Арқадан ауған арқарға «Қызыл кітап» пана бола ма?
Қоршаған ортаның құнды қазынасын қастер тұтқан қауым әрбір жүгірген аң мен ұшқан құсты, өсімдіктер әлемін көздің қарашығындай сақтауға көңіл бөледі. Ашығын айтайық, осы тұрғыда біз өз жағдайымызбен мақтана алмаймыз. Кезінде иен даланың еркесіне айналған аң мен құстың көбі қазір санаулы ғана қалғандай. Біразын «Қызыл кітапқа» да енгізіп үлгердік. Талай мәрте мылтықтың нысанасына жазықсыз жануарды байлап та жібердік. Адамдар тарапынан осындай аяусыздық көрген тіршілік иелері аз ғана уақыт ішінде азайып шыға келді. Осындай аңдардың қатарына арқарды жатқызуға болады. Тау мен тасты мекен еткен арқар қазір көзге көп ұшыраса қоймайды. Бәлкім, адамнан аяушылық көрмегеннен кейін олар да өз әрекетін жасауға көшкен шығар.
Арқар – Азия құрлығында мекен ететін жануарлардың бірі. Әсіресе Тянь-Шань, Памир, Алтай тауларында кездеседі. Негізгі қонысы біздің қазақ даласы екен. Кең-байтақ даламыздың көптеген бөлігінде бар. Елімізде арқардың үш түрі кездеседі. Алғашқысы – Қаратау арқары. Олардың саны өте аз. Жойылуға жақын десек те болады. Тек Қаратауда ғана таралған. Таудың жазықтау жоталарында бірен-саран көзге ұшырасады. Жалпы саны – 100 басқа жуық. Арнайы қорғайтын орындар жоқ. Одан кейінгісі Тянь-Шань тауының қазақстандық бөлігінде жүреді. Үшіншісі Солтүстік Қазақстан өңірін мекен еткен. Арқарлар өздері тіршілік ететін аймақтарға байланысты бөлінеді. Алтай тауының біздің еліміздегі бөліктерінде де арқарлар көзге ұшырасады. Ал елімізде қанша арқар бар екенін дөп басып айта алмаймыз.
Арқарлар неге азайып кетті? Ғалымдар бұл тұрғыда зерттеу жүргізіп жүрген шығар. Дегенмен осы мақсатта елімізде нақты жоспарлар жоққа тән. Ол тек аталмыш аңға байланысты ғана емес. Әрбір аң мен құсты қорғауға алғанымыз артық емес қой. Осындай олқылық салдарынан табиғаттың тартуы болған көптеген аң мен құс, өсімдік Қазақстанның «Қызыл кітабынан» орын алуда. Адамдар тек бір сәттік қызық қуғандарына мәз болады. Ал оның соңында қаншама зардап бар емес пе?! Шындығын айтайық, ондай олқылықтың алдын алуға шамамыз келе ме? Өйткені ұлан-байтақ даламыздың әрбір қиырында жүрген аң мен құсты сала мамандары қорғай ала ма? Бұл – заңды сауал.
Өйткені қазір елімізде еріккен екінің бірі – браконьер. Олардың біршамасын қолға түсіріп жатырмыз. Ал құрыққа ілікпегені қаншама? Иен даламыздағы аң мен құстың нақты санын тап басып есептеп бере аламыз ба?
Ұзақ жылдардан бері Сыр бойының табиғатын зерттеп жүрген биолог Оразбай Қосанов арқарлардың азайып кетуінің басқа да себептері бар екенін айтады. Оның пайымдауынша, қазір бұрынғы бұлақтар көзі азайып кеткен. Сондай-ақ жайылымдық жерлер де тарылып барады. Осының өзі арқарлардың сиреп кетуіне алып келді. Одан қалды, адамдар да жазықсыз жануарды мылтықтың оғына байлап жатыр. Яғни браконьерлік жағдай олардың ажал табуына итермеледі. Өте сақ жануар көбінесе күндіз жайылады. Қасқыр, сілеусін, аю секілді жыртқыш аңдар – олардың негізгі жауының бірі.
Оразбай ҚОСАНОВ, биолог:
– Арқарлар еліміздің бірқатар қорықтарында қорғауға алынған. Дегенмен Қаратау бөктерінде жүрген түрлеріне ондай қамқорлық жасалып отырған жоқ. Сол себепті Қаратау жоталарында оларға арнайы қорғалу аймақтарын ұйымдастырған артық емес. Жалпы, бұл таудың сәніне айналған аңға деген ерекше қамқорлық болар еді. Әзірге оған назар аудармай отыр деуге болады.
Жалпы, Қаратаудың арқары өзге түрлерімен салыстырғанда ірілеу келеді. Еркегі болып табылатын құлжасының салмағы 110 келіге дейін жетеді. Негізінен, биік жерлерге қоныс тебетін аталмыш аңды көргенде ерекше сезімге бөленесің. Ай мүйізінің өзін табиғаттың берген сұлулығы деп таңдай қағасың. Әлемнің әр қиырындағы аң мен құстың ешбірінен бір мысқал да кем түспейтін сұлулығы талайдың көзінің құртына айналғандығы анық. Қазір туризм саласын дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Ендеше, таудың баурайында демалыс аймақтарын ұйымдастырсақ, «біздің табиғат байлығымыз есебінде көрсете алатын аңды қашан аялаймыз» деген сауал бар көкейде.
Оразхан АЙДАРОВ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы:
– Біз зерттеу жұмыстарына байланысты Қаратау бөктеріне талай мәрте бардық. Онда арқардың көп кездесетінін кезінде үлкендерден еститін едік. Дегенмен қазір олар көзге ұшыраса бермейді. Әрине, олардың саны азайып кеткені – өкінішті. Шетелдерде әрбір аң мен құсты қорғауға ерекше мән беріледі. Олардың азайып кету сырына үңіледі. Бізде әзірге осындай көзқарас жетіспей жүр. Саны азайған аң мен құсты «Қызыл кітапқа» тіркей бергенмен іс бітпейді.
Қазақта «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар» деген нақыл бар. Шындығында да солай. Оларға қамқорлық танытып жатсақ, арқарлар азайып кетер ме еді? Қыс жылы болғанымен, арқарларға деген жанашыр көңіліміз жылы болмай тұрғандығы – аянышты. Арқарлар қазақ даласының сәні еді, шындығында...