Марат СӘРСЕНБАЕВ, заң ғылымының докторы, профессор:
– Негізі, ішкі миграцияда дабыл қағатындай проблема онша жоқ дер едім. Ал сыртқы миграция бойынша айтсақ, шешімін күткен түйінді түйткілдер, шынымен де, алаңдаушылық туғызуда. Жұмыс іздеп келіп жатқан жақын шетел азаматтарын ішке кіргізерде бос тұрған орындарды ескерген жөн. Өзіміз зәру болып отырған мамандық иелерін ғана қабылдасақ. Әйтпесе қолында рұқсаты бар екен деп бәрін бірдей қабылдап жатқанымыз. Есіктен пара беріп өтіп, төрімізде тайраңдап жүргендер аз емес. Бұрындары көші-қон департаменті Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне қараған-ды. Қазір – ІІМ-нің құзырында. Менің ойымша, миграциялық заңбұзушылықтармен аталған сала айналысса да, көші-қонды қайта Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне қайтарған жөн. Өйткені сыртқы миграция, негізінен, еңбекпен байланысты. Тағы бір айта кетерлігі, негізі, біздің елдің көші-қон заңының олқы тұсы жоқ. Уақыт талабына сай толықтырулар мен өзгерістер де енгізілген. Алайда сол заңды бұзып жатады. Егер заңға бағынып, тек соны басшылыққа алатын болсақ, дәл бүгінгідей жағдайға тап болмас едік.
Берік БЕКЖАНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Әрбір шетел азаматының Қазақстанға кіргеннен бастап іште жүруі, миграция талабын заңды сақтауы, оның елден шығарылуы – бір күндік мәселе емес. Қоғам қажеттілігіне қарай тиісті, тиімді өзгерістер болып жатыр. Мәселен, Қазақстан Республикасының Президенті — Елбасы Н.Назарбаевтың құқық қорғау органдары мен сот жүйесін реформалау жөніндегі Жарлығына сәйкес, аталған салаларда, соның ішінде ІІМ-де ірі өзгерістер болды. Атап айтсам, көші-қонмен бұдан былай тек бір ғана орган айналысады. Көші-қонды толықтай ҚР ІІМ құзырына өткізіп, дұрыс қадам жасадық деп ойлаймын. Механизмге келсек, менің ойымша, көші-қон заңын бұзғандардың ісін қарайтын әкімшілік соттарды аудандық жерлерде де құрса деймін. Ал қазір өздеріңіз білесіздер, мұндай соттар – тек облыс орталықтарында. Бұл бір жағы қосымша материалдық шығын болса, екінші жағы процессуалдық нормалар бұзылады. Бұдан басқа дәл қазір қандай да бір механизм енгізудің қажеттілігін көріп отырғаным жоқ.
Төлеужан ЖҮНДІБАЕВ, Алматы облысы ІІД-ның Көші-қон полициясы басқармасының аға инспекторы:
– Шекара қызметі мигранттардың Қазақстанның қай қаласына, қай ауданына тоқталғандары туралы мәлімет бермейді. Әрине, бұл заңды. Кімнің нақты қай жерге уақытша орналасқандығын білмегендіктен, біз оларды бақылауға ала алмаймыз. Бұл көші-қон полициясына үлкен проблемалар туындатып жатады. Тағы бір айтпағым, оралмандардың қашан көрсең «квота алып алмайынша құжаттарымды азаматтық алуға бермей тұра тұрыңдаршы» деп жалынып жүргендері. Өйткені азаматтық алып алғаннан кейін квота алу мәселесі қиындап кететін көрінеді. Сондай-ақ, Өзбекстан, Қырғызстан азаматтарына бізде визалық режим қарастырылмаған. Қазақстан аумағына келгендегі себебі тек көші-қон карточкасында ғана көрсетілген. Ал бұл азаматтар заң бұзса, оларды Қазақстан аумағынан шығаруда үлкен кедергілерге тап боламыз. Сот виза болмаса, істі қарамайды. Мынаны да айтпай кету мүмкін емес, егер заң бұзғандарды сот алдында жауапқа тартқызайық десек, кейбіреулері тіл білмейтіндігін алға тартады. Түнеу күні бір ауданның соты әуелі бізге «істі өзбек тілінде жүргізіңдер» деп салды. Өйткені заң бұзған Өзбекстан азаматы болатын. Қысқасы, осы мәселені де дұрыс жолға қоюды қолға алмаса болмайды.
Миграция мәселесін реттеудің қандай тың механизмдерін ұсынар едіңіз?
Читайте также
Қаржыны талан-таражға салған топ-менеджерлерді тыюдың механизмдері бар ма?
Білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуге не бөгет?
Орта мектептерді заман талабына сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
Су тасқыны қауіп төндіріп отырған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек пе?
Қазақ сатирасын неге дамыта алмай отырмыз?
Ұлттық архитектура неге дамымай отыр?
Последние статьи автора