Дәрігерлерге сенемін деп, дене мүшесінен айырылып қалды
Обыр дертіне шалдығып, өз өмірін дәрігерге сеніп тапсырған Алматы қаласының тұрғыны дене мүшесінен айырылып қалған. Омырауында қатерлі ісіктің үшінші сатысы анықталған Әсел Арғынбаева «Сұңқар» медициналық орталығы ем-шараларын дұрыс тағайындамаған, деп ондағы дәрігерлерді айыптап отыр. Осы орайда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі де жасалған ота бойынша комиссия құрып, тексеріс жұмыстарын жүргізген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Төрт баланың анасы Әсель Арғынбаева «Сұңқар» медициналық орталығында 2012 жылдан бері «мастопатия» диагнозымен тіркеліп, жыл сайын тексеруден өтіп жүрген. Ал, 2018 жылы кезекті қабылдауы кезінде дәрігер омыраудан күдікті ештеңе анықтамаған. Бірақ, бірнеше айдан соң ультрадыбыс арқылы обырдың бар екені белгілі болады. Кейін, дәрігер пациентті маммография мен комьютерлік таммографияға түсіріп, 3 сантиметрлік ісікті байқаған соң, бірден ота жасаған.
«Маған жасалған ота «салалық резекция» деп аталады. Яғни, мендегі сүт безінің бір бөлігін ісікпен бірге алып тастауы керек еді. Дәрігер экспресс биопсия болатынын ескертті. Егер қатерлі ісік жасушалары бар екені расталса, олар басқа да амалдар қолданамыз деген. Өкінішке қарай, обыр жасушаларымен бірге, менің омырауымды да алып тастаған. Жансақтау бөлімінде оянғанымда, Симонова Елена қасымда тұрды. «Қалай болды?» деп сұрағанда, жағдайымның нашар екенін айтты. Мен бұған дайын болмадым», – деді Әсел Арғынбаева.
Әсел Арғынбаева омыраусыз қалғаннан бөлек, дәрігерлерді ем-шараны дұрыс тағайындамады деп айыптап отыр. Қазіргі жағдайы бірқалыпты. Десе де асығыс жасалған отаның салдарынан лимфа түйіндерінің жұмысы бұзылған. Сондай-ақ, науқастың сөзінше, жекеменшік орталықта обырдың сатысы мен ауқымын анықтау үшін «трипанбиапсия» да жасалмапты. Ал, мұндай жағдайда қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының мамандары науқас толық тексеруден өтуі қажет дейді.
«Барлық ісіктерге трипанбиопсия жасау міндетті. Себебі, тек қана қатерлі ісік емес, бірнеше қатерсіз ісіктердің түрлері болады. Сол қатерлі ісік па, әлде қатерсіз ісік па, алдын ала трипанбиопсия жасап аламыз. Бұл енді халықаралық стандарттарда бар. 5 пайыздық жағдайда кейде қатерлі ісік анықталмай қалуы да мүмкін. Сол кезде операцияға барады. Операция кезінде шешіледі. Оны енді дәрігер-пациент ретінде алдын ала шешіп алу керек», – деді Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының онколог-маммолог дәрігері Назгүл Омарбаева.
Дәрігерлерге сеніп, өмірін тапсырған Әсел осы мәселе бойынша бірнеше рет соттың көмегіне жүгініп, нәтижиесіз қалады. Кейін құзіретті мемлекеттік ұйымдарға да арыз жазып, жасалған ота бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсізідігін бақылау комитеті комиссия құрып, тексерулер жүргізіп, бірнеше кемшіліктер анықтаған.
«2 маусым мен 16 маусымға дейінгі аралықта жүргізілген тексеру жұмыстарының комиссия құрамына 7 адам кірді. Оның 4-еуі Шымкент қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен қатысты және маммолог-онколог, патолог пен сәулелік диагност мамандар болды», – деді Шымкент қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Жамал Бөгенбаева.
«Сұңқар» медициналық орталығы жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесінде, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласындағы заңнамалар талаптарының бұзылуы, яғни, атап айтқанда клиникалық хаттамалар мен Қазақстан Республикасы халқына онкологиялық көмек көрсету стандарт талаптарының бұзылуы анықталды. Тексеру нәтижесінде анықталған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданатын болады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің бас сарапшысы Роман Жүсіпов.
Ал, «Сұңқар» медициналық орталығы бұл мәселе бойынша ешқандай мәлімет бере алмайтынын айтуда.
«Дәрігер мен науқас арасында құпия болады. Егер пациент ол құпияны жария етсе, онда ол науқастың жеке шаруасы. Ал, біз құпияны сақтауымыз керек», – деді «СҰҢҚАР» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Қуаныш Керімқұлов.
Аяулым Көлжігіт, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы