Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында ем алған 3 науқастан АИТВ анықталуына қатысты оқиғаны тексеру аяқталды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісінің сауалына берілген Денсаулық сақтау министрлігінің жауабында жазылған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.
«Комиссия АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) инфекциясының анықталған жағдайлары бойынша эпидемиологиялық тексеруді аяқтады. Қазіргі уақытта тексеріс материалдары сарапталып, бағалану сатысында. Эпидемиологиялық тексеру нәтижелері ресми брифингіде жарияланады», - деп жауап берді министрліктен тілші сауалына орай.
Еске салайық, маусымда Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында жатқан 3 науқастан адамның иммундық тапшылық вирусы анықталғанын жазып едік. Артынша ауруханада жоспардан тыс тексеру басталды.
Кейін осы оқиғаға қатысты түсініктеме берген Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният арнайы комиссия әлі жұмыс істеп жатқанын айтты.
«Комиссия келесі аптада жұмысын аяқтап, бәрін білетін боламыз. Әзірше олар жұмыс істеп жатыр. Комиссия жұмысын аяқтай салысымен олар толық анықтама дайындап, оны әкімдік пен Денсаулық сақтау министрлігіне ресми ұсынады», - деді министр.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz