Теміржолдағы апаттардың жиілеп кетуінің себебі неде?
Кәмшат КӘКІШЕВА, «Жолаушылар тасымалы» АҚ БАҚ және сыртқы байланыстармен жұмыс жүргізу бөлімі бастығының міндетін атқарушы:
– Теміржолдағы төтенше оқиғаларға әдетте табиғи жағдайлар кедергі болады. Мәселен, қыс мезгілінде аяқастынан жел тұрып соққан боран жолды бөгейді. Көктемгі уақытта кейбір аймақтардағы жиналған қалың қар еріп, су жиналады. Осындай жағдайда техникалық ақаулықтарға байланысты жүк пойыздары рельстен шығып кетіп жатады. Бұл өз кезегінде жолаушылар пойызының жолда тұрып қалуына себеп болады. Дейтұрғанмен біздің елде мұндай аяқасты туындайтын жағдайлар өте сирек. Болған күннің өзінде барлық вагондар қосымша қажетті көмір, дизельді отынмен және ыстық сумен қамтамасыз етіледі. «Жолаушылар тасымалы» АҚ мен Төтенше жағдайлар департаменті біріге отырып жолаушыларға барынша көмек көрсетеді. Орын алған оқиғаға байланысты өте жедел түрде арнайы комиссия тобы құрылып, жағдайдың себебін анықтап, теміржол көлігін мүмкіндігінше тез арада іске қосу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Жалпы, қазір теміржол саласында технологиялық дамуға ұмтылу бар. Локомотивтердің заманға сай жаңа түрлері құрастырыла бастады. Сондықтан келешекте теміржолдағы төтенше оқиғалар легі толастайтынына сенім арту керек.
Жұмаділ БАЙҒҰНШЕКОВ, техника ғылымының докторы, профессор:
– Естеріңізде болса, өткен жылы Қытайда ірі теміржол апаты болды. Теміржол апаты 39 адамның қаза табуына және 192 адамның жаралануына алып келді. Соңынан тексере келе, апаттың орын алуына құрал-жабдықтардың ескіріп, тозуы әсер еткен деген қорытынды жасалды. Сонда ол елде жүрдек пойыздардың соқтығысуына белгі беруші құрал-жабдықтың кінәраты себеп болды. Осы қорытындыға сәйкес, теміржолдағы бағдаршамдардың бірі найзағай ұрған соң жасыл түстен кейін қызыл түсті көрсете алмаған. Мұның арты бір жолмен келе жатқан екі пойыздың соқтығысуына алып келіп, үлкен апат орын алды. Әрине, «жаман айтпай, жақсы жоқ». Құдай оның бетін әрі қылсын, қазір әлем бойынша теміржол апаттарының жиілеп тұрғаны рас. Біздің елімізде де пойыздардың тоқтап қалуы, рельстен шығып кетуі тәрізді оқиғалар ара-тұра орын алып қалады. Сондықтан бұл жерде енжарлыққа бой бермеу керек деп есептеймін. Осы бастан теміржол саласындағы қозғалыс қауіпсіздігін қатаң бақылауға алғанымыз жөн. Ол үшін, әрине, локомотивтердің сапасын, теміржол бағдаршамдарының әлеуетін, жалпы, осы саладағы сапа менеджментін арттырған абзал.
Нығметжан ЕСЕНҒАРИН, Құрметті теміржолшы:
– Мен бұл салаға қатысты белгілі бір сын айта алмаймын. Себебі қазіргі теміржол саласында істі ұйымдастыру, жүргізу бағыттары мүлде жаңаша. Біздің кезіміздегі жұмыс бағыттарымен, ұйымдастыру ісімен салыстырғанда қазіргі іс жүргізу тәсілдері мүлде басқаша. Бүгінде салада жаңашылдық бар. Мұны мойындау керек. Технологиялық жағынан даму басым. Жұмысты жүргізу тәртібінде жаңашылдық көп. Кезінде теміржол саласында істі ұйымдастыру жағының маманы болғандықтан айтарым, қазіргі теміржол саласында технологиялық жағынан ілгерілеушілік қарқындап тұрған заманда біз ешқандай төтенше оқиғаларға жол бермеуіміз керек. Бұл ретте мамандардың еңбектеніп, маңдай тер ізденіспен қызмет еткені бізге аса қажет.