«Алла-аят» бірлестігі 2008 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласы ауданаралық экономикалық сотының шешімімен таратылып, Республика көлемінде әрекет етуіне тыйым салынған болатын. Алайда Ақтөбе облысындағы оның белсенді мүшелері жұмысын тоқтатпай, бүгінгі күнге дейін жалғастырып келгені анықталды.
Жуырда қала мейрамханасының бірінде заңсыз діни бірлестіктердің мүшелері адамдарды жинап, өз жұмыстарын жүргізіп жатқан жиынның үстінен түскен. Бұл ұйым бұған дейін де кафе, мейрамханаларды жалдап, өз беттерімен әрекет етіп, ара-тұра жиын өткізіп тұрыпты. Аруақтармен «тілдесетін» олардың бір қатары жүйке ауруына шалдыққан.
Бұл жолы мейрамханада бас қосқан заңсыз ұйымның белсенді мүшелеріне прокуратура мен әділет департаментінің мүшелері және полиция бірлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Дегенмен құқық қорғау органдары оларға тек ескертумен шектелді. Алдағы уақытта ұйым мүшелері тағы осындай заңсыздыққа баратын болса, әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл салынатын болады.
Қазір облыс аумағында 112 діни бірлестік бар. Оның 80-і исламның түрлі бағыттарын ұстанады. Яғни бір мешітте бөлек-бөлек отырып, намаз оқиды. Ол аз болса, облыста евангелистердің үш ұйымы және түрлі елдерден келген 51 миссионер уағыз таратуда. Осындай жайларды ескерген жергілікті оқу орындарының басшылары имамдарды шақырып, студент-жастармен кездесулер өткізіп жатыр. Оған тағы бір себеп, КазҰТУ-ның студенті өзінің дербес компьютеріне рұқсат етілмеген діни ағымдардың бейнетаспасын сақтап, оны студенттер арасында насихаттау үшін пайдаланып келген. Тағы бір ақтөбелік тыйым салған ұйымның 125 таспасын таратып үлгерген.
«Алла-аят» аяны жастарды улап барады
Последние статьи автора