Қазбек ТӨЛЕБАЕВ, медицина ғылымының докторы:
– Қоғамдық орындарда сыра ішуге тыйым салу туралы заң көптен бері сөз болып келе жатқан. Кеш те болса қабылданғанына қуанамыз. Себебі қоғамдық орында сыра ішпеу заң жүзінде қабылданған соң, қоғам алдында мұны ашық талап ете аламыз. Заңның қабылдануының өзі адамдар арасында мұның дұрыс еместігі туралы сана-сезім, түсінік қалыптастыра алады. Себебі соңғы кездері сыраны тұтынушылар тым «жасарып» кетті. Әрі көшелерде ашықтан-ашық пайдаланатын болды. Көшеде сыра ішіп келе жатқан жасты көрген мектеп оқушысының санасында «мен де дәмін татып көрсем» деген қызығушылық оянатыны сөзсіз. Енді бұған тосқауыл қоя алатын болдық. Бұл заң бүгін болмаса да, ертең өз нәтижесін береді. Рас, «Темекі туралы» заң аяқасты болды. Бірақ статистикаға қарап отырып, темекі қолданушылардың саны бұрынғыдан азайып келе жатқанын көріп қуанамыз. Сол секілді сыраның да тұтынушыларын азайтуға бұл заң көмектеседі деп ойлаймын. Айта кетер жайт, бұл жерде сыра сатушыларға да талапты қатайту керек. Қазір кез келген жерде құйылмалы сыра сатыла береді. Осы орайда сыраның кез келген жерде сатылмауын қадағалап, сатылу уақытын да шектеу қажет секілді.
Нұра ТЫНЫСҚЫЗЫ, заңгер:
– Заңдық тұрғыдан қарар болсақ, заңның орындалмауы – заңға қайшы. Заң не үшін қабылданады? Заң, ең алдымен, орындалу үшін қабылданады. Қазіргі таңда осы заң арқылы қоғамдық орындардағы тәртіпті күшейтіп, зиянды сусынға әуес адамдардың саны азаяды деп күтілуде. Себебі соңғы кездері ішімдіктің осы түріне бой алдырған жастардың қатары көбейген. Осы орайда тәртіп сақтау орындары үшін бұл – үлкен көмек. Олар, ең болмағанда, заңда белгіленгендей талап ете алады. Заңның орындалуы үшін құқық қадағалаушы орындармен қатар қарапайым тұрғындар да атсалысуы қажет. Мәселен, жастардың көшеде ашықтан-ашық сыра ішіп отырғанын көрген тұрғындар оны тиісті жерге хабарласа, ал олар өз кезегінде осы мәселеге қатысты шара қолданып жатса, ең болмағанда, көшеде ашықтан-ашық алкогольді өнім қолдануға тыйым болар еді. Сонымен Азаматтық кодекстің 366-бабындағы өзгеріс сыраны кез келген жерде ішпеуді талап етеді. Тек осыған жан-жақтан қолдау көрсете білсек игі.
Камал БҰРХАНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Егер қоғам болып заңның өз күшінде жұмыс істеуіне атсалыссақ, ол заң жұмыс істейді. Ең бастысы, бұл – біздің қоғамға керек заң. Сондықтан заңның қағаз жүзінде қалып кетпеуіне бәріміз атсалысуымыз керек. Ата-бабамыздың өмір салтында жоқ мұндай жаман әдетке тосқауыл қоймасақ болмайды. Оның үстіне көшеде ашықтан-ашық жастарымыздың сыраны қолына ұстап жүріп тұтынуына тіпті жол беруге болмайды. Өркениетті елдердің барлығында бұл жаман әдетке тыйым салынған. Өскелең жастардың да салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс өсіп-жетілуі үшін бұл заңның маңыздылығы жоғары. Ең болмаса, заң жүзінде бар болғандықтан тәртіп қадағалау орындары тәртіп бұзушыдан сыраны қоғамдық орында қолданбауды талап ете алады. Мұның өзі жетістік.