Алаш АЙМАҚ
Оңтүстік – тіршіліктін бастауы
Адамзат баласының тарихы аңыздардан бастау алады. Ал аңыздың түбінде бір шындық бары анық. Сол аңызға сенсек, жер бетіндегі тіршілік қасиетті Қазығұрт тауынан басталады. Жер бетін топан су алғанда әр тіршілік иесінің бір-бір жұбын салып алған Нұһ пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауында аялдаған. Бұл кезең наурыздың 22-сіне, яғни жаңа жыл – Наурыз мейрамына дөп келеді. Сол себепті жаңа жыл да Қазығұрттан басталады.
Адамзат тарихынан қазақ тарихына қарай ойыссақ, тағы да оңтүстікке тоқталуымызға тура келеді. Қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан бөлініп, Шу бойы мен Қозыбасы деген жерде Қазақ хандығының алғашқы іргесін қалап, Созақ жерінде ту тіккені тарихтан белгілі. Қазақ хандығының қалыптасып, нығайып, ел болуына тірек болған шаһарлардың ішінде осы Созақтың орны ерекше болғаны жайлы да дерек-дәйек көп. Қазіргі аудан орталығы – Шолаққорғандағы алғашқы хандардың құрметіне қойылған Қазақ хандығы ескерткіші жастар мен болашағымызға ұлттық рух сыйлап, тарихымызға құрметпен қарауға баулиды. Атақты ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан: «Қаратаудың солтүстік бөктерінде, Созақ поселкесінің жанында сол аттас қамал қала бар, ол қазақ жерін біріктірудің бастапқы кезеңінде қазақ хандығының тірегі болған. Созақ әрдайым далалық аудандарда билік жүргізу үшін де, сонымен бірге Түркістандағы қалалар үшін де Қазақ хандығының сыртқы жаумен күресіндегі басты таянышы, стратегиялық тұғыры болды», – деп жазады. Одан кейін де қаншама жыл Қазақ хандығының астанасы болған, түркітілдес мемлекеттер үшін рухани астана саналатын, екінші Мекке атанған Түркістан – қазақтың маңдайына біткен хандар мен батырлардың мәңгілік мекеніне айналған қасиетті қала. Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан, еліміздегі ең көне шаһар саналатын сансыз бабтар мекені Сайрам да – облысымыздағы қастер тұтатын орындардың бірі. Жоңғарлардың жойқын шапқыншылығына тап болғанда ойлы кеңестің ордасына айналған Ордабасы тауы да – осында.
1932 жылы 10 наурызда құрылған Оңтүстік Қазақстан облысы Тянь-Шань тауының батыс сілемдері мен Тұран ойпатының шығысын ала 117,3 мың шаршы шақырым аумаққа орналасқан. Оның солтүстік бөлігін – Бетпақдала шөлі, оңтүстік қиыр шетін Мырзашөлдің қуаң даласы алып жатыр. Шығыс жағында – Жамбыл, солтүстігінде – Қарағанды, батысында – Қызылорда, оңтүстігінде Өзбекстан Республикасымен шектеседі.
Ресми мәлімет бойынша, 2012 жылдың 1 маусымында облыс халқының саны 2 млн 647 мың адамды құраған. Халқының негізгі бөлігі (69 пайызы) – жергілікті ұлт өкілдері.
Жылыжайлардың 70 пайызы – оңтүстікте
Республикадағы жылыжайлардың 70 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында орналасқан. Осыдан төрт жыл алдын облыстағы жылыжайлардың жалпы көлемі 56 гектарды құрап, онда өндірілген қызанақ пен қияр 7 мың тоннаға жеткен екен. Оны облыстағы әрбір тұрғынға шаққанда 2,8 келіден тиген. Мемлекет тарапынан қолдау жақсарғалы бері жылыжай шаруашылығы қарыштап дами бастады.
Соңғы уақыттағы жағдай бойынша облыстағы жылыжайлардың көлемі 400 гектарға жуықтап отыр. Одан түсетін өнім 45 мың тоннаны құрайды. Бұл – осыдан төрт жылғы көрсеткіштен 6,4 есеге көп деген сөз. Мамандардың айтуынша, ашық жерде бір гектардан 30 тонна өнім алынса, жылыжайда оның көлемін 300 тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік бар.
Мақта – ұлт байлығы
Тасын түртсең, тарих болып сөйлейтін оңтүстік шыбық шаншысаң, шынар болып өсетін жерінің жомарттығымен де ерекшеленеді. Ауыл шаруашылығы саласында республика аумағында оңтүстікте ғана өсірілетін мақта шаруашылығының орны бөлек.
Мақта шаруашылығы оңтүстік өңір экономикасының арбасын алға сүйрейтін бірден-бір сала болып отыр. Оны мынадан-ақ байқауға болады. 1996 жылы облыста 160 мың тонна шитті мақта өндірілсе, қазір бұл көрсеткіш еселеп артты. Жыл сайын орта есеппен 300 мың тоннадан астам мақта шиті өндіріліп, оның басым бөлігі шетелге экспортқа жіберіледі. Бүгінде қазақ мақтасының әлемдік нарықта өзіндік орны бар. Себебі сапасы жағынан кез келген елдің өнімінен кем түспейді.
Елбасының бастамасымен оңтүстікте мақта тоқыма кластерін құрудың қолға алынуы ауыл шаруашылығы саласына тың серпін берді. Кластерді дамыту негізінен екі бағыт бойынша жүзеге асырылып келеді. Біріншіден, мақта саласына ғылыми жаңалықтарды енгізіп, жаңа технологияларды меңгеруге баса назар аударылды. Бұл мақсатта Қазақ мақта ғылыми-зерттеу институты құрылды. Сондай-ақ облыста арнайы экономикалық аймақ құру қолға алынды.
Ибадулла Үмбетаев – еліміздегі мақта саласын мықты білетін мамандардың бірі. Мақта шаруашылығының қыр-сырын жетік меңгерген оған ғылыми-зерттеу институты сеніп тапсырылды. Ибадулла Үмбетаевтың пікірінше, елдің егемендік алуы қазақ мақтасының әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін анағұрлым арттырды.
Ибадулла ҮМБЕТАЕВ, Қазақ мақта ғылыми-зерттеу институтының директоры:
– 2000 жылға дейін Қазақстанда мақтаның отандық сорттары болмаған. Біз көрші мемлекеттерден әкелінген түрлерін егіп келдік. Ал институт құрылған соң отандық жаңа сорттарын шығара бастадық. Бүгінгі таңға дейін 11 жаңа сорт ойлап таптық. Қазіргі кезде оңтүстіктегі мақта алқаптарының 90 пайызында біздің институт шығарған сорттар егіледі.
Ермек АБАСОВ, «Хлопкопром» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:
– 2000 жылдардың басында Қытайда жылына шамамен 3-3,5 млн тонна мақта талшығы өндірілетін. Ал 2004 жылдан бастап мұндағы мақта өндіру 7 млн тоннадан асты. Алайда мақта алқаптары көбеймеген, керісінше, азайған. Зерттеп көрсек, барлығы тамшылатып суару жүйесін енгізудің есебінен екен. Жаңа тәсілді қолдана отырып, біз де өнімділікті 75 центнерге жеткіздік.
Бұл – нағыз халықаралық стандарт. Осы әдіс елімізде жаппай қолданылатын болса, Қазақстанда жылына 1 млн тонна мақта өндіруге болады екен. Дегенмен кәсіпкерлер тек мақта өсірумен шектелмей, құны жоғары, табысы мол дайын өнім шығаруға да ден қоя бастады. Соңғы жылдары оңтүстікте мақта талшығынан дайын өнім шығаратын кәсіпорындар көптеп ашылуда.
Болашақта «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында ірілі-ұсақты 30-ға жуық өндіріс орны ашылмақ. Онда қазірдің өзінде жалпы құны 26 млрд теңгені құрайтын бес жоба жүзеге асуда.
Аймақ барит, көмір, темір және полиметалл рудалары, бентонитті саз, вермикулит, тальк, әктас, гранит, мәрмәр, гипс, кварц құмдары сияқты пайдалы қазбалардың кен орындарына бай. Уран қоры бойынша облыс республикада – бірінші орында, фофориттер мен темір рудаларынан үшінші орын алады.
Шырайлы Шымкенттің ерекшеліктері
Шымкент дегенде елдің есіне ең алдымен не түседі? Әрине, әркім әртүрлі қауесетке жан бітіретіні рас. Бірақ қонақжай оңтүстікке бір қыдырып келген адамның ондай ойдан лезде арылатыны да – шындық. Алайда бүгінгі айтпағымыз басқа. Шынында да, шымкенттіктер несімен ерекшеленеді?
• Ең алдымен, халқының тығыздығымен. Ал жергілікті ұлт өкілдерінің басымдығы оңтүстіктің ғана емес, республика халқының ұлттық құрамына да зор үлес қосып отыр. Ұлттық салт-дәстүріміздің сақталып қалуындағы оңтүстіктің үлесі теңдессіз. Аллаға шүкір, соңғы жылдары балағынан бала саулаған алтын құрсақты аналардың саны артып, бүлдіршіндеріміз балабақшаларға сыймай жатыр. Ал жаңадан бой көтерген мектептер саны жыл сайын қосылумен келеді. Шымкент қаласының өзінде биылғы жаңа оқу жылында төрт бірдей мектеп пайдалануға берілгелі отыр.
• Оңтүстік әулиелі орындарымен де ерекшелене алады. «Отырарда – отыз баб, Сайрамда бар сансыз баб, Түркістанда – Түмен баб, бабтардың бабы – Арыстан баб» деген сөз тіркестері бекер айтылмайды. Оларға тәу етуге алыс-жақыннан арнайы келетіндер қатары уақыт жылжыған сайын жиілеп келеді.
• «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген Ахмет Байтұрсыновтың ұранға бергісіз бұл сөзін шымкенттіктерден артық түсініп, қолданысқа енгізген бірде-бір облыс жоқ шығар, сірә! Еліміздегі ең ірі қала – Алматының өзі оңтүстікке теңесе алмайды. Облыстың тыныс-тіршілігінен құлағдар етіп, шикілік жіберген шенеунікті сынауда алдына жан салмайтын қазақ басылымдарының өзі 200-ден асады. Содан да болса керек, оңтүстіктің төл шенеуніктері де, өзге облыстан келген лауазым иелері де әр қадамын аңдап басып, әр сөзін ойланып барып сөйлейтін дәстүр қалыптасқан. Бұл да болса қалам-қарудың құдіретінің бір белгісі болса керек-ті.
• Шымкенттіктер – тойшыл халық. Бұл да – бір ерекшелік. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» дегендей, оңтүстік халқының осы қасиетін оңтайлы пайдаланып жүрген кәсіпкерлердің қатары да күрт өскен. Қазір бізде тойханасы жоқ ауыл кемде-кем. Ал Шымкентте жаңадан салынғаны бар, бұрынғы мәдениет үйлерін пайдаланып жүргендері бар, әйтеуір, аттап бассаңыз, алдыңыздан тойханалар «сәлем береді де тұрады». Сол себепті де біздің өңірде асабалар – ең элиталы мамандықтың қатарында. Ал танымал әнші шақырудан алдымызға жан салмаймыз. Еліміздегі ең атақты әншілерді, көрші мемлекеттің мақтаныштары – София Ротару, «Ялла» секілді топтарды айтпағанда, атынан ат үркетін, есімі жер-жаһанға белгілі «Бони М», «Модерн Токинг» секілді топтарды той төріне әкелу тойшыл шымкенттіктерге түк емес. Майкл Джексон тірі болғанда ол да шымкенттіктердің алдында ән салып, қуанышында қызмет етіп жүрер еді. Әрине, мұның барлығы – баршылықтың белгісі. Құдай тойдан айырмасын.
• «Оңтүстік – қазақтың қаймағы шайқалмаған жер. Бұл өңір шуақты күнімен, халқының жомарттығымен, меймандостығымен, салт-дәстүрге беріктігімен, ең бастысы, еңбексүйгіштігімен ерекшеленеді. Сіздерге әр келген сайын оңтүстікқазақстандықтардың өз өлкесін гүлдендірумен, тұрмыс-тіршіліктерін жақсарта түсумен қатар, өздерінің негізгі түп-тамырын ұмытпай, әдемі жалғастырып жатқанын көремін». Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Облыста Қазақстанның Қызыл кітабына енген сүт қоректілердің 17, құстың 39, қосмекенділердің бір, бауырымен жорғалаушылардың үш, балықтың алты түрі мекендейді.
Бүкіләлемдік мұра және оңтүстік құндылықтары
Тәуелсіздіктің 20 жылында Қазақстан өз мәдениетін әлемдік деңгейде танытуда біршама тірлік жасады. Бұған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы үлкен ықпал етті. Сол жұмыстардың бірі: елімізде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген нысандардың саны үшеуге жетті. Алдағы уақытта олардың саны одан ары көбеюі мүмкін. Оның ішінде бірнеше жәдігер Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында орналасқан.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі
Қазақстанда Бүкіләлемдік мұралар тізіміне алғаш болып орта ғасырлардан қалған қайталанбас туынды – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі енді. Бұл қайталанбас кесенені ХIV ғасырдың аяғында Алтын ордаға қарсы жойқын жорықтар жасап, алып империяның үстемдігін жойған Әмір Темір өзінің осы жеңістерінің құрметіне салған. Кесененің бірнеше күмбезі бар. Ғимараттың орталық залының төңірегіне түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған. Кесененің биіктігі – 37,5 метр.
Отырар
Бүкіләлемдік мұралардың тізіміне енуі мүмкін деген нысандардың әзірге жалпы саны – 12. Оның ішіндегі бес нысан Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында орналасқан. Ең алдыңғысы – Отырар қаласы.
Отырар VIII ғасырдың басынан Тарбанд (Трабан) деген атаумен белгілі болған. Бұл атау Күлтегін және Білге қаған құрметіне арналған көне түркі жазбаларында кездеседі. Отырар осы кезден-ақ тарихи деректерде Орта Азиядағы ірі қалалардың бірі ретінде аталады. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, қалада сол кезде әлемдегі аса ірі кітапхана және көптеген мешіт-медресе болған. Көне Отырарға археологиялық қазба жұмыстары 1969 жылдан басталды.
Арпаөзен таңбалы тастары
Екінші нысан – Арпаөзен таңбалы тастары. Ғылымда Арпаөзен петроглифтері деген атауға ие болған жәдігер қола дәуірінен сақталған құнды ескерткіштер – жартасқа таңбаланған суреттерден тұрады. Ол Созақ ауданы Абай қыстағының оңтүстік-батысында жеті шақырым қашықтықта Қаратаудың Келіншектау деген жотасында орналасқан. Таңбалы тастардағы суреттердің жалпы саны 3,5 мыңнан асады. Негізгі сюжеттері аңшылыққа, жаугершілік тақырыпқа және жан-жануарлар тіршілігіне арналған. Ескерткіш біздің заманымыздан бұрынғы I-II мыңжылдыққа жатады.
Қарт Қаратау
Бүкіләлемдік мұралар тізіміне ұсынылған үшінші нысан – қарт Қаратау. Қаратау жоталарының ежелден-ақ адамдардың тіршілік етуіне қолайлы аймақ болғандығы ондағы тас, қола және темір дәуірлерінен қалған мәдени ескерткіштерден (тасқа салынған суреттер, адам тұрақтары) айқын байқалады. Адамзаттың көне тарихынан, қола дәуіріндегі халықтардың тұрмыс-тіршілігінен, дүниетанымынан мол мағлұмат беретін Қаратаудың палеолиттік және геоморфологиялық нысандары Бүкіләлемдік мұралардың тізіміне үміткер ретінде 1998 жылы ұсынылды.
Ақсу-Жабағылы қорығы
Төртінші нысан – Ақсу-Жабағылы қорығы. Ақсу-Жабағылы қорығы – Талас Алатауының солтүстік-батыс бөлігін және Өгем жотасын алып жатқан, Қазақстанда құрылған тұңғыш қорық. Оның жалпы жер аумағы 128 118 гектарды құрайды. Қорықтың жануарлар әлемі де өте бай. Мұнда сүтқоректілердің 42, құстардың 238, бауырымен жорғалаушылардың тоғыз түрін кездестіруге болады. Қорық Бүкіләлемдік мұралар тізіміне үміткер ретінде 2010 жылы енгізілген.
Түйеқұс та жерсінді
Африкада мекен ететін түйеқұсты біздің табиғатқа жерсіндіруге болады деп кім ойлаған! Бірақ шымкенттіктер жерсіндірді. Енді оны үлкен кәсіп көзіне айналдырып, пайда да тауып отыр.
«Атамекен» корпорациясының атқарушы директоры, кәсіпкер Мұрат Төлтебаев осыдан төрт-бес жыл бұрын мойны қоқиған алып құс – түйеқұс өсірумен айналысуды бастағанда елдің бәрі таңғалған болатын. Ақымаққа балағандар да болды. Жоқ, Мәкең жаңылмапты. Бүгінде бейтаныс кәсіпті бастағанына өкінбейді. Оның аталығының еті 100 келіге дейін тартады. Балапандары тәулігіне жарты келіге салмақ қоса отырып, он айлығында 100 келіге жетеді екен. Екі жасқа толғанда толыққанды түйеқұс саналып, жұмыртқалай бастайды. Ал жұмыртқалары теңбіл доптың үлкендігіндей. Біреуін қуырсаңыз, 12-14 ересек адам тоя тамақтанады. Еті ем ретінде де пайдалы. Әсіресе қан қысымы және қант диабетімен ауыратындар үшін табылмас ем екен. Терісі, тұяғы, тұмсығы да кәдеге жарайды. Сондықтан түйеқұсқа деген сұраныс күрт артуда.
Түйеқұс ұзақ жасайтын құстардың қатарына жатады. 70 жылға дейін өмір сүріп, соның 30-40 жылында өнім бере алады екен.
Оңтүстікте туған ғұламалар мен дарындылар
Әбу Насыр әл-Фараби
Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы Отырар қаласында дүниеге келген. Ұлы ғалым, ойшыл философ, математик, астролог, музыка теоретигі. Отырар медресесінде, Шаш, Самарқан, Бұхара, кейін Харран, Мысыр, Халеб (Алеппо), Бағдад шаһарларында білім алған. Түркі ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі, әлемнің екінші ұстазы атанған ғұлама. Тарихи деректер бойынша, 70-ке жуық тіл білген.
Қожа Ахмет Ясауи
Қожа Ахмет Ясауи 1093 жылдар шамасында Сайрам қаласында дүниеге келген. Түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы ақын, пәлсапашы. Кашифи «Рашахат-ул айн-ил хайат» атты еңбегінде Қожа Ахметтің Арыстан бабтың шәкірті болғандығы, одан заһир және батин ілімдерінің сыры мен мәнін үйренгендігі, оған 16 жыл қызмет еткендігі туралы мәлімет береді.
Сүгір Әлиұлы
Сүгір Әлиұлы Теріскей өңірінде 1882 жылы дүниеге келген. Қазақтың атақты күйші, сазгері. Жастайынан ел арасында домбырашы Сүгір атанды. Сүгірдің «Тел қоңыр», «Майда қоңыр», «Шалқыма», «Ыңғай төк», «Қос басар», «Бес жорға», «Боз інген», «Ілме» т.б. күйлері бар. Сүгір күйлері 1964 жылы түңғыш рет халық аспаптары оркестрінде орындалып, 1968-69 жылдары нотаға түсірілді.
Шәмші Қалдаяқов
Қазақстанның Халық әртісі, сазгер Шәмші Қалдаяқов Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Ол – осы заманғы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, қазақ вальсінің королі. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысушы ұл-қыздар Алматы алаңдары мен көшелерінде айтқан Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әні 2005 жылдан бастап мемлекетіміздің Әнұраны болып бекітілді.
Бекзат Саттарханов
Бекзат Саттарханов Түркістан қаласында 1980 жылы туылған. Ол – көптеген жетістігін айтпағанның өзінде, 20 жасында тәуелсіз еліне Олимпиаданың алтын жүлдесін сыйлаған тұңғыш қазақ. Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, жоқ болған оның ерлігі елі үшін мәңгі мақтаныш болып қала бермек.
Бетті әзірлеген: Шадияр Молдабек, Оңтүстік Қазақстан облысы, e-mail: m.shadiyar@mail.ru. Тел.: 8-705-987-77-99