Аз мөлшерде есірткі сақтағандарға жауапкершілікті жұмсарту есірткі таратушыларға жол ашып жүрмей ме?
Ирак ЕЛЕКЕЕВ, Мәжіліс депутаты:
— Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, Еуропаның кейбір мемлекеттері есірткі пайдаланушыларға есірткінің белгілі бір мөлшерін өзінің пайдалануы үшін, оны сақтауға рұқсат берген. Егер олар 5-10 миллиграмнан артық есірткі ұстамайтын болса, қылмыстық жазаға тартылмайды. Себебі есірткіге тәуелділікті емдеу өте қиын. Оған ұзақ уақыт керек. Ал бізде өзі үшін кішкентай есірткі ұстаса да, оған қылмыстық жаза қолданамыз. Бұл дегеніңіз, есірткіге тәуелді сырқат адамдарға қатысты кемсітушілік болып қалмай ма? Сондықтан біз де есірткі сақтаудың мөлшерін белгілеуіміз керек. Бұл – есірткімен байланысты қылмыстарға қатысты жауапкершілікті немесе осы саладағы заңнаманы мүлдем алып тастау керек деген сөз емес, қазіргі заңнамадағы мұндай әрекет үшін болатын жауапкершілікті жан-жақты талдау қажет. Есірткіні таратушылар көбіне балалар мен әйелдерді пайдалануда. Оларды абақтыға тоғытқанмен мәселе шешілмейді. Ал оның артында тұрған наркобарондар қайда? Сондықтан әйел, бала-шағамен емес, оның артында тұрғандармен күрес жүргізуіміз керек.
Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымының докторы:
– Есірткіні аз не көп деп қарауға болмайды. Кейбір есірткілердің грамм-миллиграмының өзі өте қымбат болып, адамға үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан есірткіге тәуелділікті жою үшін, керісінше, жазаны күшейту қажет. Кейбір елдерде, әсіресе мұсылман елдерінде есірткіге байланысты ату жазасы бар. Өйткені ол – кесел, оны бір пайдаланған адам үнемі соны іздеп тұрады. Оны емдеп-жазу өте қиын. Кейбір дәрігерлер «жазамыз, емдейміз» деп жатады, бірақ оның барлығы сөз жүзінде ғана. Ал нақты есірткіге тәуелділіктен толық емделіп шыққандарды мен көрген жоқпын. Сондықтан ол аз ба, көп пе, оған қарамау керек. Егер есірткінің аз мөлшерін пайдалануға болады деп заңға өзгерістер енгізсек, онда есірткіге қарсы жауапкершілікті де мүлдем алып тастай салу керек. Себебі қазірдің өзінде тиісті органдар мұнымен күресуге дәрменсіздік танытып отыр. Ал ертеңгі күні оларға жол ашып берсек, онда Қазақстан есірткінің отанына айналып кетпей ме? Бұған қатысты заңды жұмсартамыз деу елімізді қылмысты қоғамға айналдырып жіберудің бір жолы деп түсінемін.
Камал БҰРХАНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Бұл – өте қиын әрі күрделі мәселе. Қазір елімізде 50 мыңнан астам адам есірткіге тәуелді болып қалған. Оларға дәрі-дәрмектерін уақытында беріп тұрмасаң, қиналып, ойына келген қылмысты жасауы мүмкін. Ал мәселеге екінші жағынан келсек, қазір есірткі таратушылар көбейіп барады. Сондықтан мұны кешенді түрде жан-жақты зерттеп, дұрыс шешімге келуіміз керек. Өйткені бұған әр мемлекет әртүрлі заң белгілеп қойған. Мәселен, Иран секілді шығыс мемлекеттері есірткімен ұсталғандарды бірден ату жазасына кеседі. Сен кімсің, қай мемлекеттің азаматысың, оған қарамайды. Есірткі алып келдің бе, атып тастайды. Ал кейбір Еуропа елдерінде есірткіні белгілі бір мөлшерде алып жүруге, қолдануға рұқсат берілген. Міне, бұған қатысты әлемде қалыптасқан бір жүйе жоқ. Сондықтан мұны жан-жақты зерттеп, пилоттық жоба ретінде талқылауға салу керек. Бірақ мен өз басым есірткіні қолдануға да, таратуға да қарсымын. Себебі бұған тәуелді болған адам тірі өлік болып қалады. Бұл – болашақ ұрпағымызға қауіпті, тіпті геніміздің жоғалып кетуіне әкеп соғатын ауыр індет.