Жұмажан ЖАҢБЫРОВ, Орталық Азия университетінің Машина жасау және көлік институтының директоры, техника ғылымының докторы, профессор:
– Бүгінде біз бакалаврды оқыту үшін оқулықтың жоқтығы мен терминдердің қазақшаланбағанынан қиындық көріп отырған жоқпыз. Сондықтан, менің ойымша, бакалавр мамандарды ағылшын тілінде оқыту қажет емес. Өйткені бакалаврды бітіргендердің бәрі шетелге шығып, ғылыми жұмыстармен айналысып жатқан жоқ. Оларға ауылға барып, ауыл шаруашылығын дамытуға атсалысуы үшін ағылшын тілінің қажеті шамалы. Сондықтан магистратура мен докторантурада оқитындарды ғана ағылшын тілінде оқыту қажет. Магистранттар мен докторанттарға ғылыми жұмыспен айналысып, шетелге шығып, тәжірибе алмасуы үшін ағылшын тілінің қажеттілігі білінеді. Өзіміз де осы жасқа келгенде ағылшын тілін үйреніп жүрміз. Өйткені шетелмен тәжірибе алмасу кезінде олармен түсінісіп, өз білімімізді көрсету үшін ағылшын тілінің қажеттілігі сезіледі. Айта кетерлігі, біздің біліміміз олардың білім деңгейінен еш кем емес. Бірақ соны көрсету үшін тіл білудің қажеттілігі сезіліп қалады. Сондықтан ағылшын тілінде оқыту оның қажеттілігіне қарай жүргізілу керек деп ойлаймын.
Тоқтасын МЕНДЕБАЕВ, техника ғылымының докторы, профессор:
– Менің ойымша техникалық мамандықтарға оқытуды ағылшын тілінде жүргізудің қажеттігі жоқ. Дәл қазір аяқ астынан қазақ тілін ысырып қойып, ағылшын тілінде оқытып кете беруге біздің оқулығымыз бен мамандарымыз да жеткіліксіз. Не қажетті оқулық, не оқытатын маман болмаса, сонда оларды кім оқытады?! Рас, қазір техникалық терминдердің барлығы ағылшын тілінде. Дегенмен ағылшын тілінде екен деп қол қусырып қарап отыруға болмайды. Түбі керек нәрсе болғандықтан, арнайы мамандар техникалық терминдердің қазақ тіліндегі терминологиясын жасап шығарса, өте дұрыс болар еді.
Әбдікәрім УСМАНОВ, Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, техника ғылымының кандидаты:
– Рас, бүгінде қазақ тіліндегі техникалық терминдер қалыптаспаған. Оқулықтар да жетіспейді. Сондықтан техникалық мамандыққа оқытуды ағылшын тілінде жүргізсек, дұрыс болар еді. Онсыз да қазір мектептерде ағылшын тілін 1-сыныптан бастап оқыту қолға алынуда. Ендеше, техникалық мамандық иесі болғысы келетін оқушы мектеп қабырғасында-ақ ағылшын тілін жақсы оқуға тырысып, бейімделе бастайды. Бұл жерде мәселенің екінші жағы да бар. Техникалық мамандықты ағылшын тілінде игеру оңайырақ болғанымен, түбі еліміздің техникалық ғылыми жүйесі қалыптасуы үшін терминдерді қазақыландыру күн тәртібіндегі мәселе болуы керек.
Техникалық мамандықтарға оқытуды ағылшын тілінде жүргізу керек деген пікірді қолдайсыз ба?
Читайте также
Қаржыны талан-таражға салған топ-менеджерлерді тыюдың механизмдері бар ма?
Білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуге не бөгет?
Орта мектептерді заман талабына сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
Су тасқыны қауіп төндіріп отырған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек пе?
Қазақ сатирасын неге дамыта алмай отырмыз?
Ұлттық архитектура неге дамымай отыр?
Последние статьи автора