Тұрғын үй құрылысы сапасын бақылаудың қандай тетіктерін ұсынар едіңіз?
Меңлібай МЫРЗАХМЕТОВ, Құрылыс және экология институтының директоры:
– Бізде тұрғын үй құрылысы сапасын бақылайтын сараптамалық комиссия бар. Оның тетіктері әлдеқашан түзіліп қойған. Яғни тұрғын үй кешенінің іргетасы қаланып біткен соң, оған арнайы акт жасалады, одан кейін әр қабатын аяқтаған соң, тағы акт қабылданады, шатырын жапқан соң да ол тексеріліп, қабылдап алынады. Сондықтан бұл арада тыңнан бір нәрсені ойлап табудың қажеті жоқ. Әрине, Қарағандыдағы жағдай сондай комиссиямыздың бір жерден олқылық жібергенін анық байқатып отыр. Ол үшін қазір арнайы тексеру комиссиясы құрылды. Олар қателік тұрғын үйдің орналасқан орнының қолайсыздығына немесе жобалау жұмысына қатысты ма, әлде сапасыз құрылыс материалдарын пайдаланды ма, болмаса тағы басқа себептері бар ма – соны анықтайды. Қалай дегенмен де, бұл мәселені заң шеңберінде шешуге болады деп ойлаймын.
Алғатбек ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ, Бағалау және құрылыс академиясының ректоры:
– Біріншіден, тұрғын үй құрылысына компаниялар іріктейтін мемлекеттік тендер бәйгесі әділ және нақты бәсекелестік жағдайында өткізілуі тиіс. Осы фактіге көп нәрсе байланысты. Екіншіден, сол тендер комиссиясының құрамына арнайы техникалық қадағалау органдарының өкілдері және тұрғын үй сызбасының авторы – архитектор енуі тиіс. Осы адамдар құрылыс компаниясын іріктеуден бастап, ол үйді пайдалануға жарамды деп танитын комиссия ісіне де қатысуы керек, яғни жауапкершілік осы адамдардан сұралады. Мәселен, құрылысқа ақша бюджеттен кезең-кезеңімен бөлінеді. Яғни бірінші кезеңде ол компания ақшаны қалай игерді – соны зерттейді. Дұрыс болса, келесі кезең ақшасының бөлінуіне рұқсат беру керек. Сол секілді құрылысты қажетті материалдармен және жабдықтармен қамтамасыз етуші компаниялардан сапа сәйкестігі сертификаты талап етілуі тиіс. Ал тұрғын үйді қабылдап алған кезде ол процеске тек әкім ғана қатыспауы керек. Оның құрамына тәуелсіз құрылысшы, арнайы техникалық қадағалау органының және Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің өкілдері де енуі тиіс.
Әбді ҚИЯЛБАЙҰЛЫ, техника ғылымының докторы, профессор:
– Тек тұрғын үй құрылысы емес, жаңа технология мен жаңа материалдар пайдаланатын басқа салаларда да үлкен кемшілік бар. Ол, ең алдымен, әлгі сырттан әкелінген жаңа технологияның біздің өңірге жарамды-жарамсыздығын немесе жаңа материалдың бізде пайдалануға төзімді-төзімсіздігін зерттемеу, соны зерттейтін кәсіби білікті мамандардың аздығы секілді мәселелермен тығыз байланысты. Бізде шешім үнемі асығыс қабылданады. Бүгінгі еліміздің экономикалық процестері жаңа технология мен жаңа материалдарды тұтынуды қажет етеді. Алайда сол деңгейде жұмыс істейтін білікті мамандар аз. Елбасымыздың өзі Жолдауында мамандардың кәсіби білігінің төмендігін, сондықтан оны арттыруға басымдық беру керектігін айтты. Демек, сырттан қандай да бір жаңа технологиямен танысуға әдеттегідей саясаткерлерді емес, нақты мамандарды жіберу керек. Олардың білігін арттыруға мүмкіндік жасауымыз қажет. Ғылыми-зерттеу институты мамандары техника саласындағы кез келген жаңашылдық еліміздің климатына, жағрафиялық жағдайына қолайлы ма – соны сараптай алатын деңгейде болуы тиіс.