Қазақстан түрмелерінде төтенше оқиғалардың жиілеп кетуі жүйенің қандай кемшілігін көрсетіп отыр?
Ирак ЕЛЕКЕЕВ, Мәжіліс депутаты:
– Түрмелерде төтенше оқиғалардың жиілеп кетуі жұмыссыздықтан болып отыр. Ал адамды тәрбиелеудің бірден-бір жолы, ол – жұмыспен қамтамасыз ету. Осы ретте шет мемлекеттердегі абақтылардың жұмысы қалай екендігін білу мақсатында Оңтүстік Кореяға барған болатынмын. Онда мемлекеттік қызметтегілерге, медицинаға керекті жабдықтардың барлығын түрмедегі азаматтар жасайды екен. Әйелдер колониясы болса, түрлі халаттар, киім-кешектер тігеді. Неге осындай тәсілді біз де қолданбасқа? Сондай-ақ біз үлкен мерзімге жазасын өтеуге үкім шығара беруді жиілетіп алдық. Бірден 17 немесе 20 жылға соттай береміз. Мәселен, бұрын бізде түрмелер камералық жүйедегі абақты және лагерьлік жүйедегі абақты болып екіге бөлінетін. Лагерьлікте – 30-40 адам тұрса, камералық жүйеде үш-төрт адамнан артық жатқызбайтын. Біз қазір камералық жүйені жоғалтып алдық. Ал 30-40 адам бірігіп жатқан жерде теріс әрекеттердің орын алатыны белгілі. Себебі онда неше түрлі мінездегі адамдар болады. Оның үстіне, бірнеше рет сотталғандар шектен шығатын әрекеттерді ұйымдастырады да, қалғандары оларға қосылады. Сондықтан бізге камералық жүйені қайтадан қолға алып, өркениетті елдердің тәсілдерін үйренуіміз қажет.
Кәрібай ТАСШАБАЕВ, заңгер:
– Біздің заңдарымыз солқылдақ. Біріншіден, түрме қызметкерлерінің ешқайсысы жауапқа тартылмайды. Тіпті ол жабық зона болғаннан кейін онда не болып жатқанынан көпшілік бейхабар. Қаншама жыл адвокаттық қызмет істеп, түрме қызметкерлерінің пара алғандары ғана болмаса, сотталғандарға жәбір көрсетіп жазаланғанын мен әлі көрген жоқпын. Түрмеде ешқандай тәртіп жоқ. Төтенше оқиғалардың барлығы тәртіпсіздіктен басталады. Егер түрме қызметкерлерінің өзі тыныш жүрсе, онда сотталғандар да тәртіпке бағынар еді. Бірақ олай болмай тұр. Кейбір түрме қызметкерлері жерде жүрген құдай секілді жазасын өтеушілерге күш көрсетеді. Ал оған наразылық ретінде сотталғандар өзіне қол жұмсап, тамырын немесе қарнын кесіп, бүлік шығарады. Мұның барлығы осындай түсініспеушіліктің салдарынан орын алуда. Бұл жерде бір-ақ мәселе бар. Ол – түрме қызметкерлерінің жалақысын көтеру.
Камал БҰРХАНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Жалпы, абақтыларда оқыс оқиғалардың жиі орын алуына ең басты себеп, жазаланғандарды еңбекпен қамтамасыз ете алмай отырғандығымыздан болып отыр. Егер оларға жұмыс тауып берсек, түрмелерде қаржы табуға жағдай жасасақ, мұндай келеңсіздіктер біршама азаяр еді. Оның үстіне, бұрын қазақ хандығында түрме деген болмаған. Ол кезде қылмыстық әрекет жасағандар жәбірленушіге өте ірі көлемде құн төлейтін. Осыны неге қолданбасқа? Жеңіл-желпі қылмыс жасағандардың барлығын түрмеге тоғыта бергенмен, ол жақтан олар түзеліп шықпайды. Қайта бұрын сотты болғандардан неше түрлі жымысқы әрекеттерді үйреніп, одан сайын қылмысқа баруы мүмкін. Тіпті болмағанда, ол жақтан адамдар ауру тауып шығады. Сондықтан бізге ата-баба дәстүрін қолға алу қажет-ақ. Келтірген шығынның құнын төлету екі жаққа да тиімді болады. Бір жағынан, бұл зардап шеккендерге моральдық, материалдық көмек болса, екінші жағынан жәбір көрсеткен адам соншама шығындалғаннан кейін ендігіде оны қайталамауға тырысады әрі шығынды өтеу үшін жатпай-тұрмай жұмыс істейтін болады.