Өнертабысты өндіріске енгізудің қандай жолдарын ұсынасыз?
Амалбек ТШАНОВ, қоғам қайраткері:
– Бұрын ғылыми жаңалықтардың бәрін есепке алып, сараптап отыратын арнайы мекемелер болатын. Бұл саладағы жағдайдың қазір қалай екенін білмеймін, бірақ сондай іріктеп, сұрыптаушы ұйымдар болуы тиіс деп ойлаймын. Егер жаңалықтың ғылыми тиімділігі, өндіріске тигізер пайдасы анықталып жатса, әлбетте, оны қолданысқа енгізу керек. Мұны жасайтын, ең біріншіден, сол өндіріс орнының өзі. Мен кезінде талай жыл зауытта директор болып жұмыс істегенмін. Жұмысты ілгерілететіндей жаңашыл әдіс-тәсілдер мен өнертапқыштық нәрселердің барлығын өзіміз-ақ жүзеге асырып жататынбыз. Өнертапқыштардың табысын айналымға енгізу деген – бүгінде назарда ұсталатын, өте маңызды жайт.
Ғарифолла ЕСІМ, Парламент Сенатының депутаты:
– Өнертабысты өндіріске енгізу үшін, меніңше, нақты бір жүйе болуы шарт. Ең біріншіден, өнертапқыштардың ойлап тапқан нәрселерінің тиімділігін анықтау қажет. Сондай-ақ оның басқа елдерде жасалған-жасалмағанын, пайда әкелген-әкелмегенін білу керек. Маңызды деп тапқан жағдайда оны қолданысқа енгізу шығындарын мемлекет өз мойнына алуы тиіс.
Жеке өнертапқыштардың жасап жатқан істері еліміздің инновациялық-индустриялық бағдарламаларын жүзеге асыру тұрғысынан алғанда өте маңызды болып табылады. Сондықтан «Самұрық-Қазына» тарапынан ба, арнайы қор есебінен бе, өнертабысты өндіріске енгізуге байланысты нақты жобалар ойластырылғаны абзал. Мұндай шаралар ішінара қолға алынып та жатыр. Бірақ соған жүйе, қарқын, сосын нәтиже керек. Сонда өнертапқыштардың қатары да жылдан-жылға арта түсер еді. Өнертапқыштық дегеніміздің өзі – кәсіп. Ал кәсіп дегенің – нарық. Мемлекетіміздің оған көмектесетіндей мүмкіндіктері бар. Тек соны пайдалана білген жөн.
Оразалы СӘБДЕН, экономика ғылымының докторы:
– Шындығын айтқанда, қазір бізде әр 100 кәсіпорынның бесеуі ғана инновациямен айналысады. Бұл өте аз. Шетелде бұл 60-70 пайыз мөлшерін қамтиды. Сондықтан өнертапқыштарды қатты қолдау қажет және солардың арасына дәнекер фирмалар ашу керек. Олар сол өнертабысты тікелей өндіріске енгізетін фирмалар болуы тиіс. Ал мұны мемлекет қолдауынсыз жүзеге асыру қиын. Содан кейін кіші инновациялық кәсіпорындар құру керек. Ол үшін заң қабылдап, оларға түрлі жеңілдіктер жасау, несие беру мәселелерін жан-жақты ойластырып шешу қажет. Сонда ғана кіші инновациялық кәсіпорындар дамиды және өнертапқыштардың жобасын іске асырады. Бұлай істемейінше, өнертабыстың қай-қайсысы болса да, тек тәжірибе жүзінде қалып қояды. Өкінішке қарай, бізде мұндай кіші кәсіпорын да, соны ашу керек, қалыптастыру керек деп ойлап жатқан ешкім жоқ. Алысқа бармай-ақ Ресейдің тәжірибесіне қарасақ, мұның бәрі оларда бар, заңдық тұрғыда да реттелген. Егер өнертапқыштарымызды қолдаймыз, өндірісті дамытамыз десек, бізге де осы мәселелерді шешу керек.