Студенттерге бөлінген несиенің игерілмей жатқаны пайыздық үстеменің көптігінен бе, әлде ұйымдастыру шараларының әлсіздігінен бе?
Нұртай Сабильянов, Мәжіліс депутаты:
– Негізі, 40 мың студентті несиемен қамтамасыз ету белгіленгенмен, қазіргі уақытта 500-ге жетер жетпес студент қана несиеге қол жеткізген. Бұл – өте төменгі көрсеткіш. Бұған себеп болып отырғаны, біріншіден, 9 пайыздық үстеменің жоғары болуы. Әлемдік тәжірибеде студенттерге арналған несиенің 3-4 пайыз болғаны кездеседі. Осы тұрғыда біз студенттерге несиені өте жоғары пайызбен беріп отырмыз. Мұны азайту керек. Қазіргі уақытта несие жалаңаяқ студентке емес тиыннан теңге жасап, байып отырған кәсіпкерге берілгендей болып отыр. Әлеуметтік жағдайды көтеруге арналған несие мұндай болып берілмеуі керек еді. Несиені 9 пайызбен емес, 3 пайызбен беруге біздің мүмкіншілігіміз толық жетеді. Сондықтан осы жағдайды қарастыруымыз керек. Екіншіден, несиеге дайындалатын құжаттардың көп болуы кедергі жасауда. Студент сабағына дайындала ма, әлде құжат дайындаумен айналыса ма? Сондықтан құжаттардың санын реттеу керек. Үшіншіден, несиені тек техникалық және медициналық жоғары оқу орындарының студенттеріне емес студенттерге жаппай беруді қарастыру керек. Осы жағдайлар реттелсе студенттерге бөлінген несие жедел игерілер еді.
Әсет Тұрдығұлов, Қазақстан Жастар одағының төрағасы:
– Қазақстандағы қағазбастылық бөлінген несиенің жедел игерілуіне кедергі болуда. Мен несиенің жедел игерілмеуі несие алу үшін дайындалатын құжаттардың көптігінен деп ойлаймын. Пайыздық үстеменің көп болуы да «ертеңгі күні қарызымды қалай өтеймін» деген қорқыныш тудырмай қоймайды. Естуімше, көптеген елдерде несие студенттерге 3 пайыздық үстемемен беріледі. Тіпті «білімнен ақшаны аямау керек» деген ұстаныммен пайызсыз несие беретін де елдер бар екен. Жастар – еліміздің болашағы. Ендеше, болашағымыздың жарқын болуы үшін неге ақша аяуға тиіспіз? Сондықтан біздің елімізде де білімді, білікті азаматтардың көбеюі үшін осындай жағдай жасалса құба-құп болар еді. Несие беру дұрыс ұйымдастырылмай жатыр деуге болмас, себебі жақсы жаңалық насихатты қажет етпейді.
Оразалы Сәбденов, экономист:
– Елбасымыздың өзі мемлекетіміздің индустриялды-технологиялық жолмен дамуын ұсынды. Бұл дегеніміз — адам потенциалына сүйене отырып даму. Дамыған елдерде жылдық жалпы табыстың 77 пайызы адамның потенциалын пайдалана отырып, білім мен ғылымның жетістіктері арқылы табылатын кірістер. Табыстың қалған 23 пайызы мұнай-газ, қазба байлықтарын пайдаланудан түседі. Ал Қазақстан, сондай-ақ жалпы ТМД елдерінде табыстың 77 пайызы мұнай мен қазба байлықтардан түссе, кірістің 23 пайызы адам потенциалын пайдаланудан түсіп отыр. Міне, біз адамның потенциалын, ғылым мен білімнің жетістігін пайдалана алмай келеміз. Егер біз алдағы уақытта білім-ғылымға қамқорлық жасамасақ осы қалпымызда артта қалып кетеміз. Жастарды білім алуына жағдай жасамасақ ешқашан қарыштап дами алмаймыз. Онсызда бізде жоғары оқу орындарындағы жастардың 81 пайызы ақылы оқиды. 19 пайызы ғана мемлекеттік бюджет тарапынан тегін оқиды. Еуропа елдерінде тегін оқу өте жоғары деңгейде. Оларда 10 мың адамға шаққанда 300 студент тегін оқыса, Ресейде 10 мың адамға шаққанда 170 студент тегін білім алады. Ал бізде 10 мың адамға шаққанда 88 студент ғана тегін оқиды. Бұл – өте төменгі көрсеткіш. Сондықтан қалай болмасын жастардың білім алуы үшін барлық тиімді жағдайды қарастырған жөн.