Есенжол Алияров, Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының президенті:
– ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңында жақын туыстардың мемлекеттік қызметті бірлесе атқаруына тыйым салынған. Бірақ іс жүзінде сол заң орындалып жатыр деп айта алмаймыз. Туыстық пен таныстықты былай қойғанда, жақын туыстардың өзі бір-бірін жұмысқа алып жатады. Жалпы, меніңше, тек бюджеттік, мемлекеттік мекемелердің ішкі жағдайын ғана емес, сол мекемелердің коммерциялық мекемелермен келісімдер орнатуындағы туыстық факторын да қатаң қадағалау керек. Мәселен, бір мемлекеттік мекеме тендер таратады, мемлекеттік тапсырыс жасайды, бірақ соны әлгі мекеменің басшысының туыстарының атынан ашылған мекеме ұтып алады. Бұл да жемқорлық қой.
Берік Бекжанов, ОҚО бойынша мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы:
– Бұл проблема қазір біздің елімізде жаппай көрініс беріп жатқан аса өзекті проблема деп айта алмаймын. Әрине, ішінара оқиғалар кездесіп жатқан шығар. Оның үстіне, қазір, мемлекеттік қызмет бағытында көптеген реформалар жүріп жатыр. Сол реформаларға сәйкес, қызметке конкурстық жүйеде қабылдау мәселесі күшейтіліп, жолға қойылуда. Бұл тек қызметтік тағайындаулардағы туыстық қатынастың көрініс беруін ғана емес, командалық ауысым қағидасына да шектеу қояды деген үміт бар. Яғни қызметтен қызметке ауысу және қабылдану мәселесі толық мемлекеттік бақылауда болады. Қысқасы, көп ұзамай жаңағы айтылғандай олқылықтар жойылу керек.
Талғат Исмағамбетов, саясаттанушы:
– Ол үшін алдымен заңнамалық мәселелерді реттеу қажет. Біздегі заң бойынша мекеме басшысы өзіне бағынышты адам ретінде жақын туыстарын ғана, яғни әйелін, баласын, әпке-қарындасын, анасы мен әкесін жұмысқа ала алмайды. Ал жанама туыстарын жұмысқа алуына кедергі жоқ. Меніңше, осы мәселені толықтыру керек. «Жақын туыстарын» деп шектелмей, жалпы туыстарын, оның ішінде, мәселен, әйелінің ағайындарын, оның ата-анасын өз қарамағына қабылдай алмайтындай талап енгізу қажет. Себебі бұл да –жемқорлықтың бір түрі. Өйткені мекеме басшысы туысын жұмысқа алу барысында оның біліктілігіне назар аудармайды. Екіншіден, ол жұмыс өнімділігіне де кері әсерін тигізеді. Әдетте басшының туыстары жұмысқа қалай болса, солай келіп, еркін жүретінін көп байқайсыз. Бұған жол беруге болмайды. Кеңестік кезеңде мұны қатты қадағалайтын. Мүлде жол берілмейтін деп айтсақ та болады. Мәселен, ағайынды милицияның бірі бөлімшенің бастығы болып кетсе, екіншісі қызметін басқа салаға ауыстырады немесе басқа ауданға барып қызметін жалғастырады. Қазір кез келген заңды айналып өтудің жолын тауып алады. Меніңше, өз қарамағына ғана емес, бір мекеменің ішінде деңгейлес қызметте отыруға да рұқсат берудің қажеті жоқ. Ондай маманды басқа мекемеге, басқа аймаққа жіберген дұрыс.