Қазiр Алматы қаласында «менмұндалап» тұрған жарнамалық билбордтар мен роликтерден көз сүрiнедi. Алайда бәрiнiң бiрдей сапасы талапқа сай емес. Жарнамалардың мәтiнiнде грамматикалық және стилистикалық қателер өте жиi кездеседi.
Ең қызығы, бұл кемшiлiк мемлекеттiк тiлдегi нұсқасында ғана, ал орыс тiлiнде жазылған нұсқасында бәрi тайға таңба басқандай анық, сауатты жазылады. Мысалы, Байтұрсынов пен Сәтбаев көшелерiнiң қиылысында орналасқан «АйСер» қонақүйiнiң бiр жақ бөлiгiн ала орналасқан жарнамалық билбордта жеңiл көлiкте қауiпсiздiк белбеуiн тағу туралы жазылған бiр ауыз сөзде бiрнеше қате кездеседi. Билбордтың жоғарғы жағында iрi әрiптермен «БЕЛЕУДI ТАҚ!» деп жазылса, сәл төменiрек «Белебеудi бiр таққаның, өмiрiңнiң сақтығы» деп жазылған. Алғашқы сөзде «б» дыбысын «ұмыт қалдырса», екiншi сөйлемде «е» дыбысын артығымен берiп, «жарылқап» тастаған. Сөйлемнiң мағыналық құрылымы да құлаққа сiңбей-ақ тұр. Орысшасында әдеттегiдей әр сөзi мен мағынасы өз орнында. Мұндай жарнамалар қаламызда жетерлiк.
Жоғарыдағы Байтұрсынов пен Сәтбаев көшелерiнiң қиылысындағы жарнама қай тоқсанның тексеруiне кiретiнiн қайдам, алайда бiз хабарласқан сәтте ономастика бөлiмiнiң бастығы ол жайдан хабарсыз екенiн жасырмады. Бiзге түсiнiксiз болып отырғаны көшедегi жарнамалар қатесiз жазылуы үшiн неге тоқсандық тексерудi күтiп отыруы тиiс? Оларды iлер алдында толық тексеруден өткiзуге болмас па? Әлде бiзге көшедегi жарнаманың сапасынан гөрi қала бюджетiне түсiрiп отырған пайдасы қымбатырақ па?! Өйткенi қала бюджетiнiң 60 пайызы жарнамадан түседi екен. Қалтаны қампайтатын жарнаманың бюджетiне қызыққан қала басшылары да жарнамаларды оңды-солды орната беретiн болды.
Алматы қаласының LeonST жарнамалық компаниясының айтуынша, қала iшiндегi жарнамалар құны үш дәрежеге бөлiнедi екен. «А» дәрежелi – орталық көрнекi көшелердегi жарнамалар, «В» дәрежелi – қала орталығына жақын, қалтарыстау көшелердегi жарнамалар және «С» дәрежелi қаланың шеткi көшелерiндегi жарнамалар болып жiктеледi. Жарнамалардың құны да орналасуы мен көлемiне қарай, айына 210 мың теңгеден 340 мың теңгеге дейiнгi аралықта. Тұтынушының талабына сай жарнаманы бiр айдан бастап, түрлi уақытқа созуға болады. Жарнама құны да соған сай өзгертiледi.
Жыл басында қазақстандық дизайнерлер Алматыны сыртқы жарнамалардан тазартуға шақырды. Олар «Алматыдағы қалай болса солай орналастырылған сыртқы жарнамалар қаланың архитектуралық сәнiн кетiрiп тұр, қаланы әлем-жәлем билбордтардан тазарту үшiн «Жарнамалар туралы» заңға арнайы толықтырулар мен өзгерiстер енгiзу қажет» деген бастама көтердi. Алайда айтылған әңгiме сол күйi қалды. Қытайдың Бейжiң қаласында, 2008 жылғы жазғы олимпиада ойындарының алдында қала көшелерiнiң сәнiн бұзып тұрған жарнамаларға қатаң тосқауыл жасап, қала орталығына билбордтарды орналастыруға тыйым салған. Қытайлықтар, ең алдымен, сыртқы жарнаманың бәрi шаһардың бас жоспарына сәйкес дамуы қажеттiгiн алдыңғы орынға қояды. Темiржол вокзалдары мен әуежайларда жарнама орнатуға қатаң тыйым салынған. Ал бiзде қаланың орталығынан бастап, шеткi көшелерi де жарнамадан құр қалмаған. Алматы қаласы – шетелдiк қонақтардың жиi келетiн елiмiздегi басты қалаларының бiрi. Оның үстiне Алматыда өтетiн қысқы Азия ойындарына небәрi екi жыл қалды. Олимпиада қарсаңында қаламызға сын көзбен қарар қонақтар көп келетiнiн ескерсек, қала көшелерiндегi жарнаманың орналасу тәртiбi мен сапасын қадағалайтын кез жеткен секiлдi.
Сайлау ОРАЗОВ, Алматы қалалық Тiлдердi дамыту басқармасының ономастика бөлiмiнiң бастығы: «Тiл туралы» заңның 21-бабына сәйкес Алматы қалалық Тiлдердi дамыту басқармасы мен Алматы жарнама қызметкерлерi бiрлесе отырып, қала көшелерiнде iлiнген тақталар мен жарнамаларды тоқсан сайын тексерiп отырамыз. Кездескен қателердi жарнама иелерiне жазбаша түрде ескертемiз. Олар бiздiң ескертуiмiзден соң түзетедi. Бiздiң қызметiмiз ескертумен ғана шектеледi. Заңға сәйкес одан артық шаралар қолдана алмаймыз».