Дәурен БАБАМҰРАТ, «Жастар үні» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
– Бір халықаралық ұйымның осы мәселеге қатысты жасаған сараптамасын оқыған едім. Сарапшылардың пайымдауынша, есірткіге еліктейтіндер – алдына қойған еш мақсаты жоқ, ештеңе ойламайтын, проблемасы жоқ жандар екен. Онымен мен де келісемін. Өйткені, есірткі пайдаланатындардың басым көпшілігі тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы өте төмен не өте жақсы отбасынан шыққан жастар. Бірінің проблемасы жоқ, екіншісінің мақсаты жоқ. Сондықтан жастармен кешенді жұмыс жүргізіп, оларды мақсатқа жұмылдыру шараларын іске асыру қажет. Біздерде жастар ұйымы көп. Өкінішке қарай, олардың бәрі тиісті дәрежеде жұмыс істеп жатқан жоқ. Бір кездері жастар ұйымдары, жаппай, есірткіге қарсы күрес бойынша іс-шаралар өткізді. Жастармен кездесулер ұйымдастырып, есірткінің зияны туралы дәрістер оқып, көрнекі суреттер көрсетіп, есірткіден бойды аулақ ұстауға қатысты үгіт-насихат жасады. Жұртшылықтың алдында есірткіні өртеді, флеш-моб өткізді. Десе де, бұл науқандық шара болып, кейін жалғасын таппай, тоқтап қалды. Есірткіге қарсы күрес жүйелі, кешенді болуы керек. Онымен тек жастар ұйымдары ғана емес, қоғамдық бірлестіктер, дәрігерлер, құқық қорғау органы мамандары бірлесе күрес жүргізуі тиіс. Сондай болған жағдайда бұл шара жемісін береді. Сонан соң тағы бір айта кетер мәселе, оқушыларды, студенттерді, мемлекеттік қызметкерлерді жыл сайын наркотесттен өткізіп тұру керек. Мұндай шараны көрші Ресей қолға алып жатыр. Оларда, тіпті есірткі пайдаланғаны үшін бас бостандығынан айыру мәселесі де қаралуда. Әрине, біз ондай қатаң шараға бара алмаспыз. Онсыз да, қазір түрмеде отырғандар саны 50 мыңға жетті. Халық санымен салыстырғанда, ол жоғарғы көрсеткіш. Енді оған 50 мың есірткі пайдаланушыны қоссақ, тағы бір мәселе туындайды. Ресми дерек көздерінің мәліметінше, елімізде есірткі пайдаланатындар саны 50 мың адамды құрайды екен. Ал, бейресми дерек бұл көрсеткіш 300 мың екенін айтады. Бұл – алаңдарлық мәселе. Сондықтан есірткіге қарсы кешенді күрес жүргізуіміз керек.
Нұрлан АПАХАЕВ, заңгер:
– Мен жоғарғы оқу орнында жұмыс істеген соң жастармен үнемі араласып жүремін. Өкінішке қарай, көп жастарда алға қойған мақсат жоқ. Әйтеуір оқуды бітіріп, диплом алса болды. Дұрыс білім алмаса, ертең жұмыс таба алмайтыны да оларды ойландырмайды. Көпшілігінің ойы – жеңіл ақша табу, ойнап-күлу. Бүгінгі күнмен ғана өмір сүреді. Бүгін ләззат алуды ғана ойлайды. Болашақты жоспарлау, соған жету үшін жұмыс істеу деген жоқ. Таяуда естідім, әртүрлі дәріні сыраға араластырып, содан ләззат алатындар да бар екен. Уланып қаламын деп те қорықпайды. Себебі ондай болуы мүмкін екені жайлы ойламайды да, оған ақылы да жетпейді. Ойы – тек құмарлану. Менің ойымша, есірткімен күресу үшін жастар саясатын дұрыс жолға қоюымыз керек. Жастарды топтастыратын идеология болуы қажет. Әрине заңды да қатаңдату керек. Жаңа заң жобасында бұл талқыланып та жатыр. Әйтсе де, заңды қатайту арқылы есірткі таратушылар мен пайдаланушыларды болдырмау мүмкін емес. Есірткіге қарсы күрес оңай емес. Оның ең басты себебі – оның артында үлкен күштер тұр. Көп жағдайда, ұсақ-түйек тасымалдаушылардың ғана қолға түсіп жатуын осымен түсіндіруге болады. Сондықтан жастар саясатын дұрыс жолға қойып, олармен жұмыс істей білуіміз қажет.
Айдарбек ЕРМЕКОВ, Денешынықтыру пәнінің мұғалімі:
– Менің байқауымша, есірткі пайдаланушылардың басым көпшілігі қала жастары екен. Оның сесебі қала жастарының бос уақытының көп болуында деп ойлаймын. Бос уақытын қалай өткізуді білмей, байқамай от басады. «Бір көрейін, онда тұрған не бар» деп ойлайды да, қалай тәуелділікке бой алдырғанын өзі де білмей қалады. Ал, ауыл балаларында бос уақыт бола бермейді. Үй шаруасы, малды бағып-қағу деген сияқты шаруа жетеді. Қолдары босай қалса, жиналып доп тебеді. Тіпті доп тебуге уақыты жетпей жататындар бар. Сонан соң, ауыл баласы үнемі ата-анасының көз алдыңда, бақылауда болады. Сондықтан ең алдымен бала тәрбиесіне аса мән берген жөн. Еркіне жібермей, баланың немен айналысып жүргенін бақылап отыру қажет. Кіммен дос, ортасы қандай? Бұл сұрақ әрбір ата-ананың ойында күнде тұруы тиіс. Бақылауда ұстау баланың еркіндігін шектеу деген сөз емес. Тағы бір айта кетер мәселе, Кеңес үкіметі тұсында қалаларда тегін спорттық секциялар өте көп болатын, сондай-ақ аулалық спорт алаңдары болатын. Балалардың бәрі спортшы болмаса да, спорт шебері, спорт шеберіне кандидат болуды мақсат тұтып, сол бағытта жұмыс істейтін. Спортпен айналыспау жігіттер үшін сын болатын. Осыны қайта қолға алу керек. Сонан соң, пионер, комсомол ұйымдары жақсы жұмыс істейтін. Мектеп оқушылары қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын. Әрбірі одан шет қалмауға тырысатын. Баланың қылтың-сылтыңға уақыты қалмайтын. Ол кезде идеологиялық жұмыс жақсы жүргізілді. Әр мекемеде, идеологиямен айналысатын жауапты маман болатын. Жастармен үгіт-насихат жұмысын дұрыс жүргізіп, оларды бір идея төңірегіне топтастыру қажет. Сонда жастар есірткіден бойын аулақ ұстайтын болады.
Жастарды есірткіден қорғау үшін не істеу қажет?
Читайте также
Қаржыны талан-таражға салған топ-менеджерлерді тыюдың механизмдері бар ма?
Білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуге не бөгет?
Орта мектептерді заман талабына сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
Су тасқыны қауіп төндіріп отырған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек пе?
Қазақ сатирасын неге дамыта алмай отырмыз?
Ұлттық архитектура неге дамымай отыр?
Последние статьи автора