Мемлекеттік мекемелер сайтын жандандырудың қандай тетіктері бар?
Серікқазы КӘКІБАЛАНОВ, «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігінің бас директоры:
– Мемлекеттік мекемелердің сайттары негізінен екі немесе үш тілді болып келеді. Бірақ көбіне, басты бет орыс тілінде жасалады. Сондықтан сайттың басты беті жаңартылады да, қазақшасына назар аударылмай қалады. Егер сайттың басты беті қазақ тілінде болуы керек деген міндеттеу болса, мемлекеттік мекемелердің масқарасы шыққан болар еді. Өйткені дәл қазіргі уақытта сайттардың қазақшасынан нақты мәліметтер алу мүмкін емес. Екінші мәселе – мемлекеттік мекемелерде қазақ тілін білмейтін, қазақша ойлай алмайтын IT-мамандар жұмыс істейді. Мұндайлар қазақша сайттарға бас қатырмайды. Сайтты қазақша ойлай алатын адам жасайтын болса, ол өзі-ақ сайттың дұрыс жасалуына мән беріп, басшылыққа ұсыныстар жасар еді. Мемлекеттік мекемелер «қазақ IT-мамандар жоқ деп» сылтауратады. Шындығында, қазақ тілін де білетін, IT-технологияны да игерген мықты мамандар бар. Жоқ десе, бізге хабарлассын, тауып береміз.
Аршат ОРАЗОВ, сайт жасаушы IT-маман:
– Мемлекеттік мекемелердің қазақша сайттары еріксізден күштеп жасалады. Алдымен орысшасы жасалған сайттың қазақша аудармасы сауатсыз болып келеді. Сайттың қазақша нұсқасы әншейін «бар» деп түртіп қою үшін керек. Көбіне сайттардағы жаңалықтарды, материалдарды аударуға ерінгендіктен немесе аудармашы мамандар тартылмағандықтан, қазақша сайттар бос тұрады. Яғни мемлекеттік мекемелерде қазақ сайттарына деген немқұрайдылық басым. Бізде «IT саласында тек орыстар мықты» деген түсінік қалыптасқан, қазақтілді мамандарға сенімсіздікпен қарайды. «Қазақ бала бала емес, орыс бала – молодец» деген сөз осындайда айтылса керек. Егер мемлекеттік мекемелер қазақ IT-мамандарын жұмысқа тартуға мүдделі болса, оларға жағдай жасаса, қазақша сайттарымыз жақсы жұмыс істеген болар еді. Сонымен қатар, қазақша сайттардың жұмысын, ондағы материалдардың, аударманың сапасын бақылап, қадағалап отыратын арнайы орталық болуы керек деп ойлаймын.
Қуаныш ЖАНҰЗАҚОВ, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы саяси партиялармен, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жасау бөлімінің бастығы:
– Бүгінгі таңда электрондық үкімет технологиясы бүкіл әлемде, сонымен қатар біздің елімізде де кеңінен қолданылуда. Сайттарды қолданушыларды тек ондағы соңғы жаңалықтар ғана қызықтырмайды, сонымен бірге мемлекеттік қызмет туралы шынайы және маңызды ақпараттарға, нормативтік-құқықтық құжаттарға, баяндамаларға, сараптамалық-талдау мақалаларға көп көңіл бөлінеді және де мемлекеттік құрылымдардың өкілдеріне сұрақ қою, оған жедел түрде жауап алу мүмкіншілігі де қызықтырады. Әр адамның мемлекеттік мекеме сайттарынан өзіне қажетті мәліметтерді таба білу мүмкіншілігі болуы керек. Бұл тек мемлекеттік органдар өз сайттарын жасау кезінде «тұтынушыға бағдарлау» қағидатын сақтағанда ғана жүзеге асады. Егер сайттың ақпаратын күнделікті жаңартып отырмаса, мемлекеттік органның жұмысына деген халықтың сенімін, қызығушылығын жоғалтып алуға болады. Сайттың танымалдығы мен рейтингі тұтынушылардың сайт жұмысына деген көзқарастарымен, яғни бұл сайттарды жиі қолдануымен, мемлекеттік органдардың мамандарына азаматтардың арыз-өтініштерінің санымен анықталады. Ең маңыздысы, сайттар мемлекеттік тілде сауатты болғаны жөн.