ҰБТ-ға дайындайтын жеке орталықтар мен репетиторлардың жұмысын қалай қадағалаймыз?
Мақсат ЖАҚАУ, заңгер:
– Бүгінде ҰБТ-ға дайындайтын орталықтар көп, бірақ, шындап келгенде, соның 10 пайыздайы ғана – өте жоғары сапалы сервис те, ал қалғаны «қара базарға» айналды. Болашақ кадрларды жоғары оқу орнына тапсыруға дайындау мәселесін мемлекет өз жауапкершілігіне алмаған соң, кейбір жалған репетиторлар мен орталықтар соны тиімді пайдаланып отыр. Алдымен дайындық жұмыстарына жарнама кезінде арзан баға айтып, неғұрлым ҰБТ уақыты жақындаған сайын өз қызметтерін қымбаттатып жіберетін орталықтар бар. Бұл, былайша айтқанда, адамның шарасыз кезін пайдалану, яғни онсыз да баласын оқуға түсіру үшін қанша ақша болсын беруге дайын ата-анаға әлгі орталықтар немесе репетиторлар «балаңыз осынша балл жинайды, оқуға түсетініне күмәніңіз болмасын, біз кепіл» деген сияқты сөздерімен сенімге кіріп алады. Алайда бір түсініксіз нәрсе – егер 11-сыныпта бала ЖОО-ға түсу үшін қосымша репетитор жалдайтын болса, онда оған дейін он жылдағы жинаған білімі, он жыл бойы соған жұмсаған мемлекет қаржысы мен он жыл бойы сол үшін алған ұстаздың айлығы қайда кетті?! Неге оқушы мен ата-ана мектептен алған 11 жылдық біліміне сенбей, орта жолдан тестіге дайындау орталығына не жеке репетиторға сенуге мәжбүр? Демек, білім жүйесі бізде дұрыс емес, білім саласына жаңа реформа керек.
Ерұлан ЖИЕНБАЙ, М.Ганди атындағы дарынды балаларға арналған №92 мамандандырылған мектеп-лицейдің директоры:
– Қазір ҰБТ-ға даярлайтын орталықтар өте көп және балаларға «тек сабағыңды оқы, ондай орталыққа жүгінбе» деп айта да алмаймыз. Көптеген мектеп ондай орталықтармен нақты келісімшарт негізінде жұмыс істейді, ол, бір жағынан, мектептер үшін де пайдалы. Себебі біз, яғни мектептер балалардан ақы алып оқыта алмаймыз, ал ондай орталықтар ресми түрде ақылы оқыта алады. Жағдайы келетін ата-ана қаласа, баласын сол жерге дайындыққа берсін. Алайда орта жолдан қосылған, тек ақша табу мақсатында алаяқтыққа барып жатқан орталықтар бар, оларға алданбау үшін ата-ана баласын бермес бұрын алдымен ол жердің заңды құжатын, соған дейінгі нәтижелерін талап етіп, оқытушыларын да өз көзімен көрсін.
Ал, жалпы, бұл – қазіргі білім жүйесінің ашып берген жолы. Егер осы қазіргі жүйені реттер болса, меніңше, әлгіндей орталықтар да, репетиторлық та қажеттіліктен қалып, өздігінен өмір сүруін тоқтатады. Демек, бала мектептен қажетті деңгейде білім ала алмайды, алған білімі ЖОО-ға түсуге жетпейді, жететініне оқушының да, ата-ананың да, тіпті оларды оқытқан мұғалімнің де күмәні бар деген сөз. Ал енді осы жолда түрлі заңсыздықтар мен алаяқтықтарға жол бермеу үшін, мүмкін, тестіге дайындық жұмысын мектептерге беру керек шығар.
Заря ЖҰМАНОВА, журналист:
– Мен тіпті осы ретте тестілеу жүйесін алып тастап, бұрынғыдай ауызша емтихан тапсыру жүйесін қайта енгізуді ұсынар едім. Себебі балаларымыз білімсізденіп барады, тек тест дегенді ғана біледі, бар мақсат – сол тестіден өту ғана, білім жинау, оны болашаққа азық етуді ойлайтындары кем. Бұл – бір, екіншіден, қазіргі балалар виртуалданып барады. Яғни кітап оқып, соны талқыға салып, ойын дамытып, сөйлеу шеберлігін дамыту деген жоқтың қасы. Бұған, меніңше, ҰБТ-ның әсері бар, тікелей сол жүйенің салдары дер едім. Сондықтан егер біз балаға білім беруді нығайтқымыз келсе, онда жаңа жүйеге көшуіміз керек. Сонда осындай келеңсіздіктер де болмайды. Негізі, мектеп он жыл бойы үйрете алмағанды қосымша жалдаған репетитор аз ғана уақытта құйып береді дегенге сену – далбаса, тал қарману секілді жағдай.