Ізбасар БОЗАЕВ, Алматы сауда палатасының төрағасы:
– Әрине, құрылыс нысандарын қабылдайтын комиссия мүшелерінің жауапкершілігін арттырып, керек болса, қылмыстық жазаға тарту қажет. Өйткені әрбір сапасыз салынған құрылыс адамның өміріне қауіп төндіреді. Шынында да, соңғы кезде бой көтерген нысандардың құрылыс нормалары мен ережелері өрескел бұзылса да, оны комиссия мүшелері қабылдап, пайдалануға беріп жіберген жағдайлар кездесіп жатыр. Өкініштісі сол – қазір құрылысты қабылдайтын комиссия мүшелері нысанды пайдалануға рұқсат беретін кезде құжаттарға қол қоюы үшін ақша талап ететінін екінің бірі біледі. Жоқтан бар шығар, неше түрлі құйтырқы амалдармен құрылыс компаниясының иесінен пайда тауып қалуды көздейді. Өрескел заңбұзушылықты көре тұра, көзін жұмып, қол қояды. Сондықтан мұндайға жол бермес үшін адамдардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында олардың жауапкершілігін арттырып, заң негізінде қылмыстық жазаны да қолдану керек. Бұл жерде мәселені екіге бөліп қарастырған жөн. Мәселен, тұрғызылған нысанның сейсмикалық жағы немесе техникалық нормалары өрескел бұзылатын болса, онда сөзсіз комиссия мүшелерін қылмыстық жазаға тарту керек. Ал егер ақтау, сырлау жағынан кемшіліктер орын алса, онда комиссия мүшелерін әкімшілік жауапқа тартып, құрылысты салушы компанияға кеткен кемшілікті түзеттіруге міндеттеуіміз керек.
Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымының докторы:
– Негізі, бізде сапасыз салынған нысандарды қабылдаған комиссия мүшелерін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы заң бар. Бірақ мұндай қылмыстар көп қозғала бермейді. Өйтіп-бүйтіп жеңіл-желпі тәртіптік немесе әкімшілік жазамен жауып қоямыз. Әйтпесе қылмыстық кодекстің 245-1-бабында «Сапасыз құрылыс» туралы арнайы заң бар. Мысалы, құрылыс ұйымдары басшыларының, құрылыстың сапасын бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың сапасыз салынған ғимараттарды пайдалануға тапсыруы немесе пайдалануға қабылдауы, егер бұл абайсызда адам денсаулығына ауыр немесе орташа ауыр зиян келтiруге әкеп соқса, бес жүзден бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын айыруға жазаланады. Бірақ барлық сапасыз құрылыс нысандарында адам денсаулығына зиян келтіретін жағдай ұшыраса бермейді ғой. Сондықтан барлық жағдайда жауапкершілікке тарту мүмкін болмайды. Сол үшін заңның орындалуына прокурорлық қадағалауды күшейту керек. Әйтпесе сапасыз құрылыстар өте көбейіп кетті.
Рамазан САРПЕКОВ, Мәжіліс депутаты:
– Елімізде құрылыс қарқынды жүріп тұрған кезде құрылыс компаниялары ғимараттарды тездетіп салып, оның сапасына немқұрайды қараған кездері болған. Одан кейін біз құрылыстың сапасы өрескел бұзылса, одан адамдардың денсаулығына зиян келсе, онда құрылыс компанияларының басшылары ғана емес, соны қабылдап, пайдалануға рұқсат берген мемлекеттік комиссия мүшелерінің де қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығы жөнінде заңға өзгерістер енгізгенбіз. Бірақ өкініштісі сол – нысанды қабылдап алған мемлекеттік комиссия төрағасының немесе мүшелерінің әрқайсысының жеке-жеке жауапкершілігін анықтау тұрғысындағы жұмыстар әлі жолға қойылмаған. Демек, құрылыс сапасы өрескел бұзылса, оны кімнен даулаймыз? Құрылыс компаниясы басшысынан ба, мемлекеттік комиссияның қай мүшесін жазалаймыз? Міне, осы ретке келмеген. Сондықтан комиссия мүшелерінің әрқайсысының жеке-жеке жауапкершілігін анықтап барып, қылмыстық жаза қолдануымыз керек.
Құрылыс нормалары мен ережелеріне сай болмаған нысандарды қабылдаған комиссия мүшелерін қылмыстық жауапкершілікке тарту керек пе?
Читайте также
Қаржыны талан-таражға салған топ-менеджерлерді тыюдың механизмдері бар ма?
Білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуге не бөгет?
Орта мектептерді заман талабына сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
Су тасқыны қауіп төндіріп отырған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек пе?
Қазақ сатирасын неге дамыта алмай отырмыз?
Ұлттық архитектура неге дамымай отыр?
Последние статьи автора