Гүлшат Нұрымбетова, Мемлекет тарихы институты, Еуразиялық және салыстырмалы саяси зерттеулер бөлімінің бастығы:
– Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы заңды қабылдайтын уақыт жетті. Бұл мәселе бізде бірінші рет қозғалып отырған жоқ. Себебі ақпараттық қауіпсіздік – ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі. Ол ел егемендігінің, мемлекет территориясының тұтастығына, конституциялық құрылымның нығаюына, саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылыққа, заңдылық пен құқықтық тәртіптің сөзсіз қамтамасыз етілуіне ықпал етеді. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы заң қабылданса, онда адамның, азаматтың конституциялық құқықта белгіленген ақпаратқа қол жеткізуіне шектеу қойылады деген біржақты пікір болмауы тиіс. Заң ақпараттық кеңістіктегі қарым-қатынасты реттеу, ұлттық қауіпсіздікті қорғау үшін қажет.
Есенжол Алияров, саяси ғылымдар докторы:
– Бұрындары ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, ең алдымен, мемлекеттік шекараларды бекітіп алу туралы ойланатынбыз. Біз ғана емес, жалпы, бүкіл әлем солай тұжырымдаған. Алайда ғаламтор адамзат баласының кейбір концепцияларын өзгертті. Қазір мемлекеттік шекарасы мығым елдердің өзі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қолға алып жатыр. Өйткені әлемде болып жатқан соңғы оқиғалардың барлығы ғаламтордың пәрменімен жүзеге асып отырғаны туралы айтылып жатыр. Демек, бүгінде ел тыныштығы, тіпті аймақ қауіпсіздігі үшін ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заң қабылдау қажет. Жуырда бірнеше экстремистік пиғылдағы интернет сайттары мен порталдар жабылды. Бұл – өте құптарлық бастама. Ең нәзік саланың бірі ақпараттық қауіпсіздікке басымдық беруіміз керек. Бірақ аталған заң баспасөздегі сөз бостандығына зиян келтірмеуі керек. Яғни әбден зерттеліп, саралануы шарт.
Динара Ақболат, саяси ғылымдар кандидаты:
– Әрине, жаһандану заманында кез келген мемлекеттің ішкі ақпараттық жүйесін қорғайтын арнайы заң қажет. Бұл заң мемлекеттің ақпараттық кеңістігін сыртқы ақпараттық қауіп-қатерлерден қорғалуын қамтамасыз етеді. Мысалы, араб елдеріндегі соңғы қарулы қақтығыстар мен саяси шиеленістердің басталуы интернет желілері арқылы ұйымдастырылғаны белгілі. Яғни сыртқы ақпарат ықпал еткенін көреміз. Сол сияқты ақпараттық қауіпсіздік туралы заңның маңыздылығы – тек сыртқы саяси қауіптерден қорғауды қамтамасыз етумен шектелмейді, мұнда қоғамның саяси тұрақтылығы мен дамуы да өзекті. Бүгінгі БАҚ-тың жала жабу, саяси ұпай жинау, сенсация қуу мақсатында тарататын жалған ақпаратынан да сақтану міндет. Себебі жалған мәліметтер қоғамның тұрақсыздығына, кез келген мемлекеттік әкімшілік-органның жұмысының қалыпты жұмыс істеуіне кері әсерін тигізеді.
Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы заң қабылдайтын кез жетті ме?
Читайте также
Қаржыны талан-таражға салған топ-менеджерлерді тыюдың механизмдері бар ма?
Білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізуге не бөгет?
Орта мектептерді заман талабына сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
Су тасқыны қауіп төндіріп отырған аймақтарда қазірден бастап төтенше жағдай жариялау керек пе?
Қазақ сатирасын неге дамыта алмай отырмыз?
Ұлттық архитектура неге дамымай отыр?
Последние статьи автора