Алакөлге көлікпен жету мұң болып тұр
Жаңа туристік маусым, ескі проблема. Алакөлге көлікпен жету биыл да мұң болып тұр. Өйткені Өскемен-Талдықорған жолының құрылысы әлі бітпеді. Қазір елдің шығысында туристік маусым әні-міне басталғалы тұр. Барлық демалыс базалары соңғы дайындықтарын жасап жатыр. Алайда шешілмей жатқан мәселе көп, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Үржардың жолы үрейді алады. Жаз сайын жөнделіп бітер деген Өскемен-Талдықорғанның 454 шақырымы әлі аяқталмады. Аяқталатын түрі де көрінбейді.
Тіпті күн жылынғалы бергі 3-4 ай бойына мүлдем жұмыс жүрмеген. Сәуір айында сол өңірге барып келген біздің түсірілім тобы да осыған куә болып еді. Басқасын қойып, 66 шақырымдық айналма жол біткенше көлік те, ішіндегілер де әбден титықтайды.
Андрей Бортовой, көлік жүргізушісі:
- Семейден бері 6 сағат жүріп келемін. Өнбей жатыр. Көліктен көлік қалған жоқ, қашан жететінімді өзім де білмеймін.
Жауапты сала мамандарының уәжі белгілі. Құрылыс материалдары қымбаттап, жұмысты тоқыратып тастаған.
Дамир Сапарғалиев, Қазавтожол ҰК ШҚО филиалы директорының орынбасары:
- Биыл бұл жоба қолданысқа берілу керек еді жоспар бойынша бірақ елде жол құрылыс материалдары екі есе қымбаттап кеткендіктен мердігер компанияның қауқары жетпей қалды. Енді бас мердігер компания субмердігер ұйымды тауып, жұмысты әрі қарай жалғастырмақ. Әзірге ҚазАвтодор мекемесі айналма жол арқылы жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасауға жауапты. Бірақ олар да дизель отынының 3 есе қымбаттауына орай жұмыстарын уақытылы бастай алмай қалды.
Сондықтан енді Алакөлде демалам деушілер жайлы жетем десе теміржол мен әуе жолына ғана үміт арта алады. Поезд ендігі жүріп жатыр, ұшақ алдағы 10 күн ішінде қатынауы тиіс.
Қатон-Қарағай ауданында да туристік маусымға қызу әзірлік. Биыл 100 мың адам келеді деген болжам бар. Сондықтан ерекше демалыс орындарының қатары артуда. Мәселен, өлкеде жыл бойына жұмыс істейтін, таза ағаштан ғана тұрғызылған экобаза ашылды.
Ғани Шаймарданов, кәсіпкер:
- Алыстағы ағайынның бәрі осы жерге келіп, елімізді, жерімізді көріп, біз енді қайткен күнде дайын емеспіз, онша адамды күтіп алуға шығарып салуға, оның бәрі уақыт, оның бәрі қызмет, содан кейін шешім қабылдадық салатын болсақ 12 ай жұмыс істейтін кешен саламыз деп.
Жыл бойына жұмыс істейін кешендер көбейсе бұл маңдағы жұмыссыздық мәселесі де шешілер еді дейді, осында бригадир болып жүрген Болатбек Қайсанов.
Айтуынша, туған өлкесінің тартымдылығына сөз жоқ, бірақ шешілмей жатқан түйін көп. Соның ең үлкені интернеттің жоқтығы.
Болатбек Қайсанов, құрылыс бригадирі:
- Ватсаптан фото келсе соны аша алмаймыз қағаз жүзінде болса болуы керек, ал іс жүзінде интернет әлі де жоқ.
Қонақ сынағыш келеді. Қатонқарағайдың табиғатына таңырқай қараған туристер инфрақұрылымның, соның ішінде жолдың нашарлығын байқапты. Алтай ауданын басып өтетін серпантин жолды қысқарту жобасы да аяқсыз қалды.
Дәулетберді Досай, турист:
- Тек ғана жол жағы болса инфрақұрылым стурктура жағынан мен өзім шет елде көп жыл тұрып келдім 8 жыл Қытайда тұрдым мен ол жақта ол жақта ішкі туризм мықты дамыған. Жол үсті қызметі.
Аймақ басшысының айтуынша, ауданда өткен жылы 11 елді мекенге ұялы байланыс орнатылған. Бұл жұмыс биыл да жалғасып, кемшін тұстар ескерілмек. Ал жол бойынша Берелге және Рахман бұлақтарына қатысты ондаған шақырым жөнделетін болады.
Ділдар Қалиқан, Қатон-Қарағай ауданының әкімі:
- Берел қорымы соған 10 шақырым, Берел ауылынан биыл асфальт төселіп жаңа жол болатын болады. Алтынбел ауылынан бастап Солдатова ауылына дейінгі жолға 30 жыл бойы ағымды жамау жұмыстары ғана жүргізілген болатын. Қайта төсеу жұмыстары болған жоқ еді, биылығы жылы міне ретімен уақыты да жетті, биыл жаңа асфальт салынады.
Сонымен туристік әлеует мықты болғанмен әлеуметті толғандырған мәселе көп. Жол мен интернеттен бөлек трасса бойында дәретханалардың аздығы да, кадр мәселесі де өзекті. Ыстық маусымы 2-3 айға ғана созылатын аймақтағы демалыс базаларына жұмыс істейтін адам табу да қиын дейді мамандар.