Алматы соты қаладағы InterContinental қонақ үйінде бір жарым жасар сәбиді өлтірді деген күдікпен шетел азаматына бұлтартпау шарасын шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Күдікті Ұлыбритания азаматы екені белгілі болды. Болжаммен, ол өз қызын өлімші етіп ұрып-соққан. Ол екі айға қамауға алынды. "26 қазанда сот санкциясымен күдікті екі айға қамалды. Ұлыбритания азаматы ҚР қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 3-тармағы ("Адам өлтіру, кінәлі адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды, сол сияқты адамды ұрлаумен не кепілге алумен ұштасқан") бойынша күдікке ілінді", - делінген Алматы қалалық сотының хабарламасында. Айта кетейік, 24 қазанда таңғы уақытта әкесі бір жарым жастағы қызын өлімші етіп ұрып-соққан. Басында ер адамның баланы қылғындырғаны айтылды.