Алматыда заңсыз нысанды сүру кезінде сот орындаушысы соққыға жығылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады.
Республикалық жеке сот орындаушылар палатасының хабарлауынша, сот орындаушы Бостандық аудандық сотының шешіміне сәйкес Виноградная 3/1 мекенжайына заңсыз нысанды сүру мәселесімен барған.
"Шара қолдану 4 қазан түскі сағат 11.00-ге жоспарланған болатын. Сот орындаушы аумаққа полиция қызметкерлерімен кірді. Полиция қызметкерлерінің жанында белгісіз біреулер сот орындаушысына қысым жасай бастады. Олар сот орындаушысына өз міндетін орындауға тыйым салып, қорқытуға тырысып, кейін соққыға жықты", - деп хабарлады республикалық жеке сот орындаушылар палатасынан.
Сот орындаушысы аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғау туралы тиісті арыз жазған. Бұдан соң сот орындаушысын ұрған адам боксшы Жанқош Тұраровты шақырған.
"Нысан иесі М.Н.Ысқақов сот орындаушысын буындырып, ғимаратты бұзуды тоқтатуды талап еткен, кейін қабырғасы мен өкпе тұсынан ұрған. Соққы полиция қызметкерлерінің көзінше болған. Жедел жәрдем дәрігері соққының денсаулыққа орта дәрежеде зиян келтіргенін айтты. Полиция қызметкерлері қашып кетіп, оқиға орнында болмаған",- деп хабарлады республикалық ЖСО палатасынан.
Сот орындаушысы ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғау туралы арыз жазып, таяқ жегеннен кейін көшеге жүгіріп шыққан учаскелік полицияға берген.
"Оқиға кезінде сот орындаушысына және басқа адамдарға қысым жасау мақсатында Ысқақов боксшы Тұраров Жанқош Жасұланұлын шақырған. Оқиға орнына келген боксшы сот орындаушысынан М.Н.Ысқақовқа қатысты полицияға түсірген арызын алуды талап еткен. Сондай-ақ, Жанқош Тұраров бұл әрекетті заңсыздық деп санап, осы үшін қорқытқан. Кейін М.Н.Ысқақов пен Ж.Ж. Тұраров А.А.Ермековке қарсы физикалық соққы көрсетіп, қорқыта бастаған. Тікелей қысым көрсетіліп, сот актісінің талаптарын орындаудан бас тартуға мәжбүрлеген", - деп атап өтті палатадан.
Қалалық полиция департаменті тиісті сараптамалар тағайындалғанын мәлім етті.
"Бостандық аудандық полиция басқармасы бұл фактіні тіркеді, сот орындаушысы үйдің иесіне арыз жазды, тиісті сараптамалар тағайындалды. Соның негізінде процессуалдық шешім қабылданады", - деп атап өтті ПД баспасөз қызметі.