Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ, «ҰЛТ TIMES» апталық газеті бас редакторының орынбасары:
– Бүгінде бұл мәселе аз талқыланып жатқан жоқ. Меніңше, қазақтілді интернет ресурстардың дәл қазіргі жай-күйі мемлекеттік тілдің қоғамның әр саласында қаншалықты кеңінен қолданылатынын айғақтап тұр. Қалай десек те, қазіргідей ақпараттық дәуірде қай салада болмасын, қазақ тілінде мәлімет алу сын көтермейтін дәрежеде, сәйкесінше, ғаламторда да солай. Яғни «қазақтілді интернет ресурстарды қалай дамытамыз?» деген мәселе – «қазақ тілін қалай дамытамыз?» дегенмен пара-пар дүние. Негізінде, ана тіліміз ең бай тіл ғой, тек қолдануында проблемалар қордаланып жатыр. Бүгінде мемлекеттік тілдің жалпыұлттық деңгейге көтерілуіне қоғам да үлес қоса алады. Әрбір қазақтілді қолданушының ғаламторға ақпарат салуға мүмкіндігі бар. Дәл қазір бұған журналистер мен блоггерлер қауымы ғана үлес қосып жатыр. Техникалық маман иелері, тіпті қарапайым автокөлік жөндеушісі де өз білгенін интернетке салып жатса, пайдасы молынан болар еді. Ал ол үшін интернетке қолжетімділік мәселесін шешіп алуымыз қажет. Себебі бүгінде қазақ тілінде түс көруге қабілеттілердің дені ауылда тұрады. Меніңше, интернет олардың түсіне де кіріп жүрген жоқ.
Аршат ОРАЗОВ, IT маманы, блоггер:
– Қазақтілді интернет ресурстардың саны артып келеді, бірақ мазмұн сапасы өсіп жатқан жоқ. Ең алдымен, интернетке берілетін мазмұн интернетке сай болуы керек. Мысалы, газеттегі материалдың интернет нұсқасында дәл көшірмесінің берілуі шарт емес. Интернет форматы бөлек, газет форматы бөлек. Соған лайықтап, ықшамдап, лид жазылып, басты жерлері ерекше белгіленіп, көмекші суреттермен безендіріліп берілуі қажет. Яғни интернет қолданушының қабылдауына сай болуы қажет. Одан кейінгі мәселе – ақпаратты жеткізу. Жақсы мақала шығуы мүмкін, бірақ оны оқитын адам саны аз болып шығады. Неге? Ақпарат жарнамаланбайды, жетпейді. Бұл тұрғыда әлеуметтік желілер арқылы тарату – ең тиімді жол. Осыны ескеріп жатқандар аз. Сондай-ақ әр мақала іздеу жүйелеріне тез ілігетіндей болуы керек. Бұл үшін ілмектер қосылуы шарт және іздеу жүйелерінің сайты оңай тарап шығуы үшін техникалық мүмкіндіктер қосылуы қажет. Қысқаша айтар болсақ, контент сапасына көңіл бөлінсе және ақпаратты жеткізу ісімен дұрыс айналысса, қазақтілді сайттар танымал бола түседі және дамиды. Осылайша, болашақта жақсы жарнама алаңына айналатын болады, бұл – сайт өз жұмысын ақтап, табыс әкеледі деген сөз.
Ардақ ҚҰЛТАЙ, Massaget.kz танымдық, ойын-сауық порталының контент-менеджері:
– Біздікі ұсыныс болсын. Ең бірінші, әрине, мемлекеттік деңгейде арнайы бюджет бөліп, бағдарлама жасау керек. Жас болсын, жасамыс болсын, әр аудиторияға сай жасалған порталдар қызмет етуі тиіс. Мұның ішінде сервистік қызмет ұсына отырып, мәдениет, әдебиет, саяси-әлеуметтік орта және жалпы жаңалықтарды сапалы түрде бере алатын мамандардың кадрын дайындау бар. Интернет журналистиканың қыр-сырын оқытатын арнайы мамандықтардың жоқтығынан сапалы журналист таппайсыз. «Ас ішерденің» әдетіне салып, өзге халықтардың үлгісін «ұрлаймыз». Интернет ресурстың тағы бір дамымай жатқандығын елдегі қағазбастылық дәстүрінің сақталуымен түсіндірсе әбден болады. Қазір интернет арқылы жеке құжат тіркей аласыз. Мұны біліп жатқан халық жоқ. Интернет – біз үшін шикізат. Оны өндіру үшін жаппай насихат жұмыстарын жасау керек.