қаптап кетті. Оның бәрі бізге зияндық алып келеді. Бізге технократ керек деп айтқан мен болатынмын. Ал қазір оны жұрттың бәрі айтады. Сонымен қатар қазақтан Билл Гейтс шығуы керек деп те айттым. Бұл да қайталанып келеді. Меніңше, тақта мәселесі де бес жылдан кейін сөз етіле бастайды. Бұл әулиелілік емес, яки біреуге ұнау үшін де емес. Ойыңды ашық білдіру. Мұның бәрі факт. Ненің бар, ненің жоқ екенін дәл айту.
JetysuNews: Бүгінгі білім жүйесіне көңіліңіз тола ма?
Асқар Жұмаділдаев: Бізде сөз жүзінде бәрі тамаша, ал іс жүзіне келгенде мүлдем басқаша. Бәсекелестік болуы керек дейді. Ал шын мәнінде ол жоқ. Мәселен, Президенттік мектепті, университетті бітірсеңіз емтихан тапсырмайсың дейді. Неге? Өйткені Назарбаевтың атында. Осыдан кейін бәсекелестік жайында әңгіме қозғап көріңіз. «Болашақты» бітіргендерге жұмыс тауып беріңдер дейді. Неге олай? Сол секілді біздегі заң жүйесі де екі түрлі қызмет атқарады. Яғни, жай адамдарды күшімен басады, ал «көкең» мықты болса, басуға шамасы жетпейді. Осының бәрі айналып келгенде бәсекенің біркелкі болмауында. Жүйенің дұрыс болуы үшін қоғамды түзеу керек.
JetysuNews: Математикаға бейімі бар баланы қалай жетелеу керек?
Асқар Жұмаділдаев:Кедергі жасамау керек. Қандай кәсіпті игерсеңіз де таза кәсібилікке бойұсыну қажет.
JetysuNews: Алматыны алғаш көрген Асқар ағаның сол кездегі сезімі туралы білгіміз келеді…
Асқар Жұмаділдаев: Алматыға келдім дегенім болмаса, бойымды еш сезім билемепті. Шынымды айтайын, Алматы маған тіптен ұнаған жоқ.
Маған Отаның қай жер десе, бірінші – Шиелі, екіншісі – Москва дер едім. Неге десеңіз, Шиеліде кіндік қаным тамды, ал Москвада ғалым ретінде қалыптастым. Ал егер мен ғалым болмасам, кімге керекпін. Сондықтан, ғылым жолына қызығушылығым, кәсіби ғалым ретінде қалыптасуым Москва қаласымен сабақтасады.
JetysuNews: Интернаттағы өмір жайында қандай естеліктер айта аласыз?
Асқар Жұмаділдаев: Естеліктер дейсіз бе. Білмеймін. Шынымды айтсам, интернатта өткізген жылдарым сағынышқа толы болды. Ауылда еркін, еркелікпен өскен баланың жатақханадағы өмірін көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Үш мезгіл еден жуасың. Бұл жақтың тамағы да басқа. Осы кездерде апаңды, ол пісірген тағамдарды аңсайсың.
Интернатта Нұрғали есімді бала болатын. Ол Том Джонстің пластинкадағы әндерін қойып, балалар болып шулап, билеп жүретін кездер есімде қалып қойыпты. Қыздарға алғашқы қырындау, ол да есімде. Сол кезде бұл жерде Жетісудың қыздары көп еді. Әсіресе, Қаскелеңнен. Бірақ ол қыздар бізге қарамады. Олар қаланың балаларымен дос болуды тәуір көрді.
Сонымен қатар есте қалғаны ауылға поезбен барып, келу.
JetysuNews: Мәскеуге барып, МГУ-ға оқуға түсерде Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» туындысы бойынша мазмұндама жазып, орыс тілінен екі алған екенсіз…
Асқар Жұмаділдаев: Иә, дәл солай. Бірақ сол жердегі орыстар маған көмегін берді. Бір орыс жігіті мені танитын болып шықты. Әсте, олимпиадаға қатысып жүргенімде есінде қалып қойсам болуы керек. Сөйтіп солардың көмегімен аппелияцияға беріп, екіні үшке түзеттік қой. Ал қазір Лев Толстой менің ең сүйікті жазушым болып табылады.
JetysuNews: Егер сіз сол кезде МГУ-ға түспегенде, басқа жолды таңдар ма едіңіз?
Асқар Жұмаділдаев: Мүмкін. Ол кезде жассың, бойда еліктеушілік бар дегендей. Математик болмасам, ақын болар едім. Тарихшылықты таңдауым да бек мүмкін еді.
JetysuNews: Үш бірдей елдің Президенттерінің қолынан сыйлық алыпсыз…
Асқар Жұмаділдаев: Ең бірінші Германияның Президенті қолынан Гумбольдттық стипендиясын алдым. Одан кейін 2011 жылы Елбасымыздың қолынан Мемлекеттік сыйлықты алдым. Ал 2012 жылы Әл-Хорезми атындағы Иран Мемлекеттік сыйлығын иелендім.
JetysuNews: Қайын атаңыз болған, ақын Тұманбай Молдағалиевпен екеуара қалғанда қандай әңгіме қозғаушы едіңіздер.
Асқар Жұмаділдаев: – Өзімше көсемсіп сөйлегенмен, оның алдында үндемейтінмін. Ол сөзін бөле бергенді еш ұнатпайтын. Оның алдында субординацияны сақтадым. Мен оның қолына су құйған адаммын.
JetysuNews: Құралай апамызбен қалай танысып, табыстыңыз?
Асқар Жұмаділдаев: Бірде Тұмекеңнің: Май да дайын, Құралай, шай да дайын Құралай дейтін өлеңін оқыдым. Сөйтіп, логикама жүгініп, оны іздей бастадым. Москваның қай жерінде екен деп жүргенімде, бір жігіт келді. Оның әкесі де ақындыққа жақын адам еді. Ұлына Тұманбайдың қызының мекен жайын беріп, барып таныс деген ғой. Ал, ол қаланың баласы еді. Маған келіп айтты. Мен де қуана кеттім. Содан бірге барып таныстық. Құралай оны емес, мені таңдады. Осылайша танысып, табыстық.
JetysuNews: Ер адамның өсуі мен өшуін алған жарымен сабақтастырып жатады. Бұған не дейсіз?
Асқар Жұмаділдаев: Өте дұрыс. Тағдыр маған екі рет үйленуді жазыпты. Екеуінде де жар таңдаудан еш қателескен жоқпын деп айта аламын. Олар маған қай кезде де демеу болды. Құралаймен отасқан жылдарым да, қазіргі Сәулемен өтіп жатқан өмірімде де өзімді бақытты сезінемін. Мен айтар едім, отбасындағы әйелдің рөлі басым. Еркектің аяғын алшаң басып жүруіне себепкер де әйел. Егер оның мінезі, қылығы дұрыс болмаса, қанша жерден тырысып бақсаңыз да еңбегіңіздің зая кеткені.
JetysuNews: Балаларыңызға кімді үлгі етесіз?
Асқар Жұмаділдаев: «Әкеге қарап ұл өсер» –демекші, ұлдарыма өзімді үлгі етіп көрсетемін. Себебі мен арақ ішпеймін, темекі тартпаймын, балағат айтпаймын.
jetysunews.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста