Осыдан жарты ғасыр бұрын анықталған маймыл шешегі қайтадан өршіп кетті. Осы жолы әлем бойынша тарала бастады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегінің өршуін "денсаулық сақтау саласындағы халықаралық маңызы бар төтенше жағдай" деп атады. Осыдан кейін кейбір мемлекеттер төтенше жағдай жариялап, вакциналауды бастап кетті. Адам өлімі де жоқ емес.
Sputnik Қазақстан ауруға қатысты негізгі 10 сұрақтың жауабын ұсынады.
1. Маймыл шешегі қайдан және қалай шыққан
Адамның маймыл шешегін жұқтыру жағдайы алғаш рет 1970 жылы Африкада, атап айтқанда, Конго Демократиялық Республикасында тіркелген болатын. Ауру бірнеше рет өршіді, жүздеген адам ауырды. Бірақ өлім тіркелген жоқ. 2003 жылы маймыл шешегі алғаш рет АҚШ-та тіркелді. Сол кезде ауру Африкадан үйде ұстайтын кеміргіштермен бірге келген. Біреуі кішкентай баланы тістеп алған. Сол жылы бір айдың ішінде Америкада 71 адам ауырды.
Ғалымдар Африкадағы маймыл шешегінің өршуін кәдімгі шешекке қарсы вакциналауды тоқтатумен байланыстырып отыр. 1980 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шешек ауруының жойылған мәлімдеді. Содан оған қарсы екпе салу шаралары толығымен тоқтатылды. Ал маймыл шешегі мен кәдімгідей шешек ауруы бір-біріне қатты ұқсайды.
2. Аурудың негізгі белгілері қандай
Маймыл шешегі кәдімгідей шешекке ұқсаса да, жеңіл өтеді. Аурудың белгілері 5-21 күнде көріне бастайды. Олар: дене қызуы, бас ауруы, бұлшық ет пен арқаның ауырсынуы, дененің қалтырауы және лимфалық түйіндердің үлкеюі. 1-3 күннен кейін бөртпе шығады. Алдымен бетке, одан кейін бүкіл денеге таралады. Бөртпенің іші суға толып, артынан іріңдейді. Сосын қабыршақтанып түседі. Сол жерде тыртық немесе пигмент қалуы мүмкін. Науқас 2-4 аптаның ішінде жазылып шығады.
3. Адам өлімі болды ма
Маймыл шешегі шыққанда адам өлімі тіркелмеді. Бірақ бертін келе, өлім-жітім басталды. Биыл шілде айында Бразилияда маймыл шешегінен алғаш рет адам өлімі тіркелді. Одан кейін Үндістанда бір ер адам қайтыс болды. Ол Біріккен Араб Әмірліктеріне барып келген. 8 тамызда Эквадодарда бір науқас көз жұмды. Нигерияда тура сондай жағдай болған.
4. Кімнің өміріне қауіп төніп тұр
Созылмалы ауруы бар адамдарға барынша сақ болу керек. Маймыл шешегінің бірнеше штамы бар. Мәселен, батыс африкалық түрі конголық штамға қарағанда жеңіл өтеді. Вирус балалар, жүкті әйел мен иммунитеті төмен адамдардың өміріне қауіп төндіріп тұр.
5. Маймыл шешегі қалай жұғады
Маймыл шешегі, көбінесе, жабайы жануарлардан жұғады. Мәселен, тістеп қойса, я болмаса, биологиялық материалы ашық жарақатқа түссе, вирус ағзаға тез таралады. Сосын дұрыс өңделмеген ет арқылы жұғуы мүмкін. Ал адамдар арасында ауа арқылы тарайды. Бірақ инфекцияны жұқтыру үшін науқас адамның жанында ұзақ жүру керек. Сондықтан маймыл шешегі отбасының ішінде тез таралады. Кейбір ғалымдар аурудың негізгі таратушысы балалар деп санайды.
6. Ауру анықтайтын тест бар ма
Иә, маймыл шешегін анықтайтын бірнеше тест бар. Ол үшін ПТР-сынама жасалады. Талдауға бөртпе шыққан тері, бөртпенің ішіндегі сұйықтық, қабыршық және тағы басқа биоматериалдар алынады. Қазақстанда маймыл шешегін анықтайтын тест бар.
7. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның ұстанымы қандай
Маусым айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегінің өршуі төтенше жағдай емес деді. Ал бір айдан кейін ұйым басшысы Тедрос Адханом Гебрейсус маймыл шешегінің өршуі әлем бойынша денсаулық саласын төтенше жағдайға әкеліп соқтырғанын мәлімдеді. Комитет мүшелері осы мәселе бойынша бір келісімге келмеген. 9 сарапшы қарсы болса, жетеуі қолдау білдірді. Олардың ішінде ұйым басшысы да бар.
"Мен маймыл шешегінің жаһандық деңгейде өршуі қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп санаймын", - деді Гербейсус арнайы брифингте.
Ал 4 тамызда АҚШ маймыл шешегінің өршуіне байланысты төтенше жағдай жариялады.
8. Маймыл шешегіне қарсы вакцина алу керек пе
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Африка құрлығынан тыс аймақта маймыл шешегінің өршуі жағдайында жаппай вакцинациялаудың қажеті жоқ деген шешімге келді. Мамандардың айтуынша, аурумен карантин арқылы күресуге болады. Дегенмен, Қазақстан ғалымдары маймыл шешегіне қарсы вакцина әзірлеуге дайын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аурудың өршуін төтенше жағдай деп атаса да, пандемияны жариялаған жоқ.
9. Қазақстанда маймыл шешегі анықталды ма
Жоқ, осы уақытқа дейін Қазақстан аймағында маймыл шешегі тіркелмеді. Алайда дәрігерлер ауру өршіп тұрған аймақтарға бармауға кеңес беріп отыр. Көрші Ресейде 12 шілде күні маймыл шешегін жұқтырған жас жігіт анықталды. Ол Еуропаға барып келген.
10. Әлем бойынша маймыл шешегін жұқтырған адамдар көп пе
Бүгінде әлем бойынша маймыл шешегін жұқтырғандардың саны 30 мың адамнан асып отыр. АҚШ-тың өзінде 7 мыңнан астам науқас тіркелген. Билік кәдімгідей шешекке қарсы препаратты пайдалануды жоспарлап отыр. Ал Италияда маймыл шешегіне қарсы вакцинация басталды.
Маймыл шешегі несімен қауіпті – маңызды 10 сұрақтың жауабы
Последние статьи автора