Перзент сүю &ndash адамды шексіз бақытқа бөлейтін сезім. Бірақ адамзат баласына төнген індет осы қуаныштан шектейтін сияқты ма, қалай? Жас қосылған отбасы болсын, кезекті перзентін күткен ерлі-зайыптылар болсын, шаңырақта шалықтаған сәби үнін асыға күтетіні рас. Ал сан жылдар сарылып бір перзентке зар болғандар ше? Оларға сен пандемия кезінде тұра тұр, жүктілікті пандемия біткен соң жоспарла деп қалай айтарсың? Бірақ бүгінгі ахуал солай деуге мәжбүр етуде. Бүгінгі таңда жаһандық індет 1 899 қазақстандықтың өмірін жалмаған екен.
Пандемия &ndash демографияға тұсау
Қай салаға болсын жеңіл тимеген панде­мия­ның пәрмені жүкті әйелдерге де қатты болып тұрғаны &ndash демографиялық өсімге тұсау салып тұр. Себебі дәрігерлердің айтуынша, бір емес, екі адам үшін өмір сүретін  жүкті әйелдің індет кезінде бала көтеруі оның болашақ сәбиінің де, өзінің де өміріне қауіп болып отыр. Сондықтан мамандар жүктілікті дұрыс жоспарлау керек деген кеңес беруде.
«Елімізде COVID-19 диагнозы 5 мыңға жуық жүкті әйелден анықталды. Олардың бар­лы­ғы тиісті ем қабылдады. Әдетте, бүкіл отбасы, әсіресе ана үшін қуанышты сәттерге толы бо­ла­тын кезең бүгінде пандемия кезінде қор­қы­ныш пен күдікке айналып отыр. Коронавирус індетінен және соған байланысты енгізілген карантин шектеулерден жүкті әйелдер мен өмірге енді келген сәбилер де зардап шегіп жа­тыр. Себебі аяғы ауыр әйелдің ағзасы онсыз да әлсіз келеді, сол себепті вирусты жұқтыру оңай, ал емделу қиын», &ndash дейді Президент ісі басқар­ма­сы ауруханасының гинеколог дәрігері Қал­дыгүл Сейтбекова.
 
Оның үстіне, биыл маусым-шілде айларында жүкті әйелдерді ауруханаларға жатқызуда қиындық көп кездесті. Денсаулық сақтау ны­сандары бірде инфекциялық, бірде прови­зорлық орталық ретінде жұмыс істеп, аяғы ауыр келіншектер босану үшін әр перзентхананың есігін жағалауға мәжбүр болған.
«Індет өршіп тұрған кезде ауруханалар жүкті әйелдерден ПТР-тест тапсыруды талап етті. Бұл уақыт жоғалтуға себеп болды. Соның салдарынан айы-күні жақындаған әйелдер дер кезінде ауруханаларға жатқызылмай, оларға уақытында көмек берілмеді. Сол себепті пандемия Қазақ­стандағы жүкті әйелдердің арасындағы өлім-жітімнің көбеюіне себеп болды», &ndash дейді ҰҒА академигі, Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Лок­шин.
Бүгінде жүкті әйелдерді ауруханаға жатқызу мәселесі реттелді. Зерттеу нәтижелері коро­навирус инфекциясы анадан жаңа туған балаға берілмейтінін көрсетті. Әлем ғалымдарының зерттеулеріне сүйенсек, ана сүтінен, қағанақ суынан вирус анықталған жоқ. Бірақ сәби иммунитетінің әлсіз болуына байланысты перзентханада жаңа туған баланы анасының ПТР-тест нәтижесі шыққанша оқшаулайды. Бұл жағдай босанатын анаға алдын ала айтылады. Бірақ мұндай баланы оқшаулау шарасын ЮНИСЕФ ұйымы қолдамайды. Ұйымның жүктілік пен жаңа туған нәрестелердің жағдайына арналған нұсқаулығында коронавирустың ананың жыныстық сұйығында, кіндікте және омырау сүтінде табылмағаны айтылған. Осыны негізге алған халықаралық ұйым «емізудің қаупінен гөрі пайдасы басым» деген тұжырымға келген.
Өлім саны бірнеше есе артқан
Статистикаға жүгінсек, былтыр 9 айда 36 жүкті әйел қайтыс болған болса, биыл осы аралықта 136 жүкті әйел дүниеден өтті. Әсіресе, Ақтөбе облысында жүкті әйелдердің өлімі 13 есеге, ал Қызылордада &ndash 9, Шымкентте 7 есеге артқан. «Мұндағы көрсеткіштің бірнеше есе өсуіне биылғы пандемия себеп емес, олар коронавирустан қайтыс болған жоқ» деп уәж айтатын дәрігерлер де бар. Олар әйелдердің бұл өлімін бойындағы өзге созылмалы ауруларының асқынуымен де байланыстырады.
«Қазіргі таңда коронавирус жұқтырған жүкті әйелдерден инфекцияның аса ауыр белгілері байқалмады. Болашақ ана бірден екі өмір үшін жауап беретіндіктен, олар өзіне ерекше көңіл бөлуі тиіс. Бұл инфекцияның алдын алу үшін дұрыс тамақтануға, жақсылап ұйқы қандыруға және ағзаны дәрумендермен байытуға мән беру керек. Күнделікті су ішу теңгерімін сақтап, өзгелермен байланысты азайтуы тиіс. Барлық қажетті шараларды ұстанып, қолды үнемі жуып жүру қажет. Егер жүкті әйелде коронавирустың алғашқы белгілері байқалса, дереу тұрғылықты жерінде тіркелген дәрігер-гинекологқа хабар­ласқаны дұрыс», &ndash дейді Қалдыгүл Сейтбекқызы.
Коронавирус инфекциясы расталса, әрине оның жеңіл немесе ауыр түріне байланысты екіқабат әйел ауруханаға жатқызылады. Ал егер жүктілік 36 аптадан асса, оны міндетті түрде ауруханада емдеу қажет болады. Жаңа босанған сау әйелдердің және Қазақстанның ірі қа­лаларындағы дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін перзентханаларда ЖРВИ, COVID-19 белгілері бар жүкті әйелдер уақытша ауруханаға оқшауландырылған.
Жүктілік кімдерге қауіпті?
Вирус анадан балаға берілмейді десе де, мамандар жас отбасыларға әзірге балалы болу жоспарын мүмкіндігінше кейінге қалдыруға кеңес береді. Мәселен, 25 жасқа дейінгі әйелдер биологиялық мүмкіндіктеріне байланысты әлі де үлгеретіндіктен, кем дегенде 2021 жылдың жазына дейін күткені дұрыс. Бәлкім, сол уақытта қазақстандықтар коронавирус індетіне қарсы вакцинаға қол жеткізіп қалар. Ал қазір тәуекелге бармағаны дұрыс. Егер әйелдің жасы 38-ден асқан болса, ол күте алмайтынын түсінуге болады. Өйткені бір жылдан кейін ол ЭКО жасата алмауы мүмкін.
Гинекологтардың айтуынша, жасы 35-тен асқан соң жүкті болған әйелдерде балаға өтетін хромосомалық ауытқулардың көп болуы салдарынан денсаулығына төнетін қауіп те жоғары болады екен. Сонымен қатар бұрын сәтсіз босанған әйелдер де сақтанғаны жөн. Тәуекел тобына жүрек-қан тамырлары, зәр шығару, тыныс алу, эндокриндік жүйелер, тірек-қимыл аппараты аурулары бар әйелдер жатады. Егер ана мен ұрық қанының Rh факторы сәйкес келмесе, соңғысын ана ағзасы бөтен дене ретінде қабылдап кетеді. Баладан айырылу ықти­малдығына немесе әйелде болатын инфекциялық аурулардың даму патологиясының пайда болуына жыныстық жолмен берілетін ин­фекциялар, вирустық инфекциялар да жатады.
«Халық арасында көпбалалы ана бала көтеруде тәжірибелі болып келеді деген пікір бар. Бірақ соған қарамастан, іс жүзінде бәрі басқаша. Біріншіден, 3 немесе одан да көп бала туған әйелде жатырдың тонусы мен серпімділігі жоғалады. Екіншіден, көпбалалы әйелдер өздерін тым тәжірибеліміз деп санайды да, медициналық бақылау мен білікті көмекті елемейді, оны дұрыс пайдаланбайды. Бұл дұрыс емес. Бұл жерде ананың физиологиялық ерекшеліктеріне де көп нәрсе байланысты», &ndash дейді Президент ісі басқармасы ауруханасының гинеколог дәрігері.
Жүктіліктің қолайсыздығы репродуктивті органдардағы немесе әйелдің бойындағы өзге де ауытқушылықтардан туындауы мүмкін. Оған семіздік немесе дене салмағының дұрыс бол­мауы, жатырдың ауытқулары &ndash ретроверсия, кішкентай көлем, киста, туу жолдарының тарлығы, жарақаттан кейін туа біткен немесе жүре пайда болған деформация, жамбас құрылымындағы бұзушылықтар жатады. Со­нымен қатар жаман әдеттер, мәселен ішімдік ішу немесе темекі шегу &ndash жүктіліктің бұзылуының негізгі себептерінің бірі. Пандемия кезінде осындай жоғары қауіпті факторлары бар барлық әйел жүктілікті үлкен жауапкершілікпен жос­парлауы керек. Себебі жүктіліктің кез келген кезеңінде инфекция жұқтыру қаупі жоғары. Ал қазір мұндай қауіптің күшейіп тұрған уақыты. Жұғуы оңай, жазылуы қиын дерттің ең үлкені коронавирус болып отыр. Демография мен пандемия &ndash адамзат дамуының жол айрығы.
Нұрлан ҚОСАЙ
aikyn.kz