«Жексұрын» деген жақсы ат емес. Бірақ көріп тұрған нәрсеңді айтпасаң тағы болмайды.
Ұлттық арнаның осы бағдарламасын оқта-текте бір көріп қаламын. Сонда жүргізушінің сөз саптасына шашым тікіре-тікірейе – соңында ағарып тынды! Қазір кәлләмда қалған 5 пайыз қара талшықты қайда салып сақтап қоюды білмей жүрмін. Енді жабылып, Сіздің шашыңызды да ағартып көрейікші:
«…аяққа киетін дүниемізді киеміз, шынтаққа киетін нәрсемізді киеміз, басымызға жақсылап киіп аламыз. Әрине, мен қазір Асқар мырзаның жанында тұрғаннан кейін, бас киімді кимей тұрған жайым бар».
Миыңыз әлі орнында тұр ма?
Ендеше, ары қарай кеттік:
«…аяқты мынадай қылып, сәл ішке басамыз. Бұл басында ауыртатын сияқты. Үйреншікті емес».
Шын мәнінде аяқты ішке баспайды. Бүгеді. Ал конькиді артқа қарай тепкенде не істеу керек? Жүргізуші былай кеңес береді:
«…сондықтан, біз тіземізді бүгеміз, арқамызды алға қарай бүгеміз…».
Арқаның алға қарай қалай бүгілетінін йогамен айналысатындар білмесе, мен білмейді екем.
«Алдыңыздан адамдар шыққанда қорқып, қашасың. Сол кезде құлап кетуің мүмкінсің немесе тепе-теңдікті жоғалтып алуың мүмкінсің, иә?» — дейді.
Несі бар? Архимед моншада отырып, жаңалық ашса, ұлттық арнаның тележүргізушілері коньки тебуді үйретем деп жүріп-ақ тіл ғылымын «мүмкінсің» деген жаңалықпен толықтыра салды!
Ескертемін: телевизордың тек дауысын естіп, суретін көрмей қалмаңыз, құрысын!
Көрмесеңіз, мынандай сөздерді естисіз:
әйел дауысы:
«артпен айдау үшін қандай қағидаларды ескеру керек?»
еркек дауысы:
«аяғымыздың арасын жақсылап тұрып ашамыз, тіземізді бүгеміз… сосын аяқтың ұшымен кішкене итерілеміз…»,
әйел дауысы:
«Яғни, Асқар, артпен айдағанда біз бірінші нені ескереміз?», дейді.
Тұтастай секс-сабақ секілді! Айналайындар-ау! Конькиді айдамайды! Тебеді! Сырғанайды!
Артқа қарап айдамайды! Артқа қарап сырғанайды!
Мына тілбұзар жүргізушінің мәтінін қадағалайтын адам бар ма өзі, ұлттық арнада?
Әлде, жеткен жеріміз осы-ақ па?! Қалған шашымның уақытымен ағаруына мүмкіндік беріңдерші, көкелер!)
P.S: Мұндай кемшілік тек, осы бағдарламаның бір шығарылымында ғана болса жақсы ғой. Бүкіл бағдарламасы осындай. Шатып-бұтып, не айтқанын түсінбейсің. Пәленбай уақытты қор қылып, соны эфирге шығарады ғой, тағы?