Теңгенің құнсыздануына не себеп?
Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:
- Білесіз, көршілес Ресей рублі күн сайын құнсыздануда. Бір жағынан, еуромен немесе доллармен салыстырғанда, рубльдің құнсыздана түсуі Ресей үшін қолайлы да. Рубльді девальвациялау арқылы Ресей біраз ұтымды жайттарға қол жеткізуде. Рубльді құнсыздандыру арқылы өзінің отандық өнімін сыртқа экспорттаушыларға қолайлы жағдай жасауда. Сөйтіп, Ресей сыртқы инвестицияға шамалы тосқауыл қойды. Саралап қарасақ, Ресейге керегі де – осы. Себебі нақ қазіргі уақытта өзінің экономикасын өздері көтермейінше, өздері тұрақтандырмайынша, сыртқы инвестицияға арқа сүйеудің тығырықтан алып шықпайтынын Ресей үкіметі біліп отыр. Мұндай жағдайда Қазақстан не істеуі керек? Нақ қазіргі экономикалық ахуалмен салыстырар болсақ, долларға деген сұраныс болашақта да артады. Арзан доллар импорт көлемін де арттыра береді. Оның үстіне, теңге бағамын қалыпты ұстап тұру үшін Ұлттық банк ұдайы доллар интервенциясын жүргізіп отыруы тиіс. Ал қазір шикізат бағасы төмендеп, экспорттан түсетін доллар көлемі шектеліп отырған кезде, бұл – біздің алтын-валюта қорымызға қауіп төндіретін жайт. Осы уақытқа дейін Ұлттық банк теңгенің құнын ұстап тұрды. Енді бұдан әрі ұстап тұруға еш мүмкіндік те болмай қалды. Себебі біздегі алтын-валюта қоры азайып кетті. 1998 жылы Үкіметтің теңге бағамын ұстап тұру үшін екі айда 2,5 миллиард доллар жұмсап жібергенін де ұмытпайық. Экономиканы дамытуға арналған сол ақша ақырында валюта алыпсатарларының қолында кетті. Сондықтан елде алтын-ваюта қорын сақтап қалу үшін осылай әрекет етуге тура келді.
Марал ТӨРТЕНОВА, сарапшы маман:
Теңгенің құнсыздануы елдегі инфляцияның шарықтауына апарып соғады. Бұдан қарапайым халықтың зардап шегетіні сөзсіз. Егер біз теңгені құнсыздануға одан әрі апаратын болсақ, мұның мынадай кері әсерін көретін боламыз: а) Біріншіден, қарапайым халық кедейшіліктің салмағын анық сезінетін болады;ә) Екіншіден, халыққа қызмет көрсетіп отырған банк секторларының жұмысы қазіргіден де мүшкілдене түседі.б) Үшіншіден, халықтың басым бөлігі бизнеске арналған несиелерді, ипотекалық несиелерді доллармен алып отыр. Доллар құны көтерілген жағдайда оны қайтару да қиындайды деген сөз. Демек, бұл жай банк секторына тағы да қосымша қиындықтар алып келіп, олардың онсыз да нашар несие қоржынын одан ары шиеленістіреді;б) Төртіншіден, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы өз нәтижесін бермейді;в) Бесіншіден, теңгенің құнсыздануы Үкімет субсидия мен дотацияға жарытпай отырған ауыл шаруашылығы саласына да өзіндік әсерін тигізеді.Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан Үкіметі халықтың жағдайын ойлағысы келсе, ұлттық валютамыздың құнын түсірмеуге барынша күш салуы керек. Ұлттық қордан қосымша қаржы бөлініп, тиісті және нәтижесі көрінетін бағдарламалар қабылданып, халықтың жағдайын көтеруге жұмылған жөн. Ол үшін теңгенің бағамын тұрақты түрде ұстап тұру қажет. Міне, осындай жайттарды ескермегендіктен теңгені құнсыздандырып жібердік.
Тоғжан ШАЯХМЕТОВА, экономист-сарапшы:
- Рас,көптен күткен девальвация да келді. Әлемдегi жалпы экономикалық жағдайға байланысты ТМД елдерiнiң бәрiнде ұлттық валюталар құнсызданып жатқан кезде теңгенiң бұрынғы деңгейiнде қала алмайтыны анық едi. Соған қарамастан Ұлттық банк соңғы жарты жыл бойы, теңгенi тежеп ұстап тұрды. Көршiлес Ресейде девальвация өткен жылдың күзiнде басталды. Орталық банктiң ұстанып отырған саясаты ресейлiктердi валюта алыпсатарына айналдырып жiбердi. Ал бізде девальвацияны күтумен жүрген халық алдымен валюта ала бастады. Оған банктердегi долларлық депозиттердiң қарқынды өсiп отырғаны дәлел. Жасырмауымыз керек, соңғы айларда елдегi iскерлiк деңгейi де төмендеген. Өйткенi бар ақшасына валюта алып қойған iскерлер қазiр депозиттерiн ұстамай, доллардың өсуiн күттi. Әйтеуiр қайткен күнде де, девалвацияның халық білді. Бір қызығы, жұрт болжай алған қарапайым мәселенi Ұлттық банк қана болжай алмай осы уақытқа дейін «құнсыздану болмайды» деп келді. Әрине, мәселе теңге бағамын ұстау-ұстамауда, бiрден немесе бiртiндеп әлсiретуде емес. Ең басты экономикалық проблемаларды саяси шешiмдермен алмастырмау керек. Тұсетін теңге құны түсті. Ендігі кезекте Ұлттық банк елдегі инфляция көлемін өсірмеуге күш салуы керек. Олай етпесе қарапайым халықтың тапқан табысы түкке жарамай қалады. Бұдан барып наразылық туындайды. Осыны есте ұстағанымыз абзал.