Бүлдіршіндер арасындағы сән байқауларында сәбилердің жалаңаштануына тыйым салу керек пе?
Жанар ШӘМЕЛ, «Балапан» телеарнасының жетекшісі:
– Шетелдің бір арнасында балаларға арналған байқау бар. Онда шомылуға киетін киімді бесіктен белі шықпаған балаға дейін кигізіп, бет-аузын бояп, шашын бұйралап қояды. Қорқынышты жайт. Бәрі жараса кететін сол шетелдіктерге де ерсі нәрсе. Себебі басты кейіпкер – бала. Ал біз бала тәрбиесіне қатты көңіл бөлген халықпыз. Үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайтын болсақ, бұл – ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан тәрбиеміздің арқасы. Ал сол тәрбиенің бәрін бала сол бала кезінде сіңіретінін ескерсек, әлі қалыптасып үлгермеген таным-санасына оның табиғи өсіп-дамуын жылдамдататын үлкендердің іс-әрекетін, Батыстың түрлі дүниесін таңуымыз дұрыс емес. Біз ересек жастардың өзіне этика, эстетикаға, жасына сай жарасымды киінгені жөн деп жатқанда, балаларды жартылай жалаңаштап жарыстырғанымыз – ұят. Жалпы, қыз сыны немесе балалар арасындағы байқаулар олардың жасына, танымына қарай, ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып ұйымдастырылғаны жөн деп ойлаймын.
Әбдіуәли МӘМЕДІЛ, психолог:
– Психопатологияда жалаңаштануды жақсы көретін құмарлар және оны көрсеткісі келіп тұратындар бар. Көргісі келіп тұратын визуалистер жас балалардың тәнін көрсеткен киноларды, суреттерді көрумен құмарын қандырып, ләззат алып қана қойып, ешқандай зиян келтірмейді. Ал екінші топ тәнді көрсеткісі келіп тұратындар кішкентай балаларды ішкиіммен сән тұғырына, сахнаға шығарып жүрген ұйымдастырушылардың арасында болуы мүмкін. Сәбилердің жетістігіне мақтау айтып, қошемет білдірсек, олар сол іске ынталана түседі. Болашақта да ешқандай еңбек етпей, тәнін көрсететін, сәнді киім үлгісін көрсететін салаға кетеді. Шындығында, сол сән саласындағылардың басым бөлігі – осындай патологияға ұшырағандар. Бұрын ата-бабаларымыз баланы алдымен киіндіріп, көз тимесін, ұшықтанбасын деп, үкі таққан. Ал сән байқауын ұйымдастырушылар барлығын керісінше істеп отыр.
Қымбат ӘБІЛДӘҚЫЗЫ, «Айгөлек» балалар журналының бас редакторы:
– «Баланы – жастан...» деп қазақ тегін айтпаған. Кішкентай кезінде етегін, кіндігін, төсін ашып сахнаға шыққанға қол соқса, соны жөн көреді. Ер адамдар, әжелер отырса да, баланың жалаңаштанып шыққаны үшін балаға қол соқпай қоймайды. Балажан қазақ өнерімен шыққан балаға кінә артпайды. Періште көңіл бала мұны киіміме де, өнеріме де соғылған шапалақ деп ойлайды. Баланың көңілі – ең патша көңіл. Ол соны киіндіріп отырған анасының да, шығарып отырған ұйымның да сынына құлақ ілмей, өзін кіші жұлдыз санап алады. Телевизиялық шоу, сахнаға шығатын концерттік бағдарламаның барлығы ақшаға келіп тіреледі. Сахнаға шыққан баладан міндетті түрде ақша алады. Балалардың жанашыры болғандықтан, біздің журналға, «балалы үйдің ұрлығы жатпас» дегендей, «ақшам болмаған соң, мені тіпті аудандық байқауға да қатыстырмады, дауысы жоқ, ақшасы көпті алып кетті» деп балалар шындықтарын жазып жатады. Сондықтан ұйымдастырушылардан, ата-аналардан ұлттық құндылықтарды ұмытпауын өтінген болар едік. Біз қыз балаға «етегің, кіндігің, омырауың ашылып қалмасын, қазақ ешқашан ұятты жерін көрсетпеген» дегенді үйретуіміз керек.