Алдан Смайыл, Парламент депутаты:
– Электронды БАҚ дәстүрлі БАҚ үшін үлкен жаңалық болды. Бұл сала аудиторияға деген таласты күшейтті. Негізі, электронды БАҚ қазақ журналистикасының бойына қан жүгіртті деп айтуға болады. Электронды БАҚ – үлкен ғылыми ізденісті қажет ететін сала. Ал бізде журналистерді дайындайтын оқу орындары кәсіби маман дайындап шығармайды, сол өкінішті. Оның үстіне оқу бағдарламалары ескірген әрі ғылыми-техникалық базасы жұтаң. Менің ойымша, бізге Вашингтондағы әлемге әйгілі Телевизия және радиохабарларын тарату академиясы немесе Нью-Йорктегі теле және радио өнері факультеті үлгісіндегі білім шаңырағы керек. Мен депутаттық сауал жолдап, Журналистика университетін ашу туралы ұсыныс жасаған едім. Айта кетейін, бізде еліктеушілік басым. Не көп – шоу көп. Бір ауқымды тақырыпты таңдап алып, оны жүздеген қатысушылардың ортасында талқыға салу, менің ойымша, дұрыс емес. Ұлттық, мемлекеттік мәселені көкпарға салғанды мен қолдамаймын. Өйткені көбі оның байыбына барып жатпайды, үстірт талқыланады. Халықты оятудың орнына ықыласын суытып жіберіп жатыр.
Ғаділбек Шалахметов, Халықаралық журналистика академиясының академигі:
– Қазір заманауи электронды БАҚ-қа көшу үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Электронды БАҚ қазақ журналистикасының заман ағымынан қалыспауына ықпал етіп отыр. Жаңадан пайда болған мұндай БАҚ тек қазақ емес, жалпы, отандық ақпарат кеңістігіндегі бәсекелестіктің күшеюіне ықпал етті. Бүгінгі күні әрбір адамзат керек ақпаратын электронды БАҚ-тар арқылы алуға дағдыланып келеді. Бұл, әрине, жақсы. Қазіргі журналистер, соның ішінде қазақ журналистикасының бет алысы, менің ойымша, тәп-тәуір. Тәуелсіздік алғанымызға көп бола қойған жоқ. Алғашқы жылдардағыдай емес, қазір заманға сай мамандар қатарының артқандығы байқалады. Ақпаратты жедел беруге машықтанған. Әрине, мұнымен тоқмейілсуге болмайды. Білімді-білікті журналист дайындау әлі де өзекті мәселе күйінде тұр. Қазір отандық қазақтілді сайттар қатары көбейіп келеді. Бұрындары біздің БАҚ шетелге мүлде шықпайтын. Қазір осы электронды БАҚ-тың көмегімен төрткіл дүниемен байланысымыз да жақсарып келеді.
Ұлбосын Айтөлен, «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси ақпараттық газетінің журналисі:
– Қазақ журналистикасының даму тенденциясын жоққа шығаруға болмайды. Билік пен халық арасындағы дәнекер БАҚ-тың өзіндік рөлі бұрынғысынан да нығайып, төртінші билік ретіндегі қауқарын күшейтті. Заманауи электронды БАҚ-тар қазақ журналистикасына жаңа тыныс, жаңа серпін әкелді. Электронды БАҚ арқылы журналистеріміз ақпаратты жылдам әрі қызықты таратуға машықтанды. Сонымен қатар таратылып отырған тақырыптардың ауқымы кеңейіп, нақты дерек беруге сеп болды. Қысқасын айтқанда, қазақ журналистикасы электронды БАҚ-ты тиімді пайдалануда. Әлбетте, түзелуі тиіс тұстары жоқ емес. Алайда ақпарат кеңістігіндегі бәсекелестік дамыған сайын, орын алып отырған олқылықтар да оңала бастайтыны белгілі. Ал ХХІ ғасырдағы ІТ-технологиясы дамылсыз қарыштап отырған мына заманда бәсекелестік те дами түспек. Бір айта кетерлігі, қазақ журналистерінің шеберлігін, кәсібилігін арттыру тек өздеріне ғана емес, мемлекетке де қатысты. Өйткені аймақтағы қазақ журналистикасы заманауи технологияға зәру. ІТ-технологиясы тек қалалық емес, даладағы әріптестерімізге де қолжетімді болған жағдайда ғана қазақ журналистикасының бағы жанбақ.