Егіс алқаптарын зиянкестерден қорғаудың алдын алу шаралары жеткілікті дәрежеде қолға алынып отыр ма?
Болатхан МАХАТОВ, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор:
– Бұрын егіс алқаптарын зиянкестерден қорғаудың алдын алу шаралары жүйелі түрде жасалып тұратын. Біз қазір сол жүйелі жүргізілетін жұмыстардан айырылып қалдық. Біріншіден, бұрын аудан, облыс, көлемінде егістікті зиянкестерден тазалап, алдын алудың карантиндік арнайы қызметтік мекемелері болатын. Бүгінде олардың ізі де жоқ. Ондай мекемелер қазір республика көлемінде ғана жұмыс істейді. Ал бұл жеткіліксіз. Екіншіден, бұл жұмыстар бұрын орталықтандырылып жүйелі түрде жоспармен істелетін. Бүгінгі күні мұндай орталықтандырылған іс-шаралардың жүргізілуі кенжелеп қалды. Әр шаруа қожалығы әлінің келгенінше жұмыс істеп жатыр. Мұның бәрі алдын алу жұмыстарына әсер етпей қоймайды. Тағы бір атап айта кетерлік жайт, егіс алқаптарын зиянкестерден қорғау мақсатында қолданатын дәрі-дәрмектердің бәрі бүгінде сырттан келеді. Шыны керек, кейбір кездері олардың сапасы талапқа сай болмай шығады. Бұл да болса зиянкестерге қарсы жұмысты ақсатады. Сондай-ақ Кеңес Одағы кезінде химавиация деген болатын. Олардың міндеті алқаптарды зиянкестерден тазартып, зиянды шөптердің өсуіне жол бермей дер кезінде алдын алу жұмыстарын жүргізіп отыру болатын. Ал бүгінде авиацияның мұндай түрі де құрдымға кетті. Мұндай жұмыстардың барлығының аяқ астынан тыйылып қалуы зиянкестердің алдын алуға бағытталған іс-шаралардың талапқа сай болмай шығуына әкеліп соқтыруда.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Негізі, егіс алқаптарында шегіртке секілді зиянкестердің қаптап кетуі ауа райына да байланысты. Дегенмен қазіргі таңда көктемгі мезгілде егістікті алдын ала дайындап, өңдеп алу жұмыстары бұрынғыға қарағанда ақсап қалды. Бұрын жер дер кезінде өңделіп, егісті қоректендіретін тыңайтқыштар себіліп, алдын ала гербицид секілді дәрі-дәрмектер себілетін. Соған сай ол кездері шегіртке секілді зиянкестерді көп ести де бермейтінбіз. Ал қазір жермен кім көрінген айналысып кетті. Шағын шаруа қожалықтары жерді баптаудың мұндай тәсілдеріне көп мән бере бермейді. Олар дәнді сеуіп, өнім алуды ғана біледі. Артық шығын шығармай, мол өнім алғысы келеді. Бірақ бұлай болмайды ғой. Жермен жердің бабын білетін өз маманының айналыспауы да зиянкестердің көбеюіне әсер етті дей аламын. Жалпы, жермен жүйелі жұмыс істеу механизмінің бұзылуы зиянкестердің көбеюіне әкеліп соғып отыр.
Абзал ЕРАЛИЕВ, Қызылорда облыстық күрішшілер одағының төрағасы:
– Бізде күріште зиянкестерге қатысты мәселе жоқ. Көбінесе шегіртке секілді зиянкестер бидайдың жауы болып келеді. Егер тұрақты түрде егіс алқаптарын зиянкестерден қорғаудың алдын алу шараларын жүргізетін болса, ол міндетті түрде нәтиже берер еді. Алайда бүгінгі күні мұндай жұмыстар сирек жүргізілетіні рас. Өйткені шаруаларда зиянкестерден қорғайтын дәрі-дәрмек, техникалық құралдар жеткілікті бола бермейді. Егер қолдарында «бес қаруы сай болса» олар өздері үшін алдын алу жұмыстарын жүргізетін еді. Өйткені зиянкестердің салдарынан оларға аз шығын келмейтіні ақиқат. Сондықтан шаруаларға көктемгі мезгілде егісті өңдеуге көмек керек.