Түркістан облысы Шардара ауданының дәрігерлері екіқабат әйелдерді арқан арқылы босандыруда. Ауданда аталмыш тәсіл арқылы бүгіннің өзінде 300-ден астам жүкті әйел босанған екен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Шардарада арқанмен босандыру тәсілін алғаш рет қолданысқа енгізген медицина ғылымдарының кандидаты, DBA бағдарламасының докторанты Оспанова Жанар.
Дәрігер аталмыш тәсілді дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзі құптайтынын алға тартты.
"Арқанмен босану әдісі - дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша вертикальды босану техникасы болып табылады. Бұл жолмен Шардара аудандық ауруханасында екі айдан бері әйелдер босанып жатыр, босанудың бірінші және екінші кезеңінде жүкті әйелге және іштегі ұрыққа бұл тәсілдің көмегі зор.
Тарихта апаларымыздың үш уықты түйістіріп, киіз үйдің шаңырағына ілінген арқан арқылы босанғаны туралы деректер өте көп кездеседі. Сондықтан дәл қазір осы тәсіл жетілдіріліп, болашақ аналар тарапынан үлкен сұранысқа ие болып отыр", - дейді маман.
Сонымен бірге дәрігерлер бұл тәсілмен қазірдің өзінде 300-ге жуық бала өмірге келгенін атап өтті.
"300-ге тарта келіншек босанды. Оларға арқанмен босануға көндірмейміз, бәрі тек өз ұсыныстары бойынша осы тәсілді таңдап жатыр. Арқанмен босау тәсілінің жақсы тұстары - босанудың бірінші және екінші кезеңінде, төменгі қолқа көктамырының компрессиясынан сақтайды, яғни ол іштегі ұрықтың гипоксиясынының алдын алады.
Ал босанудың екінші кезеңінде, ұрықтың босану жолдарынан өтуі, өзіндің салмағымен және тартылыс заңы арқылы тез өтуі, босану кезеңінің қысқаруы сынды тұстары болып табылады", - деп түсіндірді мамандар.