Камал Бұрханов, Мәжіліс депутаты:
– Бұл бастама дәл қазір қолдау таба қояды деп ойламаймын. Сол аймақтың жергілікті тұрғындары қарсылық білдіруі, Үкімет самарқаулық танытуы мүмкін. Бірақ жеке пікірім, Петропавл атауын ауыстыратын уақыт жетті. Оның үстіне ғалымдар мен деректанушылар Қызылжардың тарихи атау екенін нақты дәлелдеп қойды. Меніңше, бұл шешімді Мемлекет басшысы да қолдар еді. Себебі ол кісі БАҚ бетіндегі бір сөзінде «Ленинград, Сталинград секілді қалалар атауын өзгертіп жатқанда, бізге неге болмайды?» деген сияқты пікір айтқан болатын. Ал жергілікті тұрғындардың тарапынан қарсылық білдіріп жатқандар болса, бұл да – қалыпты құбылыс. Дегенмен халқымыздың басым көпшілігі қала атауының өзгергенін қолдайтынына мен бек сенімдімін.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, филология ғылымының докторы, профессор:
– Бұл – уақыты әбден пісіп жеткен бастама. Біріншіден, бұл – қоғамдық сұраныс. Қазақстан тұрғындарының, зиялы қауым өкілдерінің, тіпті мемлекет басшылығында жүрген адамдардың да басым көпшілігі бұл бастаманы қолдайды. Петропавл қаласына тарихи атауын алып беру керек. Мұндай қадам жасауға тарихи негіз бар. Қызылжар деген атау сол аймақтың жер бедеріне, топырағының, жартастарының түсіне байланысты пайда болған. Петропавлдың бұрынғы атауы Қызылжар болғанын көптеген деректер дәлелдейді. Мәселен, Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде, атақты ақын-жыраулардың өлеңдерінде, фольклорлық мұраларымызда көрініс тапқан. Тіпті өзімізді былай қойғанда, Ресейдің де жазба деректері осы өңірге қатысты Қызылжар атауы қолданылғанын дәлелдейді. Сондықтан біз тарихи әділеттілік орнатуымыз керек. Ал тарихи әділеттілік дегеніміз жергілікті тұрғындардың ұлттық құрамымен есептелмейді.
Сейіт Кенжеахметов, этнограф-ғалым:
– Петропавлға бұрынғы тарихи Қызылжар атауын қайтару туралы бір топ депутаттың көтерген бастамасы өте дұрыс деп есептеймін. Бұл бұрыннан көтеріліп келе жатқан, мезгілі жеткен мәселе ғой. Петропавлдың тарихын Петр мен Павелдің есімімен байланыстырып жүргенмен оның бұрнағы атауы тұғырын табуы тиіс. Оның үстіне Қызылжар – үлкен жердің, облыстың орталығы, қазақтың мәдениетінің ошағы, ұлттың беткеұстар қайраткерлерін туғызған құтты мекен. Сондықтан Қызылжар атауын қайтару тарих үшін, адам үшін, елдік үшін, ұлт үшін, болашақ үшін де барлық тұрғыдан сәйкесін тауып отырған мәселе. Оны жай қозғап қана қоймай, Қызылжар атауын түпкілікті қайтару керек. Баяғыда Павлодарда басқа ұлттар Сәтбаевтың атын бермей қанша жыл күтіп жүрдік. Сол сияқты олардың қарсылығы болуы мүмкін. Бірақ тарих бәрін өз орнына қояды. Жергілікті ағайындар ауызекі тілде Петропавлды Қызылжар деп атап жүр. Осындай заңды бастаманы Елбасы да қолдайды деп ойлаймын.
Петропавл атауын Қызылжар деп өзгерту туралы бастама қолдау табады деп ойлайсыз ба?
Читайте также
Қаржыны талан-таражға салған топ-менеджерлерді тыюдың механизмдері бар ма?
Білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуге не бөгет?
Орта мектептерді заман талабына сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
Су тасқыны қауіп төндіріп отырған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек пе?
Қазақ сатирасын неге дамыта алмай отырмыз?
Ұлттық архитектура неге дамымай отыр?
Последние статьи автора